Марат Қабанбай – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қазақ көсемсөзін жаңа бір кезеңге көтерген дарынды қаламгер. Өліара кезеңде қарымды қаламынан туған мақалаларын жұрт іздеп жүріп, тұщына оқыды, мейірі қанды, риза болды.
Марат ағаның жазушылығы өз алдына. Өз ортасында мойындалған талант. Әттең, өмір болғанда ұлтқа қажетті талай сүбелі туындылар жазар еді. Амал қанша, дүние жалған деген сол, нағыз толысқан шақта, пәниді астап, бақиға оза берді. Кезінде Марат ағамен бір басылымда жұмыс жасадым. Інісіндей көрді. Жанына жақын тартты. Кейде оңаша қалған сәтттерде сырын ақтарушы еді. Көкейінде көптен бері жүрген үлкен бір шығарманың қаңқасын сөз ететін. Бірақ тағдыр ол дүниесін аяқтатуға жазбапты. Соңғы рет аурухана төсегіне таңылып жатқанда кездестік. Төбеге қарап ойланып жатқан Марат аға, бір сәт: «Әттең, бұл Құдай азғантай ғана ғұмыр берсе, «Кентаврды» жазып тастар едім-ау. Соған жете алмай қалам ба деп қорқамын. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, олай-бұлай боп кетсем, толғағы келіп, шыр етіп жарық дүниеге шығуға аз қалған шығармам өзіммен бірге көміледі-ау. Жанымды қинайтыны сол. Оны дәл мендей жалғастырып жазатын ешкім болмас. «Кентавр» талай жыл жүрегіме ұя салған ақ қанат құсым еді. Соның қанат қаққанын көре алмаймын-ау» деп күрсінген.
Содан кейін көп ұзаған жоқ, дүниенің жалған екенін айғақтап, келместің сапарына аттанып кете барды. Дүние жалған деген осы.
Тұрсын Жұртбай, жазушы:
ТҰЙЫҚ ТАЛАНТ
Қазақ қаламгерлерінің арасындағы ең тұйық әрі ішкі тегеуіріні қуатты, қаламнан басқа қарапайым тіршілікке қыры жоқ, өзінің көркем қиялының ауыздығымен алысып өткен трагедиялық талант иесі Марат – Марат Қабанбаев. Бақ-талайына бұйырған балалық шақтың «кермек дәмі» оны өмірге кекті намыспен, булыққан бұйығылықпен қарауға мәжбүрлеп, кісікиік – кентавр етіп өсірді. Еркелеуді, ағайынның алғауын, жақындардың жалғасуын көрмей өткен қазақ болса, ол – Марат. Сол намыс пен булығудан арыла алмай, өмірге тісін қайраған жанталасты күймен дүниеден озды. Туғаннан талқыға салған тағдырдың шеңгелі оны фанидің соңында да алқымынан алып босатпады.
Сол жылдары ешкімнің де көсегесі көгеріп күн кешкен жоқ. Бірақ Мараттың басындағы жалғыздық пен тарығуды оның еш замандасы басынан өткерген емес. Арысы – әлем, берісі – одаққа танымал Марат өз шәкірттері пәтерден пәтер ауыстырып, жағдайларын дұрыстап жатқанда, екі бөлмеде жиырма бес жыл тұрды. Одақ ыдырап, қаңқасы көтерілген иесіз үйге әзер қолы жетіп, марқұмдар Мейрам Асылғазин, Талаптан Ахметжанов үшеуі үш жыл жөндеді. Қырғызстандағы кеңестен ауырып қайтқан ол қолқа еті қабынған дертінен құтылу үшін қаражат іздеп қалай жанталасты десеңші. Адал, ақкөңіл жары Сәуленің және жоғары оқу орнынан қол үзе жаздап күлше нан сатып әкесіне демеу болған ұлы мен сүйікті қызының аялы мейірімдері ғана оның дімкәс жүрегін жұбатты. Соңғы рет табалдырығының алдында тұрып: «Қу тіршіліктің қыспағынан құтыламай-ақ барамын. Әттең, алаңсыз аз өмір болса «Кентаврды» (роман) аяқтап кетсем, арманым болмас еді», – деп теріс бұрылып кеткені әлі есімде. Оның жан сырын бір түсінсе Тұрысбек (Сәукетаев) пен Асқар (Егеубаев) ғана түсінген шығар.
Қатар оқып, бірге қызмет істеген шағымызда байқағаным, кейде ол сәл жайбарақаттана қалса болды, өзін өзі қолдан қинайтын сияқты көрінетін. Жазғанына да, сызғанына да еш риза болған емес. Көркем сөзді аялайтыны сондай, жылына бір рет «Жұлдыздың» тапсырмасымен іссапарға барғанда әлгі көркем очерктің өзін қиналып жүріп әзер жазатын. Бар қалам күшін көркем сөзге сақтайтын. Соңынан қалмаған мұқтаждық оны өмірінің соңында белсенді публициске айналдырды. Ол қазақтың бойындағы тоқмейіл «қазақшылықпен» күресті. Бұл оны оппозициялық басылымға алып келді. Ол сол басылым арқылы «күрмеуіне келмей жүрген қысқа жіптің ұшына кендір жалғағысы келді» және адал істеді. Соңғы айларда жалақы тимеген күндерінде оның қысылғанын айтпаңыз. Біздің де «мұршамыз» белгілі болатын. Абай айтқандай: «Ағайынға күн түспек, Ол да үлкен қарғыс қой. Беретіні ең күштеп, «Бейшара» мен «Байғұс» қой» – дегеннің кейпінде еді. Оның көңілденгені кейде өзіне жараспай тұратын сияқты еді. «Жұлдыздың» жыл сайын жаңа жылды ұжым болып қарсы алу дәстүрі бар еді. Сонда міндетті түрде Абайдың «Жарқ етпес қара көңлім неғылса да» атты әнін жоғары дауыспен орындайтын. Менің ойымша, оның көңіліне сәулені Сәуле ғана түсіре алды. Өйткені ол Маратты сүйетін. Шын сүйетін. Сондықтан да сүйеу болды.
Ал жазушы Марат Қабанбаевтың көркем ойлау жүйесі, көркем әлемі, көркемдік мәнері, сөйлем құрылымы, көркемдік шешімі – қазақ прозасындағы авангардтық құбылыс болатын. Оның жазу мәнеріндегі көркем бейнелеу де, астарлы қыжыл да, қасақана қыжырыну да, психологиялық қайшылық та, сөздік құрылымы мен теңеулеріндегі кедір-бұдырлық пен қасарыса тістесу де, Мараттың дүниені көркем қабылдау түйсігі қалыптаса бастаған тұста жүйкесін билеген табиғи жазушылық мінез еді.
Мараттың талантының тұйықтығы – шығармасының тұйыққа тірелуі емес, керісінше ұзаққа бастайтын жол арнасы. Мараттың жан құпиясы –шығармаларында. Оның өзгелерден бой озып шығатын кезі де алда. Оның шығармаларының толық жинағы неге басылмайды? Мен соған таңмын әрі асыға күтіп жүрмін.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ