Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Роман
(Жалғасы)
Жас қыз немен арбағаны белгісіз, соңғы кезде түнді осы сұлуымен өткізіп жатыр. Өзге әйелдерінің отауына соғуды қойған. «Адамның түсіне не кірмейді дейсің, тәйірі» деді іштей. «Қазір табғаш елі менімен санасатын болған. Түркі халқының мықты елге айналғанын мойындады. Жылына бәленбей мың қадақ күріш, бәленбей мың орама жібек торқа беріп тұратын болды. Алтын сарайда қызмет ететін ақсүйектің қызы, міне, қойнымда жатыр. Бұдан артық не керек? Қай қағанның тұсында табғаштар көшпелілерге мұндай сыйлық жасап еді? Тек маған ғана. Табғашқа менің басым емес, менің оларға соқтықпай тыныш отырғаным керек. Олар тек күштіні ғана сыйлайды. Демек, мен мықты болғаным!»
Қымызды демалмастан бірақ тартқан Қапаған, ыдысты ары домалата салып, табғаш аруын өзіне жұлқа тартты.
«Табғаштың алтын тағына отырмасам да, алтындай қызының үстіне мініп жатырмын. Бұдан артық не керек?»
Қыз да ыңғайланып, зілдей еркектің астына бата берген. Сәлден кейін үздіге, ыңырсыған дауысы сыртта тұрған күзетшілерге дейін естілді. Қалай да қағанның көңілін тапсам деген қыз, оның жүн-жүн төсінен сүйіп, құшырлана құшақтап өліп барады.
Өйткені…
Иә, қағанның астында жатып өліп кетсе де, оның көңілін табу керек еді. Ұзатылар кезде қызды У-хың ханым сарайға алдырды. Уыздай сұлу қызға көз салған күйде:
– Кімсің? -деді.
– Қол астыңыздағы қызметкер Шо Сидің қызымын, – деген бұл. У-хың ханымның түрі бұзылып кетті:
– Миғұла қаншық! Басыңды қазір қағып тасайын ба? Жетесіз! Саған әкең мен менің күтушілерім ештеңе айтпаған ба? – деп барқ етті. Сасып қалған қыз, басын жерге тигенше иіп:
– Кешіріңіз ханым, айтқан. Мен түрік қағаны Мойыншор Қапағанның болшақ әйелімін! – Әйелімін… – ханым мырс етті, – ақымақ! Сен тек әйелі ғана емессің. Қағанның ордасындағы менің көзім мен құлағымсың! Соны біл. Хан ордасындағы бүкіл жағдайды маған жеткізіп тұратын боласың. Қағанды жыланша арба, алда, көңілін тап. Айналасындағыларды бір-біріне айдап сал. Аздыр.Тоздыр. Ру мен ру ұрыссын.Тайпа мен тайпа тайталассын. Қағанның айналасындағылар бір-бірімен араз болсын! Найзаның ұшы, қылыштың жүзімен құрылған бұл жауынгер елді осылай жеңбесек, соғысып жеңе алмаймыз. Алдау, арбау, тәтті сөзбен азғыру арқылы ғана оларды іштен ыдыратамыз, іргесін сөгеміз. Бұл сенің негізгі қызметің. Егер де мұны істемесең, тұқымыңмен тұздай құрисың!
У-хың сөз осымен тамам дегендей қолын сілтеген.
Түріктер Өжел қатұн атаған табғаш сұлуы ордаға келгеніне бір айдан аспаса да, қағанның көңілін тапқандай болған. Түн баласы қағанды ыстық демімен өртеп, аппақ борықтай денесімен қызықтырып ләззатқа бөлеп баққан. Бүгін де, міне, жасы алпысқа тақалып қалса да бойындағы қуаты кемімеген қағанның жан рақатын келтіріп, астында умаждалып жатыр…
Әлгінде көрген түсті ұмыту үшін, жас сұлуды қанша құшып, аймаласа да қағанның көңіл күйі кекжиіп сала берген. Бір уақ қойнындағы күйіп-жанып талықсыған қызды жайына қалдырып, аунап түскен Қапаған тағы да ойға кетті.
«Апырым-ай, Өгілейдің айтқаны дәл келсе ше? Сонда менің өлімім кімнің қолынан болмақ? Егер білсем ғой, қазір-ақ барып, жатқан жерінде шоқпармен төпелеп өлтірер едім». Жұмыр басына қорғасын құйылып, темірмен қапталған шоқпарына көзі түсті. Иә, бұл шоқпар кімнің басында ойнамады? Ақырып келген талай жауының басынан бір періп, күлпаршасын шығарған жоқ па… Айтпақшы, Өгілейдің айтқанын Қидан көсемі Тұғырылбек те айтпап па еді… Қалай ұмытып барады. Бұрнағы жылы татаптар мен қидандар бас азаттығын алу үшін табғаштарға қарсы бүлік шығарды. Бұл кезде тибеттіктердің бұлғағын басу үшін бар күшін сол жаққа шоғырландырған табғаш ханымы У-хың Қапағанға ат шаптырып көмек сұраған. «Егер татаптар мен қидандарды ұясынан шығармай жөргегінде тұншықтырсаң, бұл көмегіңнің өтеуі болады. Табғаш еліне қойып отырған талаптарың орындалуы бек мүмкін» деген У-хың ханымның екі ұштылау ұшпу сәлемі, Қапағанға «сенімен құда боламын. Қызыңды ұлыма ұзат. Сен менімен тең дәрежеде мына жалпақ жаһанның билеушісің» дегендей көрінген.
«Егер У-хың сүйтіп жатса, онда мынау ұлы сахараның жеке-дара қожасы мен болмақпын. Бүкіл көшпелі жұрт өзі келіп алдыма бас иеді, айтқанымнан шықпайды. Тәңірдей маған табынады» деп жосыған Қапаған, табғаш билеушісінің айтқанын бірден қабыл алды. Сол жылы жазда ешкіммен ақылдаспай елу мың қолды бастап аттанып кеткен. Қасына ұлы Енелді ғана ертті. Алдымен, татапты талқандады. Артынша қиданды қидалады. Майдан даласында жараланып қолға түскен қидан көсемі Тұғырылбекті жорық шатырына алдырды.
– Ей, Қапаған! –деді қидан көсемі. – Біз сенің ата жауың емес едік қой. Не үшін соқтықтың? Бізге табғаштың тізесі батты. Салқар сахарада бостан жүрген біздің еркіндігімізді алды. Өр ұлдарымызды құл, ару қыздарымызды күң етті. Біз сол үшін көтерілдік. Сендер де бір кездері осы сүргіннен өттіңдер емес пе? Қидандар да түріктердей, өз тізгініміз өз қолымызда болса дедік. Сол, бостан болсақ деген халықтың азаттық көтерілісін не үшін басып-жаншыдың? Табғаш бұл қызметің үшін не береді?
– Табғаш билігі түріктерді өздерімен дәрежелес ел ретінде мойындады. Одақтас елге айналдық! – Қапаған үсті-басы қанжоса болған қидан көсеміне қарап астамси сөйледі. – Күштіні тек күшті ғана мойындайды. Табғаштар қарақұрттай көп болғанымен түріктердің көзсіз ер халық екеніне бас иді. Ұшы-қиыры шексіз, шетсіз, шапқан аттың тұяғы кертілер, ұшқан құстың қанаты талар зор аймақта түрік қағанатын құрдық. Жалпақ дүние менің табанымның астында, қазір. Ал мұндай іргелі елмен кім де болса санасары хақ.
– Қапаған көкірегіңді керіп, неңе жетісіп тепсінесің! Астамсыған кеудеңді көр топырақ басатын күн алыс емес. Саған да зауал келер, әлі. Рас, тәңірің қолдап, бүгін арыстандай ақырып тұрсың, бірақ саған дейін де сенің ата-бабаларың қағанат құрған. Қайда кетті? Теке сақал, қысық көздердің жылы сөздеріне алданды, иықтан қаққанына малданды. Қойындарына жылан қыздарын салды. Олар арбады, алдады. Илікпейтін қағандарды терідей иледі, иітті… Ақыры тоз-тоз болып ыдырап, сол қысық көздердің алдына барып бас иген жоқсыңдар ма? Мына құрған қағанатың да ертең соның кебін құшпасына кім кепіл? Соны ойладың ба? Қапаған, табғаш сенің одақтасың емес. Бүгін саған жылы-жылы сөйлеп, түйенің қомында, аттың жалында күн кешіп, бес қаруын қолынан тастамай еркіндік үшін арпалысып жатқан бізге айдап салды. Ертең жалт беріп, саған қарсы тағы бір тайпаны айтақтайтыны белгілі. Тілі майда бұл халық, өмір бойы көшпелілерді бір-бірімен қырылыстырып келеді. Сен соны түсінбедің? Қазір табғаштың айтағына ерген иттей болып үріп тұрсың! Ту сыртымыздан келіп, бостандық үшін қан төгіп жатқан бізді қаптың. Керісінше, бірігіп табғашты талауымыз керек еді. Әтттең, оқ бойы алдыңды ойламайтын, нақұрыс екенсің! Лағынет саған!
– Тоқтат сөзді! Қап-қара болып түтігіп, жауар бұлттай болған Қапаған шоқпарын қалай көтеріп алғанын білмей қалды.
– Мен өлімнен қорықпаймын, Қапаған! Өкінерім, елімнің азаттығы үшін соғыста емес, әзәзіл елдің, тамыры бір көшпелілерді бір-біріне айдап салған қырғында шейіт болғаным. Бүгін менің басымды сен алғаныңмен, ертең сенің басыңды өзге бір көшпелі жұрт алары анық. Табғаштың қара сойылына айналған сен, оны ойлауға өрең жетпейді. Тұғырылбек шоқпарын көтеріп, ажырайып тұрған Қапағанға қарап қарқылдап бір күлді де, бетіне түкіріп жіберді. Мұндай қорлауды күтпеген Қапаған бар күшімен шоқпарды сілтеді.
Басы күлпарша болып, қан-жыны жан-жаққа шашыраған Тұғырылбектің алып денесі алға бірер қадам жасап барып, гүрс етіп құлаған…
Түндіктен түнгі аспанға көз салған Қапаған шым-шытырық ойдың құшағында әлі жатыр.
«Тұғырылбектің айтқанында жан бар-ау. Сол жолы татаптар мен қидандардың бүлігін басып бердім, бірақ өтеуіне не алдым? Түк те. Күріш пен жібек, ол не тәйірі! Құда-жегжат болсам деген басты арманым орындалмады. У-хың балаша алдады. Балаша алдандым. Бостандыққа ұмтылған жұртты қырып, зауалына қалдым». Қапаған күрсінді. «Тұғырылбек айтқандай бөрілі байрақтың астына бүкіл көшпелі жұртты ұйыстырып, табғаштарға қарсы дүрсе қоя беру керек пе еді?.. Бірақ сол көшпелілердің өзі соңғы уақытта бұған бірде бағынып, бірде басын ала қашып, дүрдараздық танытып жатыр емес пе? Қойдай өргізіп, қозыдай көгендеп ұстау мүмкін болмай бара жатыр. Ағам Құтылық атқа мініп, азғантай жұртты соғыса жүріп, Өтүкенге көшіргенде, қоянның жон терісіндей ғана жеріміз бар еді. Елге ел қостық, азды көп еттік. Өтүкен көк түріктің жер ұйығына, алтын бесігіне айналды. Өсіп-өнген жұрт Өтүкеннен ақтарылып түсті. Елге қоныс керек болды. Ат ойнатып Байкөлге дейін бардық. Бабамыз Естеміс қағанның ізімен батысы Көк теңізге дейін жайладық. Көгмен, Алтын тау, Тәңір тау көшпелі жұрттың атамекеніне айнлды. Қарсы келгеннің қабырғасын қақыраттық, шегінбегенді шеңгелдедік, түрін бермегенді түре қудық. Ат үстінде жүріп, алып мемлекет құрдық. Қанша ма ұлыс, аймақ, ру-тайпалар бөрілі байрақтың астына топтасты».
Қапаған тағы күрсінді. Табғаш сұлуы жүн төсінен еркелей сүйіп, иығына басын қойды, бірақ оған селт еткен қаған болмады. Шыңырау ойға шым батып бара жатқан.
«Қаныпезер, қатігез, қайырымсыз дейді. Мейлі дей берсін. Жүздеген ру мен тайпаларды ашса алақанда, жұмса жұдырықта ұстау үшін қатігез болуға тура келеді. Бос белбеу, боркемік болсаң, жүндей түтілесің. Ал мінезді болсаң, жауың қорыққанан сыйлайды, елпең қағады, жақының алдыңа келмей ығады. Рас, апақ-сапақ, аумалы-төкпелі кезең мені темірдей қатты етті. Темірдей мінездің арқасында, ағам Құтылық көтереген бөрілі байрақты жықпадым. Ол жолда қан аз төгілмеді. Найзамның шашағы қаннан кеппеді, қылышым қынға салынбады. Толарсақтан қан кештік. Иә, жауыма қайырымсыз болдым. Досқа іш бердім. Тұғырылбек дұрыс айтады. Монданақтай жер бетіндегі бүкіл сұмдық пен сұрқиялықты тұл бойына кептеген табғаштардың түріктерге ымыралас болмайтынын Қапаған білмейді емес біледі, бірақ түркі жұртының өсіп-өніп, күшейіп алғанынша дұшпанмен де тіл табыса тұру керек болып тұр емес пе? Сол үшін құда болғым келді. Құда-құдандалы болсам, екі ел тыныштықта өмір сүрер еді ғой. Менің сол ойымды ешкім дұрыс түсінбеді. Басқаша қабылдаы. Рас, бүйірімнің бір түкпірінде табғашты да шайт деп үйіріп, әйт деп өргізсем, тағында шәнтиіп отырсам деген дәме де болған. Ол кісәпірлігім орындалмасын білемін. Сол табғаштар көзімді ала бере не істемеді? Тыныш жатқан түркеш пен қырғызды азғырып, айдап салды. Сөз байласып, Өтүкендегі ордама үш жақтан өртше тимек болды. Дана Тоныкөктің көрегіндігінің арқасында жаудың алдын алдық. Қыраулы қыстың ызғарына қарамастан қырғызды шаптық, түркешті түре қуып, Соғды жеріне дейін бардық. Сөз байласқан көшпелі екі тайпа жеңілген соң, табғаштар бізге қарсы аттануға арты шыдамағаны белгілі».
(жалғасы бар)
































