Home Жаңалықтар Әнім сен едің

Әнім сен едің

239

БІР ӘННІҢ ТАРИХЫ
Ақын Тұманбай Молдағалиевтың естелігінен

…Құрманғазы көшесі мен бұрынғы Коммунист даңғылы көшесіндегі біздің үйге келдік. Шәмші әнін пианинода ойнай бастады. Ән бойды билеп алып барады. Әсем сазды, мұңды ән. Сәулесі мол дүние.
– Шәке, бұл ән не жайлы деп? – деп сұрадым Шәкеңнен.
– Осы күні де, бұрын да бір-бірін сүйіп тұрып қосыла алмағандар аз емес қой. Бұл бір мұңлық жігіттің басқа жігітке күйеуге шығып кеткен сүйген қызына айтқан өкініш жыры болуы керек шамасы, – деді.
Мен қағаз-қаламымды сайлап алдым да, әннің сөзін өзіме тән тездікпен жазып шықтым. Кәдімгі он буынды өлең. Шәкең мен жазған қағазға қарап, әлгі әнді пианиноға қосылып орындай бастады. Біраздан соң Шәкеңе мен қосылып айттым әлгі әнді. Енді біраздан соң Күлтай қосылды бізге. Сөйтіп арманына жете алмай өкініш күйін кешкен жігіттің ішкі зарын сыртқа шығардық.

Әнім сен едің кеште салатын,
Содан жас жаным бақыт табатын.
Шамын басқа үйдің жақтың, аяулым,
Сендей бақытты қайдан табармын?! –

деп шырқадық біз. Әлі күнге дейін осы әнді де қазақ жастары қосылып айтады, қосылып шырқайды.
– Мына «Шамын басқа үйдің жақтың, аяулым» деген сөзде керемет сыр жатыр, Тұманбай, – деп Шәкем қолымды қысты.
(Молдағалиев Т. Таңдамалы туындыларының көп томдығы. Алматы: – Қазығұрт, 2002. Т.13. 448-449 б.б.).

Суретте: Шәмші және Тұманбай ағалар.

Алдыңғы жазбаҚазақтың Қадырын жылатқан кім?
Келесі жазбаБаталов: “Көп балалы отбасыларға коттедж қалашықтан үй беруді қолға аламыз”