Алматыда 28 панфиловшылар атындағы парк бар. Онда 1941 жылы күзде Мәскеуді қорғаған панфиловшларға арналған «Даңқ» ескерткіш кешені тұр. Бұдан тыс бақты тікке кесіп өтетін жолдың бойында 28 батырдың аты ойылып жазылған бағана тастар орнатылған. Мұның бәрін кешегі Кеңес заманынан қалған мұра деуге болады. Сондықтан бұл ескерткіштер тәуелсіз Қазақстан үшін, бостан елде өмір сүріп жатқан халық үшін, келер ұрпақ үшін қаншалықты маңызды? Ойланатын дүние.
Кешегі қандықол кеңес елі қазаққа не берді? Ұлтымыздың үштен бірін, бір емес бірнеше рет қолдан ұйымдастырған аштықта қырды. Ұлттың бетке ұстар бүкіл зиялылары саяси қуған сүргінге ұшырады. Қамалды, айдалды, атылды. Одан қалса, әлем халқы «Екінші Дүниежүзілік соғыс», ал қызыл империя «Ұлы Отан соғысы, қасиетті соғыс» деп аталған қанды қасапта миллионға тарта қазақ жер құшты. Кім үшін? Неге, осы ескерткіштердің орнына сонау қазақ хандығынан бергі кезеңде «қара қазан, сар баланың қамы үшін, Ұлы дала, атамекен, жер үшін, егеулі найза қолға алған» жан беріп, жан алысқан, басын бәйгеге тіккен, сол жолда шейіт болған батырларымызға арналған ескерткіш кешен тұрмайды? Неге, Ресей елінің астанасын қорғаған 28 панфиловшылардың бағана тастарының орнына, елі мен жерін қорғаған сайыпқыран батырларымыздың тас мүсіндері тұрмайды? Тәуелсіз Қазақстанда барлық ұлтты ұйыстыратын ұлттық идеология жоқ деп жатамыз. Нағыз идеология осы емес пе? Өскелең ұрпақ қазақтың қарыс қадам жерін қорғаған батырларын біліп өсер еді ғой. Ал, келмеске кеткен кеңес елінен қалған ескерткіштер ұрпаққа не береді? Ештеңе. Егер «Даңқа» кешені Ресейге керек болса, көшіріп апарып, Мәскеудің төріне, не болмаса панфиловшылар соғысқан Волоколамск елдімекеніне қойсын. Біз қазір тәуелсіз елміз. Дамудың жаңа жолына түскен мемлекетпіз. Жүрер жолымыз да, жасар тірлігіміз де өз қолымызда. Бізге жаңарған, жаңғыртылған Қазақстан керек. Демек, қазақтың тамағына тұрып қалған сүйектей болған, алаш баласы үшін еш маңызы жоқ ескерткіш және кеңестік заманда мәжбүрлеп таңылған жер-су атауларынан құтылатын кез келді. Тіпті панфиловшылар бағының атауын, қажет болса, «Қазақ батырлары» паркі деп атаса да болады. Бұл менің жеке ойым. Қабылдау, қабылдамау өз еріктеріңізде.
Алып Арслан