Депутат Нартай Аралбайұлының айтуынша енді спорттағы легионерлерге мемлекеттік бюджеттен де, квази секторлардан да ақша төленбейтін болыпты. Әрине бұл өте жақсы жаңалық. Өйткені аттай қалап сырттан алып келген спортсмендердің Қазақстанның атын шығарып, көсегесін көгертіп жатқаны шамалы.
Мәселен, тәуелсіздік алғалы бері «Олимпиадаға қатысып Қазақстанның байрағын көкке көтереді» деп сырттан 64 легионер шақыртыппыз. Солардың не бәрі 15 ғана жүлделі орынға ие болып, сенімді ақтапты. Қалғандары ше? Демек, қалғандары ас ішіп, аяқ босатқандардың қатарына жатады. Оларға төленген қомақты қаржы желге ұшты деген сөз. Бос шығын, рәсу дүние. Сондай-ақ, футбол саласында да легионерлер қаптап жүр. Бірақ нәтиже жоқ. Өкінішті. Айтпақшы, соңғы алты жылда еліміздегі спорт саласына 1, 4 триллион тенге бөлініпті. Алапат ақша. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, бұл мұқым Орта Азия елдерінің спортқа бөлетін қаржысынан әлдеқайда көп. Тіпті биылғы жылмен алдағы екі жылға тағыда бюджеттен 1,3 триллион теңге бөлінбек. Қарасаңыз аз ақша емес. Алайда спортшыларымыз оны ақтап жатыр ма? Қайдам? Қазақстанның футболының бір жылдық бюджеті кем дегенде 130-140 миллиард теңге көрінеді. Солай бола тұрсада ірі футбол додаларында Қазақстанның көрсеткіші нөл. Демек, алдағы уақытта спорттағы легионерлерге мемлекеттік бюджеттен де, квази секторлардан да ақша төленбейтін рас болса, бұл бір жағымды жаңалық болғаны. Айтпақшы, Қазақ тілін келеке еткен Қазақстан футбол федерациясы бас бапкері Черчесовке 738 мың теңге айыппұл салынғанын білеміз. Алайда, ұлттық құрама бапкері, ресейлік маман Станислав Черчесовтың айлығы 52 миллион теңге екен. Мұндай айлық алатын елімізде адам бар ма? Әй, қайдам? Сонда футболда ешқандай нәтиеже болмасада ресейлік маман 52 миллион айлық алып отыр. Онымен қоймай тілімізді қорлайда, сүйте тұра мемлекеттік бюджеттен 52 миллион айлық алады. Бұдан өткен сорақылық бола ма?