– Бүгін біз орыс тілді әлемде өмір сүріп жүрміз, ал керегі ағылшын тілді әлем. Тек сонда ғана біз дүниежүзілік прогрестің соңына ілесе аламыз дейсіз…
– Орыс кеңістігі тарылып келеді. Оны теңізге теңесем, ағылшын тілін мұхитқа балаймын. Мен мұхитқа барғым келеді, еркін жүзгім келеді дегендей. Ағылшын тілі – әлемдік тіл. Дүниенің қай пұшпағына бар ма ағылшын тілі. Бүкіл дүниенің кілті осы тілде тұр.
– Белгілі саясаттанушы, қазір мемлекеттік қызметте жүрген Берік Әбдіғалиев: «Қазақ тілінің мәселесі қаражатқа, оқулыққа, әдістемеге, маманға емес, саясатқа тіреліп тұр» деп еді. Сіз не дейсіз?
– Шындық. Көп нәрсе билеуші элитаның саяси жігеріне байланысты деп ойлаймын. Қарап тұрсаң, қазір тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан асып кетсе де, өкінішке қарай, орыс ұлты тұрмайтын жерлердің өзінде іс қағаздары, сот ісі т.б әлі сол «аға» ұлттың тілінде жүреді. Бұл масқара ғой. Билік жалтақтықтың тонын сыпырып тастап, тікесінен тірлік ететін кезге келді. Былайша айтқанда «тілім, елім» дейтін кез туды.
– Тілге байланысты тағы бір мәселе, қазақ тілін ұрандатып нан табу (саудаға айналдыру) мен саяси ұпай жинауды кейбір топтар кәсіпке айналдырып алды деген ел ішінде әңгіме көп…
– Мүмкін солай да шығар. Оған дауым жоқ. Тілім дейтін шын партиоттар жоқ емес. Сол секілді арзан ұпай жинайтындар да табылып қалар. Менің айтпағым ол емес. Басқа. Меніңше, отарсыздандыруды модернизацияның бір саласына айналдыруымыз қажет. Қысқасы ұлттық модернизация жасаудың кезі келді. Ұлттық модернизация – жаңа ұлт жасау. Мәңгүрттенген қазақты айықтыру, қазақтан қазақ жасау және басқа ұлттан қазақ жасау. Бүгінгі күні, ертеңгі заманның қазағын жасауды талап етіп отыр. Ол бүгінгі қазақтан басқаша. Бірақ консервативті негізде болуы керек. Елдегі халықты тұтас қазақ деп жазып жібермей, тек қазақ тілін білетіндерді ғана қазақ деп жазу керек. Бұл ұлттық модернизация жаңа идентификация әкелуге тиіс. Ол үшін мемлекет тыңғылықты жұмыспен айналуысуы қажет. Өкініштісі, кейде Үкімет өнбейтін бағдарламалар жасап, сонымен айналысып жатады. Керісінше ұлттық мүддеге келгенде басына сойыл тиген аттай кегжиіп шыға келеді. Оны доғару керек.