Батыс Қазақстан облысында Бөкей ордасы ауданы тарихи Хан ордасы ауылына апаратын жол салынбақ.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Асылбек Марданның мәлім еткеніндей, биыл аталмыш ауылға 21 шақырым кіреберіс жолды орташа жөндеу басталады.
Асылбек Амантайұлының сөзіне қарағанда, осы жобаға 1 млрд 953 млн теңге қарастырылды. Мердігер – «Ақжол құрылыс» ЖШС.
Филиал директорының айтуынша, биыл облыста республикалық маңызы бар 245 шақырым жол күрделі жөнделеді.
Соның ішінде құрылысы төрт жылға созылған ұзындығы 142 шақырым Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы және 103 шақырым Өнеге-Бисен-Сайқын автожолы биыл мәресіне жетеді.
«2024 жылы 22,6 шақырымға асфальтбетон жабынының төменгі қабатын және 168,3 шақырымға жоғары қабатын салу жоспарланған. Биыл 170 мың тоннадан астам қиыршық тас және 4,5 мың тонна битум өнімдері дайындалды. Қиыршық тас Ақтөбе облысы мен Ресейден теміржол арқылы жеткізіледі. Құрылыс жұмыстары Казталов-Жәнібек және Өнеге-Бисен-Сайқын тас жолындағы 6 учаскеде жүргізіледі. Жұмысты 5 құрылыс компаниясы жүргізеді. Жол жөндеумен қатар демалыс алаңдары, санитарлық-гигиеналық тораптар, автобус аялдамалары салынып, жол белгілері орнатылады. Жыл соңына дейін барлық жұмысты аяқтап, жолды пайдалануға беру көзделіп отыр», – деді А.Мардан.
Хан ордасы ауылының іргесін 1826 жылы Жәңгір хан қалағаны белгілі.
Онда Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы орналасқан.
Хан ордасына апаратын кіреберіс жол салынып, Өнеге-Бисен-Сайқын жолына қосылған кезде туризмге де қолайлы жағдай жасалады.