Ресейдің жоғарығы лигасында допты хоккейден өнер көрсететін Оралдың «Ақжайық» командасы Ульяновск қаласында жергілікті «Волга-Черемшан» командасымен екінші кездесуін өткізді.
Тартысты өткен бірінші таймда командалар тең түсті – 3:3.
Алайда екінші кезеңде басымдық танытқан айдын иелері қатарынан төрт гол соғып, 7:3 есебімен алға кетті. Десек те оралдықтар да қарап қалған жоқ, бірақ үш доп енгізгенімен, одан әріге уақыт та, шама да жетпеді, қорытынды есеп – 6:7.
«Ақжайықта» өнер көрсететін ресейлік сұрмерген Максим Пахомов үш доп соғып, хет-триктің авторы атанса, Ершат Амангелдиев, Максим Өтебалиев, Артем Лапшин бір-бір голды қанжығаларына байлады.
Енді Николай Шавалдиннің шәкірттері келесі матчтарын өз алаңында өткізеді. Олар 30-31 қаңтарда Оралда Верхний Уфалейдің «Никельщик» командасын қабылдайды.
Қайрат Қаптағай