Home Қоғам Билік жаңармай, қоғам өзгермейді

Билік жаңармай, қоғам өзгермейді

55

 Қасым-Жомарт Тоқаев Бектеновты премьер-министр қызметіне ұсынғанда «тәжірибелі мемлекеттік қызметкер, жоғары білімді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, еңбекқор. Сондықтан да жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға әлеуеті жеткілікті деп ойлаймын» деген-ді. Олжас Абайұлы осындай сенім үдесінен шыға ала ма, бұл сұрақты біз белгілі қоғам қайраткері Дос Көшімге жолдаған едік.

 

– Жаңа Премьерден «не күтетініміз» – Президентке тікелей қатысты. Бізде заң бойынша да, іс жүзінде де Премьер министр  Президенттің нұсқауымен жұмыс істейді. Оның өзіндік мақсат-мүддесі, экономикалық-әлеуметтік бағыттағы бағдарламасы болмайды. Оның «атқарушы билік» деп аталатыны да сондықтан. Әрине, кейбір Премьерлер Президенттің тапсырмасын жеріне жеткізіп орындауы мүмкін, ал кейбіреулерінің оған шамасы келмеуі де мүмкін. Бірақ, ең қызығы, осы уақытқа дейін, ешбір Премьер «дұрыс жұмыс жасамағаны үшін» сөгіс алып, не жазаға тартылып кеткен жоқ. Премьер болғанда «сенім білдіргеніңіз үшін рахмет» деп бір жымыйса, орнынан кеткен күні «сеніміңізді ақтауға барымды салдым, рахмет» деп тағы бір жымияды да қояды. Қысқасы, Қазақ елінің қоғамдық өмірінде  Премьердің беделі де, мүмкіндігі де шамалы…

 

– Соңғы уақытта халық билікке сенуді қойып, өз күнін өзі көруге көшті? Сол сенімді қалай қайтаруға болады?

– Билік халық сенімін қайтаруға барынша күш салып-ақ жатыр, бірақ мақсаттарына жетті деп айта алмаймын. Меніңше, Олжас Бектеновтың Премьерлікке ұсынылуы да осы бағыттағы жұмысқа жатады. Бұрын, шартты түрдегі «Ескі Қазақстанда» болмаған (жастығы болар), жемқорлықпен күрестің басшысы болған адамды Министрлер кабинетіне басшы етіп тағайындау «міне, біз бұрынғы жемқорлармен күрестің көкесін көрсетеміз» дегенді білдіреді. Бұл да халыққа жақсы атты көрінудің тәсілі. Алайда, билік жүйесі жаңармайынша, қоғамда өзгеріс болмайды. Ертең Қазақ еліндегі «Назарбаев» деген фамилиясы бар адамдардың барлығын қамап тастасаң да, «бұрынғы Қазақстанды» құрған, соның сенімді жауынгерлері болған топтың «Біз Жаңа және Әділетті Қазақстанбыз» деген ұрандарының соңынан еретін жандарды көрмей отырмын. Әрине, жел қайдан соқса, сол жаққа жапырылатын шенеуініктер мен зиялы қауымды есепке алмасақ…

 

– Коммунистер «әркімнен қабылетіне қарай, әркімге – сұранысына орай» деген ұстанымда болды, ал біздің идеология қандай, қандай болу керек? Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан, біз осы қандай мемлекет құрып жатырмыз?

– Бізде бұрынғы «әкімшілік-әміршілдік жүйе» толық сақталып оыр. Оны «Назарбаев жүйесі» деп атау – артық болар. Бұл – бұрынғы коммунистік партия құрған тоталитарлық жүйенің жаңартылған, авторитаризм араласқан түрі. Бұл жүйенің басты мақсаты – билікті басқаларға, басқа саяси топқа, күшке бермеу, өз қолдарында сақтап қалу. Ондай жүйенің басты идеологиясы – «билік қандай тамаша!» мен «Президентіміз қандай ақылды!» деген екі бағытта жұмыс істеу. Бұл жерде не ұлттық немесе мемлекеттік идеологияға жол жоқ…

Сұқбаттасқан,

Қайрат Болатұлы

Алдыңғы жазбаҚазақстанның жаңа премьер-министрі Олжас Бектенов!
Келесі жазбаЖұмыс қарқыны жоғары, талап қатаң болады