Home Жаңалықтар Биыл табиғи ортаға 78 млн құнды балық жіберіледі

Биыл табиғи ортаға 78 млн құнды балық жіберіледі

51

Бұл туралы бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев айтты.

Орталық коммуникациялар қызметінде «Браконьерлікпен күресу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Іс-шарада ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев балық шаруашылығы мәселесін көтерді. Ол Қазақстандағы балық ресурстарының өсімін молайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың көрсеткіштерін атады.  Вице-министрдің мәліметінше, 2019 жылы табиғи ортаға 78,4 миллион құнды балық түрлерін жіберу жоспарланған.

«Биылғы жылдың 7 айында 53,5 миллион құнды балық түрлерінің шабақтары өсіріліп, табиғи ортаға жіберілді. Оның ішінде 7 миллион – бекіре шабағы. АӨК мемлекеттік бағдарламасы аясында балық өсіру, яғни акваөсіру көлемін 1,5 мыңнан 5 мың тоннаға жеткізу болжанып отыр. Биыл 3 мың тонна тауарлы балықты өсіру жоспарлануда», – деді Ерлан Нысанбаев.

Вице-министр журналистерге балық аулау лимитін игеру туралы да ақпарат берді. 2019 жылы министрлік 51,8 мың тонна көлемінде лимит бекітті, биылғы жылдың 7 айында оның 17,4 мың тоннасы ауланды. Балық ресурстарын пайдаланғаны үшін республикалық бюджетке 307,4 миллион теңге түсті.

Бұған дейін Нысанбаев орман өрттерінен келген залал 221 млн теңгені құрағанын айтқан болатын.

BAQ.KZ

 

Алдыңғы жазба«Баянның күйеуі де жүр». Талдықорғанға сиыр өсіреміз деп қытайлар келіп алды
Келесі жазбаМұхтар Жәкішевтің апелляциясы неге кейінге қалғаны анықталды