Home Жаңалықтар Динара  Мәлік. Бұралаң жолдар бұралаң

Динара  Мәлік. Бұралаң жолдар бұралаң

37

Бұралаң жолдар бұралаң,
Ес жиып талай құлағам.
Өмірді қойшы өң мен түс,
Күйімді кім бар сұраған?!

Белгісіз мұңға түнегем,
Сенгісіз ғұмыр сүрер ем…
Тыйылмай жүрсе көз-жасым,
Бұйырмай жүр де бір өлең!

Үндемей жүріп сөйледім,
Күлімдеп тұрып күйредім.
Тағдыры бөлек о, тоба,
Жолыққан жалғыз сүйгенім…

Ашылса таңмен есігім,
Сыбырлап сүйдім есімін.
Түннен де тығам сол жанды,
Күннен де сұрап кешірім.

Ақ пенен қара арасын,
Аралап нені табасың?
Алладан түскен шыбын-жан,
Шырылдап қайда барасың?!

Тұтанбас қайта сөнген-шоқ,
Түңілгем ажал төнген жоқ.
Ойға да баттым тұңғиық,
ақылды болып көргем жоқ!

Қалжырап қалған қаладан,
Тұнжырап ауып бара ма ән…
Түнектен жырмен тіріліп,
Жүрек боп қайта жаралам!

Алдыңғы жазбаШарын шатқалы (ФОТО)
Келесі жазбаАлдағы дағдарыстың саяси бояуы басым