«Бір тал кессең, он тал ек» деген қазақта сөз бар. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ халқы табиғатқа ешқашан немқұрайлы қарамаған. Су мен жерді, ауаны аманат деп түсінген. Бірақ бүгінгі қоғамда экология мәселесі тек сөз жүзінде айтылып, нақты іске келгенде кейінге шегеріліп жататыны жасырын емес. Осындай кезде ел ішінде нақты іске көшіп, қоршаған орта мәселесіне шын мәнінде көңіл бөліп жүрген азаматтар мен ұйымдардың жұмысы маңызды болып тұр.
Жақында «Байтақ» жасылдар партиясының басшылығы Түркістан облысына арнайы сапармен барып, жергілікті тұрғындармен және партия мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында аймақтағы өзекті мәселелер ашық айтылды. Әсіресе экология, қоршаған ортаны қорғау, таза ауыз су, таза ауа және салауатты өмір салты төңірегінде маңызды пікірлер көтерілді. Шыны керек, Түркістан облысы — табиғаты қатал өңірлердің бірі. Жазы аптап ыстық, су мәселесі де оңай емес. Сондықтан мұнда әр тамшы судың қадірі ерекше. «Судың да сұрауы бар» деген сөз дәл осындай жерде анық сезіледі.

Сапардың ең маңызды тұстарының бірі — Сарыағаш ауданындағы Дербісек ауылында жүзеге асқан нақты іс болды. Ауыл маңында біраз уақыттан бері су далаға ағып, ысырап болып жатқан. Көз үйреніп кеткен мәселе сияқты көрінгенімен, шын мәнінде бұл — үлкен экологиялық әрі әлеуметтік проблема. Өйткені бүгін Орталық Азияда су тапшылығы күшейіп жатқан кезде, бір тамшы судың өзі маңызды. Осы мәселені назарға алған «Байтақ» партиясының өкілдері ауылдағы ағып жатқан суларға арнайы крандар орнатуға көмектесті. Соның нәтижесінде су ысырабының алдын алу мүмкін болды. Қарапайым ғана әрекет сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ кейде үлкен өзгеріс дәл осындай шағын істерден басталады.Бүгінде көп адам экологияны тек ағаш отырғызумен немесе сенбілік өткізумен байланыстырады. Алайда экология — күнделікті өмірдегі жауапкершілік. Далаға босқа ағып жатқан суды тоқтату да табиғатты қорғау. Таза су — ертеңгі ұрпақтың несібесі екенін ұмытпаған жөн. Дербісек ауылының тұрғындары бұл бастамаға ризашылықтарын білдіріп, «Байтақ» партиясына алғыс айтты. Себебі халыққа кейде құр уәде емес, нақты әрекет керек. Әсіресе ауылдағы қарапайым адамдар мәселені кабинеттен емес, өмірден көріп отыр. Қазір әлемнің өзі су мәселесіне алаңдап отырған кезеңде Қазақстан үшін де табиғатқа жанашыр көзқарас ауадай қажет. Өйткені экология — болашақ мәселесі емес, бүгінгі күннің мәселесі.
Табиғатты қорғау үлкен мінберлердегі әдемі сөзден емес, осындай нақты істерден басталады. Бір ауылдағы су ысырабын тоқтату бәлкім әлемді өзгертпес. Бірақ ол қоғамның ойлау жүйесін өзгертуі мүмкін. Сондықтан кішкентай ғана игі істі елемеуге болмайды. Үлкен тірлік осыдан басталады.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» Жасылдап партиясының төрағасы

































