Бүгін Алматы қаласында орналасқан Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимаратында «Байтақ-Болашақ» экоальянсының ұйымдастыруымен Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толуына байланысты жиын өтті.
Бұған бір қатар белгілі қоғам қайраткерлерімен бірге осы полигонды жабуға үлкен еңбек сіңірген «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов қатысты. Жиын барысында Олжас Омарұлы Семейде орналасқан әлемдегі ең ірі атом бомбысын сынақтан өткізетін полигонды қалай тоқтатқаны жөнінде естеліктерімен бөлісті. Қылышынан қан тамған КСРО ол жерде 456 ядролық және термоядролық сынақ өткізгені белгілі. Ал оның зардабы ұшан-теңіз. Ол полигонды жабу оңай болмағаны анық. Өз естеліктерімен бөліскен Олжас Сүлейменов тек өткен күнмен шектеліп қалған жоқ. Еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігі, болшағы жөнінде тілге тиек етті. Мемлекетке үлкен серпін беретін идеологияның әлі қалыптаспай жатқанында сөз етті.
Әдебиет, руханият саласыда қалыс қалған жоқ. Әдебиет жөнінде тілге тиек еткен Олжас Омарұлы: «мен тәуелсіздік алғалы бір шығармама бір тиын қаламақы алған жоқпын. Соңғы кітабым тәуелсіздіктің алдында жарық көрді. Оған 250 мың рубль алдым. Бұл сумманы сол кездегі АҚШ долларының құнына шаққанда 400 мың доллар болатын еді. Бірақ ол қаламақыны мен үйге апарған жоқпын. Бірден 8 пәтер сатып алдым. Кімге дейсіңдер ғой. 86 жылы ұлт үшін алаңға шығып, қазақпын деп қасқайып тұрған азаматтарға бердім. Мұны қазір бірі білсе, бірі білмейді» деді. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі, халық үшін тиімді тірліктер жасап жатқанын, президенттің ұстанған бағыты оңды екенінде айта өтті.
Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимаратында өткен жиынан кейін «Атакент» іскерлік көрме орталығында ақынның қатысуымен алма ағаштары отырғызылып оған «Олжас Сүлейменов аллеясы» деген ат берілді. Бұл іс-шараға қала тұрғындары, табиғат жанашырлары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, журналистер қатысты.
Азаматхан ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы