Home Басты жазба Астана мен Исламабад неге жақындасып жатыр?

Астана мен Исламабад неге жақындасып жатыр?

16

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға жасаған ресми сапары Астана мен Исламабад арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығарған маңызды саяси оқиға болды. Бұл сапар тек дипломатиялық хаттама аясындағы кездесу емес, екі елдің болашақтағы стратегиялық бағыттарын айқындауға арналған мазмұнды келіссөздермен есте қалды. Әсіресе қорғаныс және әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелерінің күн тәртібіне шығуы сарапшылар назарын ерекше аударып отыр.

Пәкістан – Оңтүстік Азиядағы ең ірі әрі әскери әлеуеті жоғары мемлекеттердің бірі. Ол ядролық қаруға ие, толыққанды әскери-өнеркәсіптік кешені бар және қару-жарақ экспорттаушы ел саналады. Бұл фактор Пәкістанды аймақтық қана емес, жаһандық қауіпсіздік архитектурасында да маңызды ойыншыға айналдырады. Елдің Қарулы күштері құрлық, әуе және теңіз компоненттері бойынша жүйелі түрде дамып келеді. Соңғы жылдары Пәкістан өз армиясын тек ішкі қажеттілік үшін ғана емес, халықаралық нарыққа бейімдеп жаңғыртуға басымдық беріп отыр.

Пәкістанның әскери өнеркәсібі Қытаймен тығыз әріптестік арқылы айтарлықтай серпін алды. Соның ең белгілі мысалы – JF-17 Thunder көпмақсатты жойғыш ұшағы. Бұл ұшақтар қазірдің өзінде бірнеше елдің әуе күштерінде қолданыла бастады. Әзірбайжанның аталмыш ұшақтарға қызығушылық танытып, сатып алуы – Пәкістан әскери өнімдерінің экспорттық әлеуетін нақты дәлелдейтін мысал. Сонымен қатар Пәкістан танктер, бронды көліктер, түйдектете ататын артиллериялық жүйелер, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен әскери оқыту авиациясын да шығарады.

Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан мен Пәкістан арасындағы әскери ынтымақтастық мүмкіндігі теориялық қана емес, практикалық негізге де ие. Президент Тоқаевтың сапары барысында қол қойылған келісімдер мен уағдаластықтар екі елдің бір-бірін сенімді серіктес ретінде қабылдай бастағанын көрсетеді. Қазақстан тарапы Пәкістанға бронды әскери көліктер беруге дайын екенін білдірді. Бұл – тек біржақты көмек емес, өзара сенімге негізделген әріптестіктің белгісі.

Қазақстан үшін Пәкістанмен қорғаныстық байланыстар орнату – көпвекторлы сыртқы саясаттың заңды жалғасы. Астана әскери қауіпсіздік мәселесінде дәстүрлі серіктестермен қатар, жаңа бағыттарды да дамытуға мүдделі. Пәкістанмен ықтимал ынтымақтастық Қазақстан армиясы үшін салыстырмалы түрде арзан, бірақ функционалды әскери техникаларға қол жеткізу мүмкіндігін аша алады. Әсіресе жеңіл жойғыш ұшақтар, бронды көліктер, артиллериялық жүйелер мен әскери дрондар бағытында өзара іс-қимыл перспективалы көрінеді.

Әрине, мұндай ынтымақтастық халықаралық міндеттемелерге, экспорттық бақылау талаптарына және аймақтық геосаяси тепе-теңдікке тәуелді болатыны анық. Қазақстан ядролық қарусыздану жолын таңдаған мемлекет ретінде әскери серіктестіктерді тек қорғаныстық және тұрақтылықты сақтауға бағытталған шеңберде дамытады. Ал Пәкістан үшін Қазақстанмен байланыс Орталық Азияға шығатын жаңа геосаяси арна әрі сенімді әріптес табу мүмкіндігі.

Жалпы алғанда, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы әскери және қорғаныстық ынтымақтастық – бүгінгі халықаралық ахуалдағы прагматикалық есепке негізделген қадам. Бұл серіктестік екі елдің де қауіпсіздік мүдделеріне сай келеді және Азия құрлығындағы жаңа өзара ықпалдастық форматтарының қалыптасуына жол ашуы мүмкін. Алдағы уақытта бұл бағыттағы келісімдер тереңдеп, нақты жобаларға ұласса, Қазақстан–Пәкістан қатынастарының мазмұны жаңа сапалық деңгейге көтерілетіні анық.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Dodanews.kz

Алдыңғы жазбаТілі бірдің — ділі бір