Home Жаңалықтар «Алашорда» қайраткерлері «Тар жол, тайғақ кешудің» құрбаны  ма?

«Алашорда» қайраткерлері «Тар жол, тайғақ кешудің» құрбаны  ма?

41

Жазушы, ғалым Тұрсын ЖҰРТБАЙ Алаш арыстарына арналған «Ұраным – Алаш» атты үш томдық зерттеулерден тұратын кітаптың авторы.

Рас, иісі қазақ үшін «Алашорда» қайраткерлерінің орны ерек. Себебі «тәуелсіз қазақ мемлекетін құрсақ, өзге жұртпен тереземізді тең етсек, жерімізге ие болсақ» деп сол үшін күресіп, сол жолда жанын құрбан еткен бір туар аяулы ұлдар қазақ деген халықтың мәңгілік жадында. Автор басылымға  бірген  бір  сұхбатында,  осы кітаптың   қалай  жазылғаны  жөнінде  айта  келіп, кеңестік  қапасқа  қамалған  алаш арыстары  жайында  былай  дейді:

 

– Тергеу ісі қалай жүргізіліпті?

– Тергеу жауаптарының мазмұнынан тұтқындалған адамдардың еркіндікте жүрген кезіндегі өзара қарым-қатынасы, деңгей-дәрежесі анық аңғарылады. «Алашорда» үкіметі мүшелерінің, яғни самодержавие тұсында түрменің дәмін татып, сынақтан өткен, алғашқы топта тұтқындалған қайраткерлердің жауаптары бір ыңғайда, бір мағынада, аумағы өлшемді ұғыммен берілген. Олар сөз арасына кездейсоқ адамдардың атын атамаған, жанама оқиғаларды кіріктірмеген. Идеясы, мақсаты, күрес жолы, сенімі мен пайымдары да ұқсас Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Халел Ғаббасовтың, Елдес Омаровтың жауаптары бір жерден шыққан. Бір қызығы, тергеушілер оларды «жүздік жақындықтарына» қарап топқа бөліпті (мысалы, бірінші топ – А.Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сейдазым Қадырбаев, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков, Елдес Омаров; екінші топ – Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәленов; үшінші топ – Мұхамеджан Тынышбаев, Жұмақан Күдерин, Біләл Сүлеев). «Қазақы қарға тамырлық» бұл адамдарға тән емес екенін тергеушілер ескермеген сияқты.

– Тергеуге тартылғандар өздерін қалай ұстапты? Өйткені түрме қысымына шыдамағандар жалт беріп, шындықты жайып салып, өзгелердің обалына қалып жатаныны белгілі…

– Әлихан Бөкейхановтың жауабы қысқа да нұсқа. Ойын шымырлата қорытып: «Маған «Алашорданы» білесіз бе? – деп сұрақ қойма. Мен – «Алаш» партиясы мен «Алашорда» кеңесінің төрағасымын, «Алашорда» үкіметінің төрағасымын. Сондықтан да оның іс-әрекетіне толық жауап беремін. Ал «Алашорда» кеңес өкіметін мойындап, оның бұрынғы іс-әрекеті үшін ешкім де, ешқашанда жауапқа тартылмайтыны туралы Ленин қол қойған келісімнен кейін, ол үкімет тарихтан кетті. Егер де Лениннің қолы оның өзі өлген соң жүрмей қалса, онда үшінші адам болып Сталин қол қойған. Ол келісім күшін жойған жоқ. Жойса, келісім бойынша, маған хабарлар еді. Мен Сталиннен ондай хат алғам жоқ. Әлде, сендер оны мойындамайсыңдар ма? Онда маған жазбаша жазып беріңдер. Ал жазбасаңдар, демек ол келісім күшінде, одан да келесі сұрағыңа көш»,– деген мазмұнда жауап берген.

Бұл кісінің мысы қашанда басым тұратынын көрген жанның бәрі (Әлкей Марғұлан, Халижан Бекхожин, Ғалым Ахмедов, Мариям Мұқанова, Валентина Николаевна Әуезова) айтып еді. Тіпті тұтқындауға келген «жандыаларлар» да оны басына алмапты. Бұған Лиза Әлиханқызы Бөкейханованың: «Әкемді ұстауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде саспастан: «Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Мәдениетті кісілер дәстүр аттамайды»,– деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: «Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?» деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: «Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат» деді де маған қарап: «Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса – келместің» командировкасы» деді сабырмен. Тергеушілер мұның бәрін үнсіз тыңдап тұрды, үндеуге бата алмады. Мен соған таң қалдым» деп кеңес тұсында алаш тарихынан жабық тақырыпта докторлық диссертация қорғаған тарихшы Жақсалиевке айтып берген осы оқиға толық дәлел. Жауап алынған жетпіс адамның бәрі де: «Біз Бөкейхановпен еркін сөйлесе алмаймыз. Оның мысы басып тұрады және астарлап сөйлейді» деп жауап берген. Ал өзі: «Мен тек Байтұрсыновпен, Дулатовпен ғана ұлт туралы ашық сөйлесе аламын» деп жазыпты.

Ахмет Байтұрсыновтың да жауаптары сондай сөзге сараң, байыпты, тек Дінше Әділевпен беттескенде ғана: «Кілті ішіне салынған шифрлы хатты сендей пысықайлардан гөрі Дулатов пен Бөкейхановқа сеніп тапсырған болар едім» деп қабағын шытқан. Мағжанды: ол – ақын ғой. Ақындар жеңілтек келеді. Сондықтан да онымен пікір алыспаймын; Тұрарды: ол – большевик қой, ал мен большевиктерді ұнатпаймын; Сұлтанбекті: ол – коммунист қой, коммунистер мені жек көреді. Жалпы, бұл екеуімен сөйлесетін ортақ тақырыбым жоқ. Олар ғылыммен айналыспайды. Ал мен бос сөзге әбден тойғамын,– деп өзінен аулақтата жауап берген. Сол арқылы оларды тергеу аясынан сырт қалдырып отыр. Әйтпесе, Тұрар мен Сұлтанбекті уақытша болса да татуластырғаны дерек арқылы дәлелденген шындық.

– Түрме психологиясы деген бар ғой. Кім өзін қалай ұстапты? Қысқаша мінездеме бере кетсеңіз.

– Халел Ғаббасов – түрменің өзінде де шындық үшін күресіп, пікірін дәлелдеп, заңды талаптарынан бас тартпаған. Тергеушілер де ерегесіп, оны өзгелерден бөлек жеке камерада ұстаған. Сөйтіп жүйкесін жұқартқан. Соған қарағанда: ату жазасына кесілген үкімді естісімен, кешірімді күтпей, өз еркімен өмірден бас тартқан-мыс – деген қауесет те бар. Жүсіпбек Аймауытов – шығармашылығы арқылы көркем көзқарасын жеткізуге ұмтылған. Бір өкініштісі, өзінің соңғы романы жаңа экономикалық саясатты бейнелейтінін, ондағы кейіпкер – капитализмнің тілін білетін, жаңа экономикалық саясат тұсында капитал жиған қазақтың байы,– деп көрсетеді. Сол қолжазбаны 1934 жылы Евгения Аймауытова Ғабит Мүсіреповке аманат етіп тапсырыпты. Ал ол қаламгердің тура сол тақырыптағы атақты шығармасынан Ж.Аймауытовтың жазу мәнері бірден байқалады. Өзі: «Менің ұстазым – Жүсіпбек. Ана романды соған еліктеп жаздым», – деп бізге де, басқаларға да, баспа жүзінде де айтып қалғаны бар. Күмәннан құдай сақтасын. Әйтеуір Аймауытовтың сол романы жоғалып кетті. Енді табыла қоюы неғайбыл. Мағжан Жұмабаев өзін түрмеде де ақын ретінде ұстаған. Оның көрсетінділерілеріндегі сөздерінен көркем ойдың табы шарпылып тұрады.

Мұхамеджан Тынышбаевтің жауаптары ұзақ әрі шашыраңқы, аңғал баяндалған, ойының етек-жеңі жиналмаған. Сөзі де, жазуы да созылмалы, немкеттілік басым. Оның саясаткерлігіне түрмелестерінің ешқайсысы баға бермейді. Алғашқы көрсетінділерінде өзіне тағылған барлық айыптарды мойындайды. Бірақ та кейінгі жауаптарында одан бас тартып: «Менің ол жолы денсаулығым нашарлап тұр еді. Не айтқанымды, неге қол қойғанымды түсінбедім. Енді бәрі есіме түсіп отыр» деген уәж білдірген. Мұхтар Әуезов басында өзін сыпайы ұстаған. Тергеу соңында «жіби бастағаны» сезіледі…

Ең көп сұрақ-жауап алынғандар М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов және Ә.Ермеков. Олардың бұл жауаптары кейін айыптау үкімінде үзінді-үзінді ретінде пайдаланылған.

 

– Алашордашылар мен коммунистердің арасындағы көзқарас қайшылықтары тергеуде қалай баяндалған?

– Әрине, түрмедегі тұтқындардың жанын жалдап берген айғақтарының шындығына толық сенудің қисыны жоқ. Дегенмен де жиырма-отыз адамның пікірінің орайлас келуіне қарап, С.Қожанов пен Т.Рысқұловтың, С.Сәдуақасовтың арасындағы шиеленістің себебі: Қазақстан мен Түркістанның қосылуы турасында екеніне көз жеткізуге болады. Тергеу ісіндегі сұрақтар мен көрсетінділердің бестен бірі осы үш қайраткер туралы. Алашордашылар бұл үш азаматты да бағалаған. Іш тартқан. А.Байтұрсынов оларды татуластырған. Бірақ кейіннен араларына Сталиннің өзі сына қақты. Голощекин өзінің республикадағы беделін нығайту үшін осы үш азаматты бір-біріне қарсы қойған сияқты. Т.Рысқұлов ортақ Түркістан республикасын құруды, ал С.Қожанов солтүстіктің халқын оңтүстікке қоныстандырып, Ташкентті астана етіп, тәуелсіз Қазақстан республикасын құруды, С.Сәдуақасов оңтүстік пен солтүстікті қосып, Ресейдің құрамындағы дербес Қазақстан автономиясын құруды ұсынған.

Әрине, мұның барлығы жеке бастарының мүддесі үшін емес, елі үшін түскен ерлердің ерегесі еді. Үшеуінің де мүддесі бір, күрес жолы, амалдау тәсілі өзге. Бұл үшеуіне қарағанда Меңдешевтің, Сейфуллиннің, Нұрмақовтың көзқарастары мүлдем басқа.

«Алашорда» қайраткерлерін әшкерелейтін «Тар жол, тайғақ кешудің» тура сол тергеу ісі жүргізіліп жатқан кезде жазылып, жариялануы кездейсоқ үндестік деуге жатпайды. Ол да өзінің үгіт-насихаттық міндетін атқарды. Саяси сахнаға О.Исаев, Ұ.Құлымбетов, І.Қабылов, Е.Ерназаров сияқты қолжаулықтар шықты.

Алдыңғы жазба«Нұрлы жер» тұрғын үйлерін «7-20-25» арқылы алуға болады: Ай сайынғы төлем аталды – Ел жаңалықтары
Келесі жазба39 жылын түрмеде өткізген америкалық ақталып, 21 миллион доллар алатын болды – Бір үзік