Қазақстанда мектеп оқулықтарының сапасы туралы дау жыл сайын қайталанады. Бірде оқулықтағы тарихи деректер сынға ұшырайды, бірде математикадағы қисынсыз тапсырмалар, енді бірде қазақ тіліндегі түсініксіз аудармалар мен баспадан кеткен қателер әлеуметтік желіде қызу талқыланады. Ата-аналар балаларына берілген кітаптардың сапасына шағымданады, мұғалімдер оқу материалдарының күрделілігі мен мазмұнына қатысты пікір білдіреді. Алайда қоғам көтеріп жүрген бұл мәселе әлі күнге дейін түбегейлі шешімін тапқан жоқ.
Соңғы айларда бұл тақырып қайтадан күн тәртібіне шықты. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқулықтарына жүргізілген талдау барысында 700-ге жуық қате анықталғанын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқулықтар қайта қаралған. Анықталған кемшіліктердің арасында географиялық атаулардың қате жазылуы, тарихи даталардың нақтыланбауы, оқушының жас ерекшелігіне сәйкес келмейтін материалдар бар. Бұл – бір-екі кітаптағы кездейсоқ қате емес, білім беру мазмұнына қатысты жүйелі сұрақ туғызатын жағдай.
Осы жерде заңды сауал туындайды: егер оқулықтар арнайы сараптамадан өтсе, мұндай қателер мектепке қалай жетті? Оған кім жауап береді? Автор ма, баспа ма, әлде оқулықты мақұлдаған сарапшылар ма?
Мәселенің қоғамды алаңдатуы бекер емес. Әлеуметтік желілердегі талқылауларға қарасақ, ата-аналардың наразылығы тек оқулықтағы бір-екі қатемен шектелмейді. Олар кітаптардың мазмұнына, тапсырмалардың түсініктілігіне, оқу бағдарламасының ауырлығына және оқулықтардың сапасына қатысты пікірлерін ашық жазып жүр. Биыл қыркүйекте Threads желісінде төртінші сыныпқа арналған «Әдебиеттік оқу» кітабының теріс басылған нұсқасы жарияланып, жұрттың назарын аударды. Кейбір ата-аналар балаларға жыртылған, тозған кітаптар берілгенін де көрсетті. Баспа өкілдері мұндай жағдайларда жалған көшірме өнімдердің бар екенін және типографиялық ақаулар болуы мүмкін екенін айтқан. Бірақ бұл жауаптың өзі мәселенің тағы бір қырын ашты: оқулықтың мектепке дейінгі бүкіл жолын кім және қалай бақылайды?
Әрине, әлеуметтік желідегі әрбір жазбаны ақиқат деп қабылдауға болмайды. Кейбір шағымдар тексеруді қажет етеді. Дегенмен ата-аналар бір мәселеге қайта-қайта назар аударса, оны жай ғана әлеуметтік желідегі шу деп қарастыруға болмайды. Бұл – білім сапасына тікелей қатысы бар қоғамдық сұраныс.
Ресми мәліметтер де мәселенің ауқымын көрсетеді. Kazinform агенттігінің 2026 жылғы 14 қыркүйектегі дерегіне сүйенсек, министрлікке түскен оқулықтарға қатысты шағымдардың 19,6 пайызы расталған. Оның 10,6 пайызы баспалар жіберген қателерге тиесілі. Енді жаңа талап бойынша оқулықтан қате табылса, баспа бүкіл тиражды өз қаражаты есебінен қайта басып шығаруға міндетті. Бұған дейін де мұндай жағдайлар болған. Мәселен, 2021 жылы екінші сыныпқа арналған ағылшын тілі оқулығындағы қателерге байланысты Edustream баспасы шамамен 400 мың дананы қайта басып шығарған. Ал 2024 жылы «Әдебиеттік оқу» хрестоматиясының 5,5 мың данасы қайта басылған.
Бұл деректер мәселенің бүгін ғана пайда болмағанын көрсетеді. Демек, бұрынғы шаралар оқулық сапасын толық қамтамасыз ете алмаған.
Ең қызығы, Қазақстанда оқулықтарды сараптау тәртібі бар. Қолданыстағы жүйе бойынша кітаптар ғылыми-педагогикалық сараптамадан өтеді, пысықталады, пилоттық мектептерде сынақтан өткізіледі, қоғамдық талқылауға шығарылады және пәндік комиссияның қорытындысын алады. Мәселен, 2026–2027 оқу жылына арналған оқулық жобалары 34 пилоттық мектепте сынақтан өткізіліп, арнайы онлайн платформада қоғамдық талқылауға ұсынылған. Яғни мәселе сараптаманың мүлде жоқтығында емес, оның нәтижелілігінде болып отыр.
Бірнеше кезеңнен өткен оқулықтан кейін 700-ге жуық қате табылса, сараптама сапасына да баға беру қажет. Сарапшылар кітапты тек ғылыми тұрғыдан тексеріп қана қоймай, оның баланың жасына, қабылдау қабілетіне, күнделікті өміріне қаншалықты сәйкес келетінін де бағалауы керек. Әсіресе бастауыш сынып оқушылары үшін оқулықтың тілі қарапайым, тапсырмалары түсінікті, мазмұны жүйелі болуы аса маңызды.
Тағы бір назар аударатын мәселе – оқулықтағы тарихи мазмұн. Бұрынғы сенатор Дархан Қыдырәлі Kazinform агенттігіне берген пікірінде қазақ мемлекеттілігінің тарихы оқулықтарда кеңірек әрі жүйелі қамтылуы қажеттігін айтқан. Оның мысал ретінде келтірген мәселелерінің бірі – Моғолстан тарихының оқулықтарда аз берілуі. Бұл жерде әңгіме тек даталар мен есімдер туралы емес. Бала өз елінің тарихын қандай жүйемен, қандай деректер арқылы танып өседі деген маңызды сұрақ тұр.
Оқулық – жай ғана ақпарат жинағы емес. Ол баланың дүниетанымын қалыптастырады. Сондықтан оның мазмұны ғылыми дәлелге, тарихи шындыққа және сапалы тілге негізделуі керек. Қате ақпараттың оқушы санасында қалып қоюы кейін оны түзетуден әлдеқайда қиын.
Әрине, барлық жауапкершілікті баспаларға артып қою да дұрыс емес. Оқулықтың авторын кім таңдайды? Сарапшылар қалай іріктеледі? Мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде қандай талаптар қойылады? Қате анықталған жағдайда сараптамаға қатысқан мамандардың жауапкершілігі қарала ма? Осындай сұрақтарға нақты жауап болмаса, баспаны ауыстыру немесе оқулықты қайта басу мәселені түбегейлі шешпейді.
Министрлік 2026–2028 жылдары мектеп оқулықтарын кезең-кезеңімен жаңартуды жоспарлап отыр. Бұл – мүмкіндік. Бірақ оқулықты қайта жазу мен сапалы оқулық жасау екі бөлек нәрсе. Егер бұрынғы сараптама жүйесі сол күйінде қалса, жаңа кітаптардан да қателер табылуы мүмкін.
Сондықтан Қазақстанға бірнеше нақты қадам қажет. Біріншіден, әр оқулықтың сараптамасына қатысқан мамандардың құрамы мен қорытындысы қоғамға ашық болуы тиіс. Екіншіден, кітап баспаға жіберілмей тұрып, тәуелсіз ғалымдар, тәжірибелі мұғалімдер және тіл мамандарының тексеруінен өтуі керек. Үшіншіден, қате жіберген баспа ғана емес, сапасыз сараптама жасаған тараптардың да жауапкершілігі қарастырылуы қажет. Төртіншіден, ата-аналар мен мұғалімдердің шағымын қабылдап, оның нәтижесін бақылауға мүмкіндік беретін ашық жүйе болғаны жөн.
Ең бастысы, оқулық сапасын бағалауда қағаздағы есеп емес, баланың алған білімі өлшем болуы керек. Мемлекет миллиардтаған қаржы жұмсап кітап шығарады. Бірақ сол кітап оқушыға сапалы білім бере алмаса, жұмсалған қаржының тиімділігіне де сұрақ туындайды.
Бізде оқулық мәселесі талай рет көтерілді, талай рет комиссия құрылды, ережелер өзгерді. Енді қоғамға тағы бір уәде емес, нақты нәтиже қажет. Өйткені сапасыз оқулықтың зардабын баспа да, министрлік те емес, ең алдымен мектеп оқушысы тартады. Ал баланың білімімен тәжірибе жасауға болмайды.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, dodanews.kz

































