Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің қалалары мен ауылдарында хандарға, билерге, батырларға, ақындар мен мемлекет қайраткерлеріне ескерткіштер көптеп қойылды. Бұл — қуантатын құбылыс. Өйткені кешегі тарихымызға қайта үңіліп, ел үшін еңбек еткен тұлғаларды ұлықтау — парыз.
Дегенмен ойланатын мәселе көп. Рас, ескерткіштер көбейді, ал олардың арасындағы есте қалатыны неге аз. Көпшілігі бір-біріне қатты ұқсайды: ат үстіндегі батыр, қолында найза не қылыш, тұлпары тік тұр, батырдың өзі де тіп-тік. Бәрі «егіз қозыдай» болып кетеді.
Мәселе ескерткіштің көптігінде емес, оның көркемдік қуатында емес пе! Неге соны ұмытып кетіп жатамыз?
Жақында Башқұртстанның астанасы Уфадағы Салават Юлаевтың ескерткішіне қайта көзім түсті. Қарап тұрып, еріксіз таңғаласың. Ат жай ғана тұрмаған — алға ұмтылған. Салт атты да қақайып отырмаған — бүкіл денесі қозғалыста. Мүсіннен күш, еркіндік, мінез сезіледі. Қола емес, тірі адам мен тірі ат секілді әсер қалдырады.
Ташкенттегі Әмір Темірдің ескерткішінде де сондай қасиет бар. Ат үстіндегі қолбасшының бейнесінен биліктің салмағы мен адамның ішкі қуаты сезіледі. Ал Моңғолиядағы алып Шыңғыс хан ескерткішін айтудың өзі бөлек. Оның әсері тек мүсіннің көлемінде емес. Ат, адам, дала, аспан — бәрі біртұтас образға айналған. Көрген адам «мынау Шыңғыс хан» деп қана қоймайды, сол дәуірдің ауқымын сезінеді.
Бір қызығы, адамға әсер ету үшін міндетті түрде алып ескерткіш қажет емес. Қырғызстандық жас мүсінші Тамила Маматованың Шыңғыс Айтматовқа жасаған мүсіні соның дәлелі. Онда қылыш жоқ, ат жоқ, айбарлы әскери киім де жоқ. Бірақ жазушының жүзінен ой, мінез, салмақ көрінеді. Қарап отырып, «мынау тірі адам ғой» деген әсер аласың.

Міне, біздің ескерткіштерге жетіспей тұрған нәрсе осы —жан.
Осы жерде «қазақ мүсіншілерінің таланты жетпейді» деп кесіп айтуға болмайды. Қазақстанда кәсіби мүсіншілер де, жақсы өнер мектебі де бар. Ендеше мәселенің түп-тамыры басқа жерде жатқан сияқты.
Мүмкін, біз мүсіншіден тым көп нәрсені талап етпей жүрген шығармыз? Осы біз, «Батыр екені көрініп тұрсын», «қолына қылыш берейік», «атқа отырғызайық» деген қарапайым түсінікке байланып қалған жоқпыз ба? Тапсырыс беруші де, комиссия да кейде көркемдік ізденістен гөрі «жұртқа түсінікті» нұсқаны қауіпсіз көреді. Өнердің міндеті — бәріне бірдей ұнау емес, адамды тоқтату, ойландыру, әсер ету.
Осы тұрғыдан алғанда Ерлан Қариннің 5 қыркүйекте мүсіншілермен кездесуінде көтерген мәселесі өте орынды. Ол өңірлердегі ескерткіштердің жай-күйіне тоқталып, кейбір жұмыстардан жершілдіктің белгілері байқалатынын айтты. Ең бастысы — енді мәселені тек ескерткіш орнату тәртібімен шектемей, олардың мазмұндық сапасына, ұлттық бірегейлік пен ортақ құндылықтарды нығайтуына назар аудару қажеттігін атап өтті. Бұл — дұрыс бағыт.
Өйткені әр аудан «біздің де бір батырымыз бар» деп, әр ауыл өз тұлғасына ескерткіш қоя берсе, бір күні еліміз бір-біріне ұқсас қола мүсіндерге толып кетуі мүмкін. «Көп түкірсе — көл» дейді халық. Бірақ өнерде көптік әрдайым сапа емес.
Ендігі кезде, «тағы бір ескерткіш қоямыз» дегеннен бұрын «қандай шығарма қалдырамыз?» деп ойлануымыз керек-ау, ағайын.
Мысалы, Қабанбайды міндетті түрде найза ұстаған ат үстіндегі батыр ретінде ғана көрсету керек пе? Бөгенбайдың бейнесін шайқас алдындағы бір сәтпен ашуға болмай ма? Абылай ханның тұлғасын оның билеуші ретіндегі ішкі жауапкершілігі арқылы көрсетуге не кедергі? Төле биді қолына асатаяқ ұстатып қоюдың орнына, сөз айтып тұрған сәтінде бейнелесек ше?
Тарихи дерек тұлғаның кім болғанын айтады. Ал өнер оның қандай адам болғанын сезіндіруі керек.
Сондықтан бізге енді жаңа ескерткіштерден бұрын жаңа көзқарас қажет. Мүсіншіге де еркіндік керек, комиссияға да көркемдік талғам керек, тапсырыс берушіге де батылдық керек.
Бір ескерткішке жұмсалған қаржы ертең ұмытылады. Ал жақсы өнер ондаған, тіпті жүздеген жыл өмір сүреді. Ол қаланың символына айналады. Балалар соған қарап өседі. Қонақтар суретке түседі. Келесі ұрпақ сол мүсін арқылы өз тарихын елестетеді.
Сондықтан енді қолаға жай ғана адамның бейнесін емес, оның рухын құюымыз керек.
«Өнер алды — қызыл тіл» дейді қазақ. Бірақ тарихты сөйлететін өнер де болады. Бізге сондай өнер керек.
Ескерткіштің биіктігі емес, адамға берген әсері биік болсын. Ескерткіш көп бола берсін, бірақ әрқайсысында жан болсын дегім келеді.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы

































