Home Жаңалықтар Амангелді АЙТАЛЫ, Қоғам қайраткері: Қазақтар бүгін біртұтас ұлт емес. Бай-жарлы болып,...

Амангелді АЙТАЛЫ, Қоғам қайраткері: Қазақтар бүгін біртұтас ұлт емес. Бай-жарлы болып, орыс-қазақ тілді болып жарылып отырмыз

37

Дәулетіне қарай ең бай топ пен ең кедей топтың табысының алшақтығы 17-20 еседен келеді. Ал Астанадағы жоғары топ шенеуніктер мен ауылдағы қыстан амалдап отынын, малының азығын үнемдеп қыстан шығып келе жатырғандардың 1000 еселеп асады. Ауылда бүгін 421 мың адамның ресми деректер бойынша тұрмысы ең төменгі топқа жатады. Номенклатура мен қара халық, байлар мен кедейлер арасындағы жік тіл мәселесінде де көрініп тұр. Жуырда Үкімет мемлекеттік тілді қолдану туралы жиналыс өткізді. Артынша теледидардан орыс тілінде өтіп жатқан Үкімет отырысы туралы ақпарат көрсетілді. Одан қазақ мынадай ой түйеді: «Біздің билік, «біз орысша сөйлей, жаза берейік, ал мына қара халық қазақ тілін меңгерсін» деген саясат жүргізеді екен ғой» деп.

Осы орайда Смағұл Садвақасұлының мына бір пікірі ойландырады: «Мысал үшін мынадай бір сөз айтайық: қазақ базарға сатуға малын алып келді. Распикасы қазақша жазылған. Оны қазақша білмейтін милиция дұрыс деп таппады. Анаған расписканы орысша жазып алып кел деді. Жай қарағанда, бұл әрине ұсақ нәрсе. Ұлттық психология жағынан тексерсек, бұл үлкен жұмыс. Қазақша жазылған расписка жарамағаннан кейін ана қазақтың жүрегінде өз ұлтының кім екендігі сезіледі. Оның көзінде қазақтың жұмысының бәрі орынсыз, осал екендігі боп көрінетін болады. Ол өзінің күшіне өзі сенбеуге айналады. Оған басқа ұлттың алдында жасқаншақтық пайда болады, ол басқа жерде кеудесі көтеріліп, аяғын алшақ басып жүре алмайды».

Үкіметі, соты, министрліктері, әкімдігі, басқа органдары қазақша сөйлемейтін мемлекетте «Қазақ елі» деп, Смағұл айтқандай, кеудемізді көтеріп, аяғымызды алшаң басып жүре аламыз ба? «Менің елім, менің жерім, менің тілім» деп мақтанғысы келетіндер де мақтана алмайды. Себебі оның ұлы тілінің үні жолдауларда, Үкімет отырыстарында естілмейді. Орысша сөйлеу, орысша ойлау қалыпты жағдайға айналғаны қашан?

 

Алдыңғы жазбаҚарыз жүктемесін азайту: 629 мың қазақстандыққа көмек көрсетілді
Келесі жазбаМен саған ғашық едім…