Қырғыздар бізді тағы шаң қаптырып кетті. Олай дейтінімнің себебі бар. Өйткені айыр қалпақтылар үлттық мүддеге келгенде бізден қашанда арқан бойы алда тұр. Бұл жолы да сүйтті. Енді жұмбақтамай тарқатып айтатын болсам, көрші ел Қырғыз мемлекетін құруға қатысқан абадан ұлдарын еске алып, ұлықтап жатыр.
Нақтырақ айтсақ, Қырғыз Мемлекет басшысы Садыр Жапаров Қырғыз мемлекетінің негізін қалаушылардың тізімін бекітіпті.Бұл тізімде 5 азамат бар.Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық. Бұлардың бәрі қырғыз мемлекетін құру үшін күресіп, сол жолда шейіт болғандар. Президент өз жарлығында XX ғасырда жаңа мемлекеттің құрылуы бастауында дәл осы адамдар тұрғанын айта келе, «Қара-Қырғыз автономиялық облысының, кейін Қырғыз автономиялық Советтік Социалистік Республикасы мен Қырғыз Социалистік Советтік Республикасының құрылу тарихы Қырғызстанның болашақ тарихы үшін орасан зор маңызға ие болды. Ол сайып келгенде біздің егемен Қырғыз Республикасының іргетасына айналды» дейді. Еске сала кететін жайт, бұл жарлық Қара-Қырғыз автономды облысының құрылғанына 100 жыл толуы қарсаңында шығып отыр.Қырғыз басшысының ұлттың ұлы батырларын еске алып, оларды елдің жадында қалдыру үшін жасап жатқан тірлігіне риза боласың! Дұрыс! Өзгеге өнеге болатын іс!
Біз ше? Иа, алаш арыстары жөнінде жиі айтамыз, жиі сөз қозғалады. «Алаш идеясы» ең дұрыс жол» деп жатамыз. Бәрі оңды тірлік. Дегенмен, бүгінгі Қазақстанның негізі болып қаланып отырған 1917 жылы құрылған (төрағасы Әлихан Бөкейханов) Алаш автономиясын, «Алаш» партиясын, Алаш әскерін, Алаш Үкіметін құрған арыстарымыз жөнінде қырғыздардай ұлағаты тірлік жасай алдық па? Тіпті Алаш автономиясының 100 жылдығында да ауыз толтырып айтатындай іс-шара жасай алмадық. Өкінішті. Алаш автономиясын, Алаш партиясын, Алаш Үкіметін құрған һәм сол жолда шейіт болған жүздеген адамды ұлықтап, айырқалпақтылардай «Мемлекеттің негізін қалаушылар» деп арнайы тізім жасап, осыған сай республика көлемінде арнайы іс-шаралар өткізуге тиіс еді ғой.Өкініштісі, біз соған жете алмай отырмыз. Ал, қырғыз жұрты ұлт қайраткерлерін елеусіз қалдырмады. Мемлекеттік деңгейде тірлік жасады. Біз қырғыздан кембіз бе?..
Азаматхан ӘМІРТАЙ