Кешегі өткен Құрылтай сайлауында «Байтақ» жасылдар партиясының небәрі 1,07 пайыз дауыс алуы, осы партияға сенім артқандардың көңілін көншітпегені рас. Бұл — жай ғана сайлауда жеңілу емес, ақиқатын айтсақ, Қазақстандағы жасыл саясаттың бүгінгі жағдайына қойылған диагноз.
Өйткені жасылдар әлемде саясаттың шетінде жүрген қозғалыс емес. Экологиялық партиялар 90-ға жуық елде бар, ал 40-тан астам мемлекетте олардың өкілдері ұлттық парламенттерде отыр. Германияда «Жасылдар» үкіметтік коалицияларға қатысып, елдің саяси өміріндегі ықпалды күшке айналды. Австралия, Жаңа Зеландия, Ирландия, Финляндия, Бельгия, Швеция, Швейцария және басқа елдерде де жасыл партиялардың парламентте мандаттары бар. Көрші Өзбекстанда Экологиялық партия 2024 жылғы парламент сайлауында 13 пайыздан астам дауыс алып, 16 мандатқа ие болды. Демек, «жасыл саясат халыққа керек емес» деген түсінікпен Қазақстандағы жағдайды түсіндіру қиын.
Бір қызығы, «Байтақ» 2023 жылғы Мәжіліс сайлауында 2,30 пайыз дауыс алған еді. Ол кезде де партия Парламентке өте алмады, бірақ болашағы бар жаңа саяси күш ретінде көрінетін. Үш жыл өткенде нәтиже жақсарудың орнына екі еседен астам төмендеп, 1,07 пайызға түсті. Партия 97 мыңнан сәл астам дауыс жинады. Бұл — ойланатын көрсеткіш. Себебі үш жыл ішінде экология мәселесі Қазақстанда азайған жоқ, керісінше, ауа ластануы, су тапшылығы, қоқыс, климаттың өзгеруі, өндірістік қалдықтар сияқты проблемалар бұрынғыдан да өзекті бола түсті.
Ендеше мәселе неде?
Меніңше, мәселе халықтың экологияға қызықпайтынында емес. Мәселе — «Байтақтың» экологияны халықтың күнделікті өмірімен байланыстыра алмауында.
Қарапайым адамға «табиғатты қорғайық», «ауаны таза ұстайық», «қоқысты азайталық» деген сөздер дұрыс болғанымен, сайлау кезінде оның ойында басқа мәселелер де тұрады: азық-түлік бағасы, жалақы, жұмыс, баспана, коммуналдық төлем, медицина, баланың болашағы. Сондықтан қазіргі жасыл партия экологияны осы мәселелерден бөліп қарамауы керек. Керісінше, оның өзегіне айналдыруы қажет.
Мысалы, үйді жылу үнемдейтін технологияға көшіру — тек экология емес, отбасының коммуналдық шығынын азайту. Қоқысты қайта өңдеу — тек табиғатты қорғау емес, жаңа өндіріс пен жұмыс орындарын ашу. Қоғамдық көлікті дамыту — тек ауаны тазарту емес, қаладағы өмір сапасын жақсарту. Су үнемдеу — тек табиғи ресурсты қорғау емес, ауыл шаруашылығының болашағы. Энергетиканы жаңғырту — тек көміртекті азайту емес, елдің экономикалық қауіпсіздігі.
Міне, халыққа керек жасыл саясат осындай болуы тиіс. Экологияны саясатқа айналдыру үшін оны адамның денсаулығына, қалтасына және баласының болашағына байланыстыра білу керек.
«Байтақтың» әлсіздігінен көрінген тағы бір мәселе — партияның ішкі тұрақсыздығы. Сайлауға санаулы апта қалғанда партия ішінде төраға Азаматхан Әміртайдың қызметіне қатысты дау шықты. Бірқатар партия мүшелері оны ауыстыру мәселесін көтерді. Партия ішінде басшылыққа байланысты мұндай тартыстың сайлау алдында ашыққа шығуы кез келген саяси ұйым үшін ауыр соққы.
Пікірталастың болуы — демократиялық партия үшін қалыпты нәрсе. Бірақ оның соңы ортақ шешімге келуі керек. Сайлау алдында ішкі тартыс сыртқа шықса, сайлаушыға «Бұлар елді басқаруға дайын ба?» деген сұрақ туындайды. Халық «Өз үйінде ою оймаған, кісі үйінде тон пішеді» дейді. Саяси партия алдымен өз ішіндегі мәселесін шеше алатын ұйым екенін көрсетуі тиіс.
Бұл жерде мәселені тек Әміртайдың жеке басына тіреу де дұрыс емес. Керісінше, партияның құрылымына қарау керек. «Байтақ» дегенде қоғамның есіне ең алдымен Азаматхан Әміртай түседі. Бұл оның партия үшін маңызды тұлға екенін көрсетеді. Бірақ бір адамның танымалдығы партияның орнын баса алмайды.
Күшті партияда бір ғана көшбасшы емес, тұтас команда болады. Экономиканы білетін, әлеуметтік саясатты түсінетін, энергетика мен ауыл шаруашылығын меңгерген, жастармен сөйлесе алатын, қоғамға танымал бірнеше тұлға болуы керек. Сайлаушы «Байтақтың» атынан кім сөйлейді?» дегенде бір ғана есімді емес, он шақты мықты тұлғаны атай алуы тиіс.
Саясатта көшбасшы партияны бастайды, ал команда оны сақтайды.
Партия ішіне кімдердің келгені де маңызды. «Кездейсоқ адамдар келіп, іріткі салды» деп нақты адамдарды дәлелсіз айыптау дұрыс емес. Бірақ ұйымға көп адамды қабылдау мен сол адамдарды ортақ саяси мақсатқа жұмылдыру — екі бөлек нәрсе. Партияның ішкі мәдениеті мен саяси тәртібі мықты болмаса, мүшелер саны көбейгенімен, ұйымның саяси қуаты арта бермейді.
Осы жерде тағы бір қызық жайт бар. Партия өз мәліметінде 2025 жылдың соңында 110 мыңнан астам мүшесі болғанын айтқан. Ал биыл сайлауда 97 мыңнан сәл ғана көп дауыс алды. Әрине, партия мүшесінің бәрі міндетті түрде сол партияға дауыс береді деу дұрыс емес. Бірақ бұл айырмашылықтың өзі мүшелік сан мен нақты электоралдық қолдаудың бір нәрсе емес екенін көрсетеді. Саяси партия үшін қағаздағы мүше санынан гөрі, сайлау күні қасына ерте алатын нақты қолдаушысы маңызды.
Тағы бір әлсіз тұс — партияның кең көлемде танымал саяси брендке айнала алмауы. Қазір сайлау тек бағдарлама жазып, үгіт парағын таратумен шектелмейді. Әлеуметтік желіде кім сөйлейді, қандай тақырып көтереді, қандай видео тарайды, партияның әр өңірде қандай тұлғасы бар — мұның бәрі маңызды.
«Байтақтың» экологиялық мәселелер жөнінде айтып жүргені рас. Бірақ экологияны ұлттық саяси күн тәртібінің ортасына шығарып, оны миллиондаған адамның мәселесіне айналдыратын ақпараттық серпіліс байқалмады. Партияның өзіне жанашыр аудиториясы болуы мүмкін, бірақ сол аудиторияны кең электоратқа айналдырудың реті келмеді.
Ең бастысы, партияның нақты кімге сүйенетіні анық көрінбейді.
«Ауыл» десе — ауыл электораты түсінікті. Respublica десе — кәсіпкерлік пен жаңа буынға жақын аудитория елестейді. «Ақ жолдың» қалыптасқан электораты бар. Ал «Байтақтың» нақты сайлаушысы кім? Экологтар ма? Жастар ма? Қала тұрғындары ма? Өнеркәсіптік қалалардағы ауасы лас аудандардың тұрғындары ма? Ауылдағы су мәселесіне алаңдайтындар ма? Кәсіпкерлер ме?
Бұл сұрақтың жауабы анық болмаса, партияның электоралдық стратегиясы да анық болмайды.
Шын мәнінде, Қазақстанда жасыл партияға орын бар. Ауа ластанған қалалар бар. Су тапшылығы бар. Арал мәселесі бар. Қоқыс проблемасы бар. Өнеркәсіптік аймақтардың экологиялық ахуалы бар. Демек, жасыл саясатқа қоғамдық сұраныс жоқ емес. Тек сол сұранысты саяси күшке айналдыратын партия керек.
Мұны әлемдік тәжірибе де көрсетіп отыр. Германиядағы, Австралиядағы, Жаңа Зеландиядағы немесе Еуропаның басқа елдеріндегі жасыл партиялар тек табиғатты қорғаумен шектелмейді. Олар экономика, әлеуметтік әділеттілік, энергетика, көлік, денсаулық, демократия туралы сөйлейді. Яғни жасыл саясатты қоғам өмірінің барлық саласымен байланыстырады.
Қазақстандағы «Байтаққа» да дәл осындай өзгеріс қажет.
Партия «табиғатты қорғаймыз» деген ұраннан «Қазақстанды таза, дені сау, технологиялық және экономикалық тиімді елге айналдырамыз» деген кең саяси жобаға көшуі керек. Сонда ғана экология тар шеңбердегі мамандардың мәселесі емес, көпшіліктің ортақ мүддесіне айналады.
1,07 пайыз — «Байтақтың» тарихы аяқталды деген сөз емес. Партияның тәжірибесі бар, мүшелері бар, белгілі бір қоғамдық базасы бар. Бірақ бұл нәтиже өте анық белгі берді: бұрынғы жолмен жүре беруге болмайды.
Енді партияға өкпе емес, қорытынды керек. Ішкі дауды тоқтатып, мықты команда қалыптастыру керек. Жаңа тұлғалар шығару керек. Сайлау стратегиясын өзгерту керек. Әлеуметтік желімен жұмыс істеуді күшейту керек. Ең бастысы — экологияны халықтың күнделікті өмірімен байланыстырып, нақты әрі түсінікті саяси ұсыныс жасау қажет.
Халық экологияға қарсы емес. Халық бос ұранға қарсы.
Сондықтан «Байтақтың» алдында таңдау тұр: бұрынғыдай тар экологиялық қозғалыс болып қала ма, әлде экономикасы, әлеуметтік саясаты, энергетикасы, ауылға, жастарға және кәсіпкерлікке арналған бағдарламасы бар толыққанды жасыл саяси күшке айнала ма?
1,07 пайыз — халықтың «бізге экология керек емес» деген үкімі емес.
Бұл, бәлкім, халықтың «бізге бұдан да үлкен нәрсе ұсыныңдар» деген сигналы.
Қазақ «Көпке топырақ шашпа» дейді. Бірақ саясатта тағы бір қарапайым ақиқат бар: көптің тілін таппаған партия көпке айнала алмайды.
«Байтақтың» ендігі міндеті — атының байтақтығын емес, саяси ойының байтақтығын дәлелдеу.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz

































