Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыста жұмыс тобының мүшелері зейнетақы жүйесін жаңғыртуға қатысты ұсынылған тұжырымдамалық тәсілдерді талқылады.
«Кездесу барысында қоғамдық ұйымдардың өкілдері зейнетақы жүйесін жаңғыртуға қатысты ұсынылған тұжырымдамалық тәсілдерді жан-жақты талқылады. Кеңеске қатысушылар әлеуметтік кепілдіктер, азаматтардың әртүрлі санаттары үшін төлемдердің жеткілікті деңгейін қамтамасыз ету мәселелерін және ұзақ мерзімді демографиялық үрдістерді ескеру қажеттілігін алға тартты», – деп хабарлады министрлік 2026 жылғы 19 маусымда.
Жұмыс тобының қызметі шеңберінде сарапшылар мен бейінді институттар жүйені жаңғыртуға бағытталған бірқатар тұжырымдамалық тәсілдерді ұсынды. Олардың әрқайсысы зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Атап айтқанда:
- Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры медианалық жалақыға қатысты орташа айлық табыс пен жүйеге қатысу еңбек өтіліне негізделген әлеуметтік зейнетақы төлемі жүйесін енгізу тәсілін ұсынды. Бұл модель тек жинақтаушы жүйеге тән тәуекелдерді азайтып, төлемдердің ынтымақтастық және болжамдылық қағидаттарын енгізуге бағытталған.
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс беруші жарналарының 4%-ын азаматтың жеке зейнетақы шотына, ал 1%-ын ынтымақты (сақтандыру) құрамдас бөлікке аударуды көздейтін модельді таныстырды. Бұл шешім азаматтарға өмір сүру ұзақтығына қарамастан өмір бойы қаржылық қолдау көрсетіп, ұзақ мерзімді кезеңде тұрақты төлемдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
- Бұдан бөлек, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Нұғмановтың ұзақ жылдар бойы еңбек еткен азаматтарды қолдауға бағытталған ұсынысы да талқылануда. Атап айтқанда, 40 жыл еңбек өтілі бар азаматтар үшін, әсіресе бюджет саласы қызметкерлеріне қатысты, зейнетке шығу уақытын икемді реттеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылған.
Аталған тәсілдерді талқылауға беделді сарапшылар, оның ішінде БҰҰ жанындағы Астанадағы мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, сондай-ақ Болат Жәмішев, Ораз Жандосов пен Елена Бахмутова қатысуда.
ЕХӘҚМ-де ұсынылған бастамалардың барлығы қазіргі уақытта талқылау сатысында екенін және консультативтік-ұсынымдық сипатқа ие екенін атап өту керек. Министр Асқарбек Ертаевтың пікірінше, азаматтық қоғам институттарының талқылау процесіне белсенді қатысуы салмақты әрі әлеуметтік бағдарланған шешімдер қабылдаудың маңызды шарты болып табылады. Зейнетақы жүйесін одан әрі реформалау жөніндегі түпкілікті шешімдер қаржылық тұрақтылықты, әлеуметтік тиімділікті және азаматтар үшін ықтимал салдарды жан-жақты бағалау нәтижелері бойынша қабылданады.
«Министрліктің басты басымдығы – азаматтарға зейнет жасына жеткеннен кейін ұзақ мерзімді перспективада лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алатын тұрақты әрі теңгерімді зейнетақы жүйесін қалыптастыру. Түскен барлық ұсыныстардың қаржылық негізділігі, әлеуметтік әділеттілігі және практикалық іске асырылу мүмкіндігі қарастырылады», – деп атап өтті Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаментінің директоры Динара Қайролла.Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіру бойынша кешенді шаралар қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатқанын айта кету керек. Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері 10%-ға индекстелді. Сонымен қатар биыл базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін ұлғайтылды, ал 2027 жылы бұл көрсеткіш күнкөріс деңгейінің 120%-ына дейін жеткізіледі. Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда: 2026 жылы олардың мөлшері қызметкер табысының 3,5%-ын құрайды, ал 2028 жылға қарай 5%-ға дейін ұлғайтылады.

































