Еліміздің кейбір өңірінде су тасқыны бой бермей тұрғанына міне біраз күн болды. Қаншама елдімекен су астында қалды. Қаншама мал суға кетті. Халық далада қалды. Өкініштісі адам шығыныда жоқ емес.
Әрине, мемлекет көмектепей жатқан жоқ. Кей жерлерде төтенше жағдай жарияланып, құтқарушылар жұмылдырылған. Әлбетте, «Байтақ» партиясыда су басқан өңірлерде штаб құрып, қолдан келген көмекті аямауда. Бірақ мұның бәрі болған жайдың салдарымен күресу ғана. Неге біз осының бәрін алдын ала алмадық? Су тасқыны болатыны жөнінде талай айтылды. Бірақ самарқаулық па, жайбасарлық па білмеймін, «елдімекендер су астында қалды» дегенде ғана дабыл қағылды. Әлде, су басқан аймақтарға мемлекет тарапынан миллиардтаған қаржы бөлінетінін білетін шенеуніктер топан судың зардабы көп болғанын күтті ме? Бәлкім, бөлінген қаржының біраз бөлігін жырып қалтаға салу керек болған шығар, ә ? Білмедік. Біз үнемі болған оқиғаның себебімен емес салдарымен күресеміз. Содан болар мұндай апаттар жылда қайталана береді. Неге түпкі себептерін жоюға, алдын алуға болмайды? Мәселен, тасқын болатын аймақтардың картасы жасалып, суды елдімекендерге жеткізбей басқа жаққа бұрып жіберетін каналдар, тоғандар қазбасқа? Ол тоғандардағы суды бір жерге жинау үшін, шағын су қоймаларын, резервуарлар тұрғызу керек-ақ. Әр аймақта кем дегенде бес – алты су қоймалары болғаны жөн. Ал сол қоймаларға жиналған суды жазда егістікке пайдалануға болар еді. Арқада жазда су жетпей жатады. Егерде су қоймаларын сол өңірлерге көптеп сала алсақ, оған қар мен жаңбыр суын жинақтай алсақ, аймақ жазда судан тарықпасы хақ. Бізге көктен тамған жаңбыр суын қағып алып, жинақтап, тиімді пайдаланып отырған Еуропа, Израиль елдерінің тәжірибесін неге пайдаланбасқа? Жыл сайын елдімекендерді көктемде су басып жатады. Сонда әкімдер не қарап отыр? Өзі басқарып отырған өңірдің жер жағдайын білмесе, алдын ала сақтық шараларын жүргізе алмаса, несіне әкім болып отыр? Сол секілді, Төтенше жағдай министрлігініңде жұмысы іске алғысыз? Өтірік ақпараттар бергеннен басқа тындырып жатқаны шамалы. Негіз барлық жерде білікті азматтар отырғаны жөн-ау. Әйтпесе, түрлі апаттар қайталана береді. Біз теңізбен мұхиттың жағасында отырған ел емеспіз. Цунамимен күресе алмадық деп сылтау айтатын. Еліміздің жетпіс пайызы шөлді -шөлейтті аймақтарға жатады. Соның өзінде көктемгі тасқынмен күресе алмай, суға кетіп жатамыз. Ең масқарасы осы. Сондықтан биылғы көктемгі тасқыннан қортынды жасап, алдағы жылдары мұндай жағдай болдырмаудың қамына кіріскен жөн.
Азаматқан Әміртай «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы