Қазақстанның әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығының иегерлері анықталды. Сыйлықтың 2018 жылғы иегерлері Ақорданың ресми сайтында жарияланды. Сыйлыққа ие болғандар арасында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева бар. Оған сыйлық өзі продюсер болған «Анаға апарар жол» фильмі үшін берілген. Фильм сценариін жазған Тимур Жақсылықов, режиссері Ақан Сатаев, фильмде рөлдерді ойнаған Әділ Ахметов пен Алтынай Нөгербек те сыйлыққа ие болды.
Сонымен қатар «Абай» операсын қойғаны үшін «Астана Опера» опера және балет театрының ұжымына, «Алқоңыр дүние» өлеңдер мен балладалар жинағын жазған ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовке, «Ана сыры» өлеңдер жинағын жазған ақын Ақұштап Бақтыгерееваға, «Шуақты шақ» өлеңдер жинағын жазғаны үшін ақын Өтеген Оралбаевқа мемлекеттік сыйлық берілді.