Home Жаңалықтар Дулат  ИСАБЕКОВ,  жазушы, Мемлекеттік  сыйлықтың  иегері:Қазақ  ұлт  болып  қалыптасқан  жоқ

Дулат  ИСАБЕКОВ,  жазушы, Мемлекеттік  сыйлықтың  иегері:Қазақ  ұлт  болып  қалыптасқан  жоқ

56

– Кезінде жұрт  іздеп  жүріп  оқыған «Қарғын»  секілді  роман  қаламыңыздан  қашан  туады?

Әй, қайдам.  Ол  кезде  романтика  болатын.  Қазіргі  өмірде  романтика  жоқ,  бәрі  прагматика.  Күн  көріс,  таласу,  тармасу,  атысу, шабысу.  Міне,  осы. Бұл  біздің  қанымызға  сіңбеген.  Бәлкім,  келесі  ұрпақ  осы  жөнінде  жазар.

– Рушылдық дегенге  қалай  қарайсыз?

Талантты адам ешуақытта  руға  бөлінбейді.  Бұл  дарынсыздардың  ісі. «Қазақ  ұлт  болып  қалыптасқан  жоқ»  деп, мен  қазақ  руға  бөлінген  соң  айттым. Мәселен,  кім  болса  да, қазақ  жалқау,  қазақ  қорқақ, қазақ  жасқаншақ  деп айтсаң,  «е»  дейді  де  қоя  салады.  Ал  сен  алдыңдағы     адамның  руын  сөйдеп айтып  көрші, атып  тұрып  жағаласа  кетеді, шыр-пыр  етіп  қорғайды.  Ренжиді. Міне  көрдің  бе,  біз  сол  тайпалық,  рулық,  тобырлық   деңгейден  алыс  кете  қойған  жоқпыз.

Рас,  біздің  буында   рушыл  жігіттер  болды. Бір  жерге  бастық  болса, жерлестерін  тартуға  даяр  тұратын.  Меніңше  адамды  жеріне  емес,  қабілетін  қарап  бағалаған  жөн-ау.   Сондықтан  менің ара-тұра  «қазақ  толық  ұлт  болып  қалыптаспаған»  деп  айтып қалатын  сөздерім, осындай  жағдайларға    куә  болып  жүргендіктен,  қазағымның осындай кертартпа  әрекеттерін  көргендіктен.   Әйтпесе  өз  ұлтымды   мен  неге  жек  көруге  тиіспін. Шіркін,  қазақ  руым  деп  емес,  қазағым  деп  өліп  тұрса  ғой  деп  кейде  армандайсын.  Бір  қазақты  біреу  қорлап  жатса,  екіншісі  ара  түсе  алса,  кегін  өзгеге  жібермесе, бәлкім  сонда  біз  қазіргіден  де   күшті елге айналар ма едік.

– «Елдің қамын жеуге тиіс – ғылымдағы, өнердегі, мәдениет пен әдебиеттегі тарланбоздарың түгел ұлтсыздық дертіне шалдыққан». Өзінің  «Жармақ»  атты  керемет туындысында   қазақтың  бетке  ұстар  ірі  жазушысы Мұхтар  Мағауин  осылай  күйінеді…

    – Ұлтсыздық  дертіне  шалдыққандар  не  қазақ  емес,  не  орыс  я болмаса  еуропалық  емес,  екі  ортада дүбәрә  болып  қалған  ұрпақ. Мұндай адамдардың  негізгі  ұраны  жалпы  адамзаттық  болып  келеді.  Ондайлардан  қорыққан  жөн.  Өйткені  оларға  сенің  ұлтың,  тілің,  дінің    қажет  емес.  Мәселен  кино  саласын  алайық.  Жапон  үшін,  француз  үшін  таза  қазақы  қасиетті  көрсететін  кино   керек. Соны  олар  бағалайды.  Ал  сен  жалпы  адамзат  үшін түсірсең,   оларға  оның   көк  тиынға  қажеті  жоқ. Өкініштісі   бізде  кино  саласында  еліктеу-солықтау  басым.  Өзіміздің  ұлттық  нәрімізді,  барымызды   көрсете алмай  жатырмыз. Баяғы  «Қыз  жібек»,  «Менің  атым  Қожа», «Гауһартас»  қандай  фильмдер!  Міне  сол  киноларда  қазақы  болмыс  тұнып  тұр  ғой. Оны  жапондар  да,  француздар да қызыға қарайды. Өйткені  онда жалпылама  емес, ұлттың  мінез-құлқы, мәдениеті,  салт-дәстүрі,  бейнесі   жатыр.  Сонысымен  құнды. Рас,  өзгенің  өнерін  сыйла,  таң қал,  бірақ  табынба! Алдымен  өзіңді  сыйла,  сосын барып  өзгені. Өзге  ұлтты  қайдам,  біз  кеңес  заманында   интернациолдықтың   қазанында  көбірек  қайнап  кеткен  секілдіміз. Содан  болар,  өзімізді  кейінге  ысырып  қойып,  өзгеге  қол  соққанды  ұнатамыз. Қараңыз,  біздің  қыздарымыз қытайға    тұрмысқа шықса,  бес  жылдан  кейін  қытай  болып  кетеді.  Жігіттеріміз де  сол.  Біздің  арамызда  жүрген  көп ағаларымыз  кезінде  әйелді  татардан алды. Ал  олардың  әйелдері  өле-өлгенше татарша сөйледі. Өз  тілін  өлсе де  ұмытпады. Ал  біздің  ұлттың  адамдары  керісінше,   өзгелерге тізірек  сіңіп  кетуге  бейім  тұрады. Неге? Қанымыз  әлсіз  бе,  намыс    кем  бе?

«Бiз дәл қазiр өзiмiздiң құрдымға құлап бара жатқанымызды сезiп отырған жоқпыз. Күндердiң бiр күнi шыңыраудың түбiне жақындағанда ғана күнiмiздiң бiткенiн сезетiн шығармыз» – дейді  батыс философы  Ницще.  Осы  біздің  ұлт  ақырзаман алдында  тұрған  жоқ па?

–  Ақырзаманды жеке адам басына  да,  ұлт  тағдырына  да  байланысты айтуға  болады.  Баяғыда  Қалтай  Мұхамеджанов қайтыс  болғанда  «әй  ақырзаман  осы  шығар»  деп едім. Анам  қайтыс  боларда  жанында  болдым.   Жарық  дүниемен  қоштасарын  сезді  ме,  көзіне  жас  толып пеш  түбінде  үнсіз  жатты. Сүйтіп  отырғанда  көрші  кемпір  келді. Ол  кезде  ыдыс-аяқ  кем  кезі.  Базардан алып  келген әдемі  өрнектелген  сырлы  қасық  пен  тостақ  бар  еді.  Көрші  кемпір   келе  салып  соны   алып  табанына  салып  сындырды.  Шешемнің  аты  Күміскүл  еді.  «Күміскүл,  дүние  ойран,  ақырзаман,  ақырзаман»  деп     дауыс  шығарып  қояды. Басқасын да    сындыруға  болатын еді. Қазір  ойлаймын,  әлгі  кемпір    жаңа  ыдысты  бекер  шаққан  жоқ  -ау,  дүниеден  озып бара  жатқан  шешем  өзінен  кейін   дүниенің қараң  қалып,  ойрандалып  жатқанын  сезсін  деді  ме  екен. Ұлттың  жойылуы  өте  ұзаққа  созылатын  процес. Мана айттым  ғой,  егер де  біз    тобырлық  қалыпта  қалатын  болсақ  түбі   ақырзаманға  душар  болатынымыз  хақ. Әрине  бұл  жерде  дүние  қирап,  аяғы  көктен келеді  деген  мағына емес.  Біз  сол  сыртқы  келбетіміз  қазақ  болып  қалғанымызбен,  жан  дүниеміз  өзгеріп, тіліміз  өшіп, өзіміз өзге  ұлтқа  жұтылып  кетуін айтып  отырмын. Бірақ  мен  өз  ұлтым  ондай күйге  душар  болады  деп айта  алмаймын. Ең  бастысы – біз  өзіміз  кім екенімізді  ұмытпауымыз  керек. Бойда  намыс, жігер  болса  оңайшылықпен  ешнәрсеге  дес  бере  қоймаспыз деп  ойлаймын.

 

tazael.kz

 

Алдыңғы жазбаҚайдасың, алтын шаһар?
Келесі жазбаО, сорлы! Тойда қызғанып, қатынын ұрды