Соңғы үш жылда Қазақстанға Тәжікстанның 1,5 млн азаматы келген. Олардың қатысуымен биыл 59 мың қылмыс жасалған. Бұл туралы ІІМ басшысы Қалмұханбет Қасымов ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында мәлімдеді.
Сәрсенбіде Мәжіліс депутаттарына «ҚР Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы таныстырылды.
«ІІМ берген мәліметтерге сәйкес, соңғы үш жылда Қазақстан аумағына 1,5 млн астам Тәжікстан азаматы келген. Олардың 182 мыңы елімізде тіркелсе, қалғандары транзитпен, болмаса Қазақстанда заңсыз орналасқан. Осы кезеңде Тәжікстан азаматтары елімізде 138 қылмыстық құқық бұзушылық жасаған. Көші-қон тәртібін бұзғаны үшін 10 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар 2 мыңға жуығы елден шығарылды», – деді Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов.
Депутат Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтан келісім қабылданғаннан кейін министрліктің заңсыз көші-қонға қарсы және шетел азаматтарының құқық бұзушылығын азайту мақсатында қандай шаралар жасайтынын сұрады.
«Биыл 11 айда елімізге 492 мың Тәжікстан азаматы келді. Олардың 56 мыңы ғана тіркелген. Себебі олар елге келгеннен кейін 5 күн ішінде тіркелуі тиіс. Қалғандары қызметтік, жеке істерімен келген. Сондай-ақ, 10 мың турист бар. Биыл олардың қатысуымен 59 мың қылмыс жасалаған, былтыр – 48 мың қылмыс. Көбінесе ұсақ, базарда жасалған ұрлықтар. Біз бұл мәселені зерттеп, жұмыс істейтін боламыз. Оладың ішінде 15 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп жауап берді Қалмұханбет Қасымов.
Оның айтуынша, елге келген Тәжікстан азаматтарының 90% 5 күн ішінде тіркеліп үлгермегені үшін жауапқа тартылған.
Сонымен қатар, Мәжілісте ІІМ басшысы биыл қос азаматтығы бар15260 адам анықталғанын айтқан болатын.
Бақ кз