Home Қоғам АҚШ Украинаны Қазақстан мұнайын тасымалдайтын кемелерге соққы бермеуге көндірді

АҚШ Украинаны Қазақстан мұнайын тасымалдайтын кемелерге соққы бермеуге көндірді

10

 

АҚШ Украинамен келіссөз барысында Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа шығаруға қатысы бар танкерлер мен Қара теңіздегі мұнай инфрақұрылымына соққы бермеу туралы келісімге келгенін Bloomberg хабарлады.

АҚШ шенеунігінің мәліметінше, Киев кейбір ресейлік емес мұнай танкерлерін және Қазақстан мұнайын экспорттауда маңызды рөл атқаратын Қара теңіз нысандарын нысанаға алмауға келіскен. Сонымен қатар коммерциялық кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін байланыс арналары құрылмақ.

Бұл мәселе Қазақстан үшін өте маңызды. Өйткені ел мұнайының басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КТК) арқылы Ресейдің Новороссийск портына жеткізіліп, одан әрі танкерлермен әлемдік нарыққа шығарылады. Соңғы апталарда Новороссийск маңындағы кемелер мен КТК терминалына жасалған шабуылдар мұнай тиеу жұмыстарының бірнеше рет тоқтауына себеп болған.

АҚШ-тың бұл ұстанымы жаңа нәрсе емес. Бұған дейін де Вашингтон Украинаға КТК инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға байланысты ескерту жасаған. Себебі бұл бағытта америкалық компаниялардың да Қазақстандағы мұнай жобаларына қатысы бар.

Яғни бұл жерде мәселе тек Қазақстанның мүддесінде емес. Вашингтон үшін де Қазақстан мұнайының әлемдік нарыққа тұрақты шығуы маңызды. Сондықтан АҚШ Киевке: Ресейдің мұнай нысандарын нысанаға алу бір бөлек, ал Қазақстан сияқты үшінші елдің мұнай экспортына кедергі келтіру — мүлде басқа мәселе деген белгі беріп отыр.

Егер бұл келісім сақталса, Қазақстанның мұнай экспорты үшін соңғы апталарда пайда болған қауіп біршама азаюы мүмкін.

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz

Алдыңғы жазбаКаспийді бөлуден кім ұтты?