Home Жаңалықтар Билігі НИЕТ- сіз, депутаты МІНЕЗ – сіз Қазақстан!

Билігі НИЕТ- сіз, депутаты МІНЕЗ – сіз Қазақстан!

51

Қырғыздар қазақтан  тағы  озды. Жалпы  Орталық  Азиядағы «Демократия аралы»  атанып келген  қырғыз  жұрты қазақтарға  қарағанда  тәуелсіздік алғалы  бері  алты  президент ауыстырып  үлгерді.   Үш   президентті  төңкерім  тастады.  Біреуін  түрмеге  тықты.  Премьер министрлер  қол  жаулықша ауысып  жатыр.  Ал  біз бостан атанған  32  жылда екі президент  ауысқанына  шүкіршілік  етіп  жүрміз. Сол  айыр  қалпақтыларда  екі  жүзден  астам  партия  тіркелген. Ал бзде  не  бері  он  саусаққа  жетпейтін партия бар. Оның тең  жартысы сайлау  кезінде  ғана  «оянғаны»  болмаса қалған уақытта бар  жоғы  білінбейтін партиясымақтар. Енді  міне қырғыздар мемлекеттік  қызметкерлерге мемлекеттік тілді міндеттейтін  заңды қабылдап тастады.  Президент  Жапаров  қол  қойды,  бата  берді.  Енді  міндетті  орындау  ғана  қалды. Заң  талабы  бойынша барлық  деңгейдегі шенеуніктер, депутаттар, құқық  қорғау  және банк  қызметкерлері, нотариустер, прокурорлармен  судьялар һәм адвокаттар  қырғыз  тілінде «гәпіруі»  тиіс. Сондай-ақ,  телерадио  арналарындағы бағдарламалардың 60  пайызы  қырғыз тілінде  болуы  тиіс деп міндеттеліп  отыр.  Қырғыз  Үкіметі  қатты  кетті.  «Қырғыз  тілін  білмейтіндер қызметтен кетеді» дегенде  пәрмен  беріп жіберді. Демек, шенеуніктен  дәмелілерде,  орнын  босатқысы келмейтіндерде  енді мәжбүрлі түрде қырғыз  тілінде  сөйлемек.   Әлбетте орыс  тілі шеттетілген  жерде Мәскеудің  сес көрсете  сөйлеп қалатын әдеті бар. Бұл  жолыда  Ресей СІМ Сергей  Лавров  «бұл  демократияға қайшы, дискриминациялық жоба»  деп  қырғыз  билігін айыптай сөйледі.  Бұған Садыр Жапаров  айрнайы  жауап  берді. Лавровты орнына  қойды. Әрине  кешегі  кеңес  дәуірінде он бес  республика  һәм Варшава шартына кіретін  елдерді  қосқанда  бес  жүз миллионға  тарта  жұрт  орыс тілінде  сөйлейтін  еді. Қазір  орыс тілінің  аясы  қусырыла келе  екі  жүз  миллионға  түсіп  қалды. Ресей  басқыншылығынан кейін, халқы қырық  бес  миллион  болатын тамыры  бір украиндарда орыс тілінен  бас  тартты. Осының  бәрі орыс тілін  «ұлы  тіл»  ретінде  дәріптегенді  жақсы  көретін ресми  Мәскеуге оңай  тиіп  жатқан  жоқ. Дегенмен  Мәскеу орыс тілінің қаймағы  бұзылмай  отырған Беларуспен Қазақстанға  қарап дәтке  қуат етері  хақ. Тіпті  былтыр  Қазақстан  президенті  «2023 жылды ТМД елдері арасында  орыс тілінің жылы болсын»  деген  бастамада көтерген. Рас, Қазақсстан  тәуелсіз  атанған отыз екі  жылда орыс  тілінің  мұрты  қисайған  жоқ.  Үстем тіл  болып  қалуда. Ең  сорақысы мемлекеттік  заңдардың  өзі көршінің  тілінде  даярланып  барып, мемлекеттік  тілге қотарылып  жатады. Осыған  қарап-ақ, жұрт  арасында айтылып жүрген «әлемде өз  тілінде сөйлемейтін  бір  ұлт  бар. Ол  – қазақтар»  деген сөздің жаны  бар  ма  деп  қаласың. Әйтпесе  бізде  де мемлекеттік  қызметкерлер  мемлекеттік  тілде  сөйлеуі  тиіс деген  мәселе сан көтерілді. Бірақ  орындалып  жатқан  жоқ.  Себеп  біреу.  Қоғам қайраткері  Дос  Көшімнің  тілімен айтқанда билікте мемлекеттік  тілді дамытайық,  сол  тілде сөйлейік  деген  ниет  жоқ. «Бұндай талап, біздің заңымызда да бар. Мемлекет қызметкерлері, біздің заң талабы бойынша, бір емес, екі тілді білуі шарт. Бірақ бізде заң талабының жүзеге асқанынын көрдіңіз бе? Біз – өзіміз шығарған заңды өзіміз орындамайтын елміз. Мысалы, осыдан бір жарым жыл бұрын ғана қабылданған «Көрнекі ақпарат туралы» заң өзгертулерінде асхана, кафе, ресторандардағы ас мәзірінің қазақ тілінде жазылуы міндеттелген болатын. Оған ешкім де құлақ асқан жоқ. Оны тексеріп, «заң бұзылды!» деп аттан салып жатқан бір де бір мемлекет қызметкерін көрмеппін. Меніңше, біздің прокурорлар, депутаттар, атқарушы билік өкілдері қоғамдық орындардан тамақ жемейтін сияқты… Қысқасы, қырғыздар сияқты тағы бір «талап ететін» заң қабылдауға болады, бірақ оны өзіміз ұстанбасақ – не үшін қабылдаймыз? Естеріңізде болсын, Қазақстанда заңды бақылайтын орган – прокуратура – тілге қатысты заң баптарын бақыламайды. Бұл мәселе – тіл басқарамаларының құзіретінде. Ал олардың шырылдаған зарына ешкім де құлақ аспайды. Сондықтан болуы керек, Конституцияда өзімізді «құқықтық мемлекетпіз» деп атасақ та, тілге қатысты ешқандай заң баптары жұмыс істемейді. Бұл – биліктің қазақ тіліне деген көзқарасы, пиғылы, ниеті, ұстанымы» дейді қоғам қайраткері. Әлбетте, мемлекеттік  тілде сөйлейтін шенеуніктер  жоқ  емес.  Баршылық. Тәубә.  Бірақ  Ақтөбе  облысының  әкімі ЕралыТоғанжанов сияқты орыс  тілінде  сұрақ  қойған  журанлиске  «мемлекеттік  тілде  сөйлеп»  деп  қашқақтауы, әкімнің қазақ  тілінің мәртебесін асқақтатайын  деген  ниетінен  туған  жоқ. Керісінше «сасқан  үйрек  артымен  сүңгиді»  демекші, қойылған  сұраққа не  деп жауап  берерін  білмей, мемлекеттік  тілді  алға  тартуы  әкімнің  қай  деңгейде екенінің  көрсетсе  керек-ті. Мұндай  мысалдар  көп. Жалпы Қазақстанда  мемлекеттік  тілдің бейшара  баланың күйін кешіп  жатқаны  туралы тоқтаусыз  айтылыпта, жазылыпта келеді. Бірақ оңды өзгеріс  жоқ. Баяғы  жартас,  бір  жартас.  Неге?  Мұның  себебін  Дос  Көшім былайша  түсіндіріп  берді.  «Біз басқа елдермен қатар 1989 жылы «Тіл туралы заңды» қабылдадық. Содан бері 34 жыл өтіпті. Тілдік жағдайдың бес-он жылдың өзінде өзгеріп тұратынын ескерсек, әрине, жаңа «Мемлекеттік тіл туралы» заңды қабылдайтын уақыт баяғыда келді. Бізбен бірге Кеңес одағында болған басқа елдердің осы кезеңде өздерінің тілдер туралы заңдарын бірнеше рет өзгертті. Мысалы, Латыштар, тіл туралы заңдарын үш рет ауыстырып үлгірді. Тәжікстанның өзі бізбен қатар Кеңес заманында қабылдаған тіл туралы заңын өзгертіп, қайта қабылдады. Тілдік жағдайы «ешқашан өзгермейтін» жалғыз ел – біз ғана болармыз.  «Ұлт тағдырының» бастамасымен 2011 жылы «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасы дайындалған болатын. Ол әлі де Парламенттің бір қуысында жатқан болар. Оны алып шығып, Мәжілістің алдына қоятын бір депутатты таба алмай отырмыз. Меніңше, қазақ тіліне қажеттілік жасайтын жаңа «Мемлекеттік тіл туралы» заңды қабылдауға ешқандай бөгет жоқ. Тек билікте – НИЕТ, ал депуттарда – МІНЕЗ жоқ».  Қоғам қайраткері осылай  дейді. Қалай айтсақта,  қай  жаққа  тартсақта,  ақиқаты  осы.  Демек,  қырғыз  билігі ниетті,  депутаты  мінезді. Ал, бізде  бәрі керісінше  болып тұр-ау. Әлихан Бөкейханның: “Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден” деген ұлы сөзін билік қаперге алмай,  ештеңе  өзгермейді-ау,  сірә.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Алдыңғы жазбаӘкім болдым мінекей…
Келесі жазба«Жаңа Қазақстанда» ескі жүйе өкіліне орын бар ма?