Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Шұбар ауылының біртуар тумасы, қазақ Бауыржан Мырзабаев әлемді бағындырған, Еуропада сұранысқа ие дүлділ шабандоз. Ол – Чехияның үш дүркін чемпионы, Германияның төрт дүркін жеңімпазы. Жапонияға алғаш келіп, 2 апта ішінде ең үздік саналатын жүлдеге ие болған. Еуропада 1 жылда 100 мәрте топ жарған танымал жокей. Жылына 400-500 бәйгеге қатысатын Бауыржан Мырзабаев сырт елде танылмақ түгіл, бәсекелестік өршіген салада өз-өзіңді кәсіби маман ретінде дәлелдеудің қиын екенін айтады. Құдайдан тілері – ат спортының мемлекеттің қарамағына өтіп, ежелгі ата-баба дәстүрлі спортында қазақтан шыққан кіл үздік шабандоздарды шығару.
– Ауылдан шыққан қазақтың қара баласының әлем тамсанып қарап, таңырқап, бақылап отырған кіл мықты шабандоз атануының қандай құпиясы бар? Атқа шабуды қай кезде бастадыңыз?
Жеті жасымда аламан бәйгеге қызықтым. Менің әкем ат баптап, бәйге жарыстарына қызығушылығы жоғары болатын. Осылайша, жеті жасымнан бастап атқа шаптым. Бәйгеден оза шауып, тек бас жүлдені қанжығама байлайтын болған соң, әкем мені Ұлыбританияға жокейдің мектебіне жіберуді үнемі айтатын. Сол кезде бұл маған орындалмас арман сияқты болып көрінетін. Дегенмен түптің түбінде болашағымды осы спортпен байланыстыратынмын. Екінші әкемдей болған, Алматы ипподромының бұрынғы директоры Нұрлан Тілеулесов таныстары арқылы ат спортының отаны саналатын Ұлыбританияға немесе Италияға оқуға жіберу туралы ұсыныс айтты. Ақырында ол ұсыныс іске аспай, 2009 жылы Чехиядағы жокей мектебіне оқуға түстім. Жалпы, ат спорты дамыған елдерде жокей мектебінде оқуға қызығатындардың қарасы көп. Мысалы, Жапонияда жокей мектебіне жылына 600-700 бала жазылады, бірақ оның алтауы ғана оқуға қабылданады. Чехиядағы шабандоздарға арналған мектепте үш жыл оқып, дипломға теңелетін кәсіби жокей лицензиясын алдым. Сөйтіп, Еуропада өтетін жарыстарға қатыса бастадым.
-Жастайыңыздан бала арманыңыздың орындалуы үшін еңбек еттіңіз.
Маған серуендеген ұнайды. Бала күнімнен әлемнің түкпір-түкпіріне саяхаттауды армандайтынмын. Ол арманым да орындалды. Дегенмен бір күні әлемнің бір нүктесінде, келесі күні Жердің екінші қиырында болу қалыпты жағдайға ұласып кеткеннен кейін үйреншікті дүние болып қалады екен. Өмірде кез-келген құбылыс тұрақсыз ғой. Сол сияқты шетелдерге саяхаттау бұрынғыдай эмоция мен қуаныш сыйламайды.
-ТМД көлемінде, тарихында болмаған ең үздік шабандозсыз.
2013, 2014, 2015 жылдары Чехия чемпионы атандым. Негізі, төрт мәрте жеңімпаз атанар едім, бірақ ол чемпионатта екінші ұпайым жетпей қалды. Одан бөлек, жокейшілердің Еуропа чемпионатында бақ сынадым. Жылына бір рет өткізілетін бұл бәсекеде бір күн ішінде жеті-сегіз сайыста бой көрсетіп, «Еуропа чемпионы» атағын иелену үшін бақталасамыз. Қазақстан атынан қатысуға рұқсат алған мен 2016-2018 жылдары сол сайыста чемпион атандым. Әлі есімде, жеңіс тұғырында тұрғанда біздің ескі әнұран шырқалып, бір қызық болған. Бұл жарыстардан бөлек, дербиде топ жардым. Дерби – жылдың үздік бәйгесі. Чехия, Германия, Франция дербиі деп аталатын жарыстар – ат спортындағы ең беделді жарыстар. Ондай жарысқа қатысу, жеңіп шығу әр жокейдің арманы дер едім. Жокейдің мансабындағы ең үлкен екі атақ – чемпионат пен дерби жеңімпазы. Осылайша, ол дербилерде де бірінші келу бұйырған.
Бәскелестік жоғары. Өйткені, мен ұтып жатсам арқамнан қағады, ұтылып жатсам, «сырттан келген қазақ» деп мәлімдейді. Әр мемлекет тарапы өз ұлтының адамын қорғайды ғой. Өз мемлекетінің адамы жеңісті иеленгенін қалайды.
Жапониядағы жүлде қоры үлкен. Ең нашар деген жарыстардың өзінде, жұлде қоры біздің валютамен есептегенде – 50млн теңгені құрайды. Ол қаражаттың бәрі өзіме аударылмайды. Тек 5 пайыз мөлшері маған тиесілі.
-Жапонияда аламан бәйгеге қатысу үшін көп уақыт өткіздіңіз. Жапон халқы қандай екен?
Жапон халқы бауырмал, мейірімді келеді екен. Жапониядағы ат спорты Еуропаға қарағанда анағұрлым жақсы дамыған. Оның бір дәлелі, Жапония жаттықтырған аттардың Сауд Арабия, Америка, жалпы Еуропа елінің бәйгелерінде бас жүлдені қанжығаға байлауында. Жапонияда ат спортын сүйетін және оны бағалайтын адам көп. Мемлекет тұрғындары осы ат бәйгесіне көптеп ақша тігеді. Ең бастысы, ол ақшаның жеке иеліктегі букмекерлердің қалтасына емес, қайтадан осы ат бәйгесі сапасының, кәсібилігінің жоғары болуы үшін құйылады. Осындай стратегияның әсерінен бәйге сапасы жоғарылайды. Халық қызығушылығы жоғары болғандықтан, ат иелері соған сай қымбат, нағыз жүйрік тұлпарларды сатып алады. Жапондықтар қайсыбір салада кез-келген істі қолға алса, оны жылдан-жылға жақсартудың амалын ғана көздейді.
-Еліміздегі ат спорты туралы айтсақ, көзге жас келетіндей дәрежеде екенін айтқансыз. Майталман шабандоз ретінде еліміздегі ат бәйгесін қалай бірізділікке түсіре алатынымыз жайлы ұсыныс айтсаңыз.
Қазақ халқы атқа құмар халық қой. Күндердің бір күнінде біз де осындай дамыған елдердегіндей дәрежеге жетеміз деп ойлаймын. Біздің елдің жас шабандоз балалары төмен сатыдағы жаттықпай қалған деңгейде. 3-4 сынып оқитын балаларды ат спорттық жарыстарына еліктіреді, олар 4 жылдай бәйге шабады. Жарыстарға қатысып болғаннан кейін, салмағы арта бастайды. Мектебі де, еңбек жолындағы мамандығы да жайына қалады. 15-16 жастағы бала артына қараса, мектепте оқу оқымағанын, ал елде ат спортының дамымағанын көреді. Ондай бала мектепті жақсы оқығанда, жақсы азамат болып шығар ма еді деген ойда ғана қаламыз. Кілең үздігі ғана елде өтетін аламан бәйгелердің жаттықтырушы қызметін иеленеді. Ал негізінде еліміздегі ат спортындағы балалардың болашағы бұлыңғыр. Мен де шабандоздық жолымды жаттықтырушы болып, елдегі осы жағдайға іштей күйініп, кетіп қалған едім. Бөтен елге барып, үздіктердің үздігі болу аса ауыр әрі қиын. Сондықтан да өз елімізде, жылқы үйретудің Отанында, ат спортын дамыту біріншіден, өркениетті елдің іс-әрекеті болса, екіншіден еліміздегі туризм, спорт саласы жақсы жаңалықтарға толы болып, ілгері басатын еді.
-Дамыған елдерде ат спортының дамығанының озық бір үлгісі?
Шетел азаматтары мен азаматшалары ипподромда не үйде отырып-ақ, бәйге тігеді. Бізде бұл спорт түрін дамытудың әдетте екі түрі қарастырылған ғой. Бірі демеуші болса, келесісі – мемлекет. Жапония мемлекетінде бұл спорт түрі адал әрі әділ болып саналады. Мәселен, бокста ұту үшін екі боксердің біреуін сатып алып қоюға болады немесе футболда 11 адамды сатып алуға болады дегендей тәмсіл. Ал біз атқа әмір жүргізе алмаймыз ғой, немесе белгілі бір бұйрықпен шабандоздың аттын басын әдейілеп тартып, бұрып отырғаны камерадан көрініп тұрады. Сол себептен де, Жапония халқы бұл ойынның әділ түрде жүргізілетіндіктен көп ақша тігеді. Олар жұмыста отырып – ақ ақша тігіп ойнайды. Ұтыстан түскен пайданы біздікіндей қаншама шаңырақты қаржылық жақтан жарға жығып жүрген букмекерлер алмайды. Бүкіл түскен пайда ат спортына құйылады. Ат спорты бизнесі өз – өзін қаржыландырып, қаншама адамды жұмыспен қамтамасыздандырып отыр. Бір аттың күтіміне 4-5 адам жалданады. Осылайша, ат спорты ешкімге тәуелді болмай, дами береді. Қазақстандай кең байтақ, шұрайлы өлкеде ат спортын дамытпағандық өрескел қателік.
-Дамыған мемлекеттердегі жокейлерге көрсетілетін құрметтің ерекше екенінен хабардар болып жатамыз. Анығында солай ма?
Дамыған елдерде жокейлерге құрмет аса жоғары.Еуропада танымал спорттың түрі болғандықтан, ол жердің адамдарды біздің қоғамда аса бағаланатын боксшы не әнші қауымы саналатын өте танымал тұлғаның деңгейімен тең. Жокей – үлкен дәрежедегі спортшы болып саналатын тұлға. Жапонияға барғаныма 2 ай болмай жатып, біраз адамға танылып қалдым. Деңгей деген осындай. Елімізде осы ат спорты дамымағандықтан, мен сияқты Қазақстан өкілін Еуропа мемлекеттері көбірек таниды.
-Жарыста шабандоздың ұстануы тиіс басты қандай ережелері бар?
Жарыста шабандоздың үлкен ережелерді бұзғаны үшін 5 баллын алып қояды. Мысал келтірейін. Еуропада атты ұрудың айқын тәсілі бар, бірақ ұрудың лимиті жоқ. Германияда атты 3 рет қана ұруға рұқсат етілді. Қателіктер бір жылдың ішінде жасалынған жағдайда, атты 3 реттен артық ұрып қойғанда, бірінші 14 күнге, екінші жолы 21 күнге, үшінші рет 38 күнге дейін лицензия аласыз. Егер 14 не 38 күн бойы атқа шаппасаң, сенің күнделікті шауып жатқан атыңды басқа шабандоз иеленеді.
Жапония бойынша старттан шыққаннан кейін 200 метрге дейін ешкімге соқтығыспай, кедергі келтірмей шауып өту керек. Салынатын айыппұл көп. Салмаққа да байланысты қағидаттар бар. Бәйгеден келгеннен кейін салмағың +/- 500г болуың керек. Бәйгеден шауып келгеннен кейін салмақ 600 граммнан төмен болып тұрса, спорт жарыстарына қатысу құқығынан айырады. Ат жүлдесіз қалады. Аттың иесі де жақсы жағдайда болмайтыны анық. Ат иесі келесіде ұтылған шабандозбен байланыс жасағысы келмей қалады. Сондықтан, қателік жібермеу керек.
-Жокей ретінде ең маңызды атап көрсететін дайындық қалай жүзеге асады? Жарысқа бір – екі күн қалғанда сіздерді, шабандоздарды, арнайы қонақүйге орналастырып, техникалық гаджеттерден, ғаламтордан шектетеді екен. Осы туралы баяндап берсеңіз.
Жарысқа қатысып, дайындалу мақсатында, додаға 24 сағат қалғанда арнайы жайлы, жақсы жабдықталған қонақүйге орналастырады. Бірақ бір ескеретін жайт, ешкіммен байланыс орнатпау керек. Себебі неде? Біріншіден, ақша тігіп ойнайтын адамдарға ақпарат таратылмауын қадағалау, екіншіден жокейлер өз-өзіне жақсы көңіл бөлуі үшін жасалады. Шабандоздар жарысқа 1 күн қалғанда сауық-сайран құрып, ұйқы режимін бұзып алуы мүмкін. Мемлекеттің осындай қамдануы шабандоздардың жарыс кезінде миының тынық болуына ықпал жасайды.
Минималды салмағым – 55кг. Бойым – 1.70м.
-Сіз мінген ең қымбат ат құны қаншаға бағаланады?
Мен мінген ең қымбат ат құны 10-15 млн доллар тұрды. Еуропада ең қымбат аттардың алғашқысын Рамзан Қадыровтыкіне шауып жүрдім. Ол кісі кезінде ат бәйгесіне қызығушылық танытып, бәйгеге қомақты қаржы тігетін. Ресейге салынған санциялар әсерінен болуы керек, қазірде сыртқа көп шығып жүрген жоқ.
-Ат спортында әлсіздерге орын жоқ. Қатаң диета ұстайсыз. Ас рационыңыз неден тұрады?
Салмақ – ат бәйгесіне қатысатын шабандоздың басты крийтериі және жауы. Бір түнде 500-1000км жолды көлікпен жүреміз. Салмақ тастау өте қиын. 1 күнде 12 бәйге шауып, келесі күні тұрақты салмақты ұстап қалу үшін, нәр татпай жүреміз. Оңай нәрсе емес. Ас рационыма таза ет, көкөністер мен ақуыздарға, витаминдерге бай тағамдар кіреді. Атқа кішкентайымнан шауып үйренгендіктен, сол бала шағымда осы бәйге түрінде өзімді көргендіктен, маған бұл саладағы кез келген қиындық атаулысы өздігінен беріледі. Күнде жүгіріп, салмақ ұстап, диета ұстау керек. Бір жағынан мамандығым осы болғандықтан, артқа қайтуға жол жоқ. Дисциплина маңызды рөл атқарады.
Қаным қазақ болғандықтан, ат етін тұтынамын. Бірақ бұл туралы, әсіресе шетелде жүргенде тіс жара бермеймін (күліп).
-Сіз бір күні Парижде болсаңыз, екінші күні Дубайда жүресіз. Бәрін жоспарлап жүруге қалай үлгересіз? Әлде жеке агентіңіз бар ма?
Екі менеджерім бар. Бірі маған жүзден жүйрік ат іздесе, екінші менеджерім жолсапарымды толығымен басшылыққа алады.
-Алдағы уақытта қандай жоспарыңыз бар?
4-5 жыл өзімді одан әрі өз саламда шыңдай түскім келеді. Кейін елімізге оралып, қазақ шабандоз балаларына жаттықтырушы да болармын. Уақыт көрсетеді. Алда 9 ақпанда Дубайдағы бәйге жарысына қатысамын. Оған дейін салмақты реттеп, барынша күш-қайрат жинап алуым керек.
-Қазақ елінің өзіңіз сияқты болуды мақсат тұтатын жас шабандоздарға айтатын кеңесіңіз болсын.
Мен арманымның жетегімен шетелге шыққанда осындай деңгейге жетеді деп ойлағандар болмады. Ал бүгін маған сенбеген адамдарға озық дәлел бар. Арманымды сатпадым. Ешқашан берілмеу керек. «Өзіңе сен, еңбегің мен ақылың екі жақтап».
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Бағдат Сұлтанқызы