«Күштінің дүмі дирімен тартады» – деп қазекем бекер айтпаса керек-ті. Қазіргі кезде бұл сөзді түкіргі жерге түспей, тасы өрге домалап тұрған әкімдерге қаратып айтады. Оларды көктегі құдайдың жердегі кішкентай көлеңкесі деп те жатады. Еліміздегі әкім-қаралардың тірлігі соған ұқсап тұрса, бұқара не демесін! Тіпті, «әкім» деген сөз «жемқор» деген сөздің синониміне айналып кеткені қашан! Әрине, әкім-қара біткеннің бәріне топырақ шашудан алақпыз. Бірақ ел арасында осындай сыпсың сөз барын кімнен жасырамыз. Жалпы, «әкім» деген сөздің тамырына үңілсек, арабтың «хакім» деген сөзінен шығатын көрінеді. Яғни билеуші, дана, басқарушы деген ұғым беретін болса керек. Ал, біздегі әкімдерден даналық күтуге бола ма? Қайдам? Билеушілік, тізеге баса отырып, басқарушылық бар шығар, бірақ Бұқар жыраудың тілімен айтсақ, «Абылайдай дана басшы қайдан болсын»!
«Әкім бол, халыққа жақын бол» деп жатады. Алайда халық өз алдына, әкімдер өз алдына тірлік қылып жатқанын ескерсек, «қазаны басқаның қайғысы басқа» екеніне тағы бір көз жеткізгендей боламыз. Шығар күннің көзіндей шындық осы. Айтпақшы, саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, тәуелсіздік алғалы бері елімізде 137 әкім облыстармен ірі қалалардың тізгінін ұстап келген екен. Бұлардың ішінде сүбелі орында Алдар көседей «отырайын он ай» деп ұзағынан отырғандарда, орынтақтың «буына» шыдаймай тоңқалаң асқандарда, облыстан облысқа секіргендерде, істі болып өкіргендер де бар. Саясаттанушы әкімдерді былайша тізбелепті; 5 рет әкім болған 1 адам (Бердібек Сапарбаев), 4 рет әкім болғандар үшеу екен. Олар Ахметов, Кулагин, Шүкеев. 3 реттен әкім тізгінін қолына ұстағандардың саны сегіз. Олар Бозымбаев, Кәріпжанов, Құлмаханов, Көшербаев, Нағманов, Ноғаев, Тасмағамбетов, Үмібетов. Ал екі реттен әкім болған азаматтардың ұзын саны 22 адам. Алты адам бір өңірді екі реттен басқарыпты. Әкімдердің ішінде бір орында ұзақ отырып рекорд жасаған Даниал Ахметов (8 жыл 7 ай), ал ең қысқа әкім болған Альберт Саламатин ( 2 ай).
Осы тұста әкімдерді қандай критерий бойынша тағайындайды деген сауал келеді, көкейге. Жұрт арасында «әкімдік орын сатылады, 5 миллион доллар» деген сыбыс бар. Алайда, жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды деген қағиданы ескерсек, жел сөздің де өзегінде бір шындық бұғып жатқанын көруге болады. «Кеден басшылықтарының қызметінен бастап, мектептегі мұғалімдердің орны сатылатын қоғамда бір облыстың бюджетін қолына ұстап тұрған Әкімдердің орнының сатылуы – қарапайым заңдылық деп ойлаймын. Жемқорлық жайлаған Қазақ елінде ол мәселеге ешкім таңданбайтын да, күманданбайтын да болар» -дейді белгілі қоғам қайраткері Дос Көшім мырза.
Мұндайда еске хакім Абайдың «Болыс болдым мінеки, Бар малымды шығындап. Түйеде қом, атта жал. Қалмады елге тығындап. Сөйтсе-дағы елімді. Ұстай алмадым мығымдап» дегені түседі. Кешегі болыс пен бүгінгі әкімнің айырмашылығы шамалы екенін аңғарасың. Абайдың данагөйлігіне ырза боласың.
Әкімдердің өз орынтағын сақтап қалу үшін, халыққа қызмет етіп емес, керісінше президентке жағынып, көзіне түсіп қалу үшін жойдасыз қадамдарға барып жататыны бар. Мәселен, марқұм Заманбек Нұрқаділовтың ұлы Қайрат Нұрқаділов бір басылымға берген сұқбатында экс-президент Назарбаевтың 60-қа толу құрметіне облыс әкімлері 1 миллион доллардан жинап бергені, ал әкесі Заманбектің ондай қомақты ақшасы болмай тек картина сыйлағанын тілге тиек еткен екен. Сол әкімдердің біраз әлі бар. Жер басып жүр. Ал, ондайлардан халыққа не қайыр? Олар қалса Назарбаевтың есінде қалар, халықтың есінде емес. Тіпті ел алдында ойланбай сөйлеп күлкіге қалған әкімдерде жетерлік. Мәселен, Алматыдай ірі мегаполисті жеті жыл басқарған Ахметжан Есімовтің кезінде «Әйелімнің үйінде тұрамын. Жеке басымда үй жоқ» деуі әпенді адамның сөзі деп қабылдаған жөн. Әйтпесе, экс-президент Назарбаевтың туысы болып келетін һәм Қазақстандағы ең бай адамдардың қатарынан ойып тұрып орын алатын адамның «үйім жоқ» деп мүләйімсуіне кім сенеді? Сол Есімов Алматыны жеті жыл басқарғанда Тәуелсіздік күні Тәуелсіздік монументіне бір рет барып, тағызым етпей кеткен пақыр ретінде де ел есінде қалды. Ал, Қазақстанның бақандай бес облысын басқарған марқұм Бердібек Сапарбаев өзі басқарған Ақтөбе және Жамбыл облыстарынан кетерде көзіне жас алды. Жұрт «жылауық» әкім десті. Дегенмен бес облысты басқару тәлейіне жазылған Сапарбаев қандай әкім болды? Оны жұрттың өзі сараптай жатар. Кім қалай айтсада, артына әкім қылып туған бауыры Нұрлыбек Нәлібаевты тастап кетті. Нәлібаев қазір өзі туған Қызылорда облысын усында ұстап отыр. Әкім болып жүріп, қызметін асыра пайдаланып істі болғандарда бар. Бір қызығы істі болған екі әкім – Ерлан Арын мен Болат Бақауовта Павлодар облысын басқарғандар. Кезінде Ғалымжан Жақияновта сол облысты басқарып, артынан Қазақстанның Демократиялық таңдауы қозғалысын құрғандардың бірі ретінде қудаланған азамат. Содан ба, билік басындағылар «Павлодар қырсық шалған облыс» деп бекер айтпаса керек-ті. Әкімдердің ішінде «Бордюрбек» деген атқа ие болғандарда бар. Бордюр ауыстырып, байлықтарын еселеп алғандардың қатарына Алматыны басқарған Ахметжан Есімов пен Бауыржан Бәйбек кіреді. Оларды жұрт «Бордюрбек миллиардерлер» дейді. Ебін тапқан екі асайды деген осы. Әкім болып артынан шетке бас сауғалап қашқандарда (Бауыржан Байбек, Бергей Рысқалиев) баршылық. Жалпы, қоғамда әкімдерге дұрыс көзқарас кем. Өйткені жемқорлығымен, дойырлығымен, боқтампаздығымен ( Қанат Бозымбаев), қабілетсіздімен олар өздерінің жағымсыз образын жасап алған. Әсіресе қаңтар оқиғасы кезінде әкімдердің бет пердесі ашылды. Кімнің кім екені танылды. Қаңтар көтерілісінде әйелде болса қорықпай халық арасын барған Гүлшара Әбдіқалықовамен (Қызылорда облысы) қабыландай мінез танытып, халықтың ашуын баса алған Маңқыстаулық әкім Нұрлан Ноғаевтың жөні бөлек-ті. Былайша айтқанда «тоғыз ұлым бір төбе, Кендебайым бір төбе». Дегенмен қоғамда әкімдерге деген көзқарас жақсы емес. Қоғам қайраткері Дос Көшімнің «Басқаларды қайдам, өз басым, «әкім» дегенде, бұрынғы бір облыстың басшысы болып табылатын «обкомды» (облыстық партия комитетінің басшысы) елестетемін. Аттаулары әртүрлі болса да, басшылық тәсілі, құзыреті бұрынғы деңгейде қалған. Ұмытпасам, қырғыздар алғаш рет «мэр» деген сөзді енгізді. Ал біздің билік бұрынғы әкімшілік-әміршілдік жүйенің сол қалпы сақталғанын көрсеткісі келген болуы керек, «әкім» деген атауды қалап алыпты. Қысқасы, облыстағы жоғарыдан тағайындалған басшының аты өзгергенмен, заты сол күйінше қалды» деуі бекер болмаса керек.
Қоғамда әкімдердің жағымды образын қалай қалыптастыруға болады? Әлбетте, Алтай Көлгінов секілді имидж үшін миллиондарды шашып па әлде мемлекет үшін, ұлт үшін адал қызмет етіп, халықтың алғысына бөлену арқылы ма? Ойланатын-ақ дүние.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ