Home Қоғам Ел экономикасының өзегі – шағын және орта бизнес

Ел экономикасының өзегі – шағын және орта бизнес

16

Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуы ең алдымен кәсіпкерліктің, соның ішінде шағын және орта бизнес­тің (ШОБ) тыныс-тіршілігіне тікелей байланысты екені белгілі. Себебі кәсіпкерліктің өркендеуі – халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету және бәсекеге қабілетті экономикалық ортаны қалыптастыру деген сөз. Әлемдік тәжірибеге назар салсақ, дамыған мемлекеттерде ішкі жалпы өнімнің 60–70 пайызы дәл осы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің үлесіне тиеді. Бұл көрсеткіш ШОБ-тың экономикалық тетіктегі шешуші рөлін тағы бір дәлелдейді.                                                                    Рас, бүгінде елімізде кәсіпкерлікті дамытуға арналған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Алайда олардың мүмкіндіктері жайлы көпшілік жарым-жартылай ғана біледі. Соған қарамастан, соңғы жылдары бизнеске жасалып жатқан қолдау көлемі айтарлықтай артқанын байқауға болады.                                                             Экономиканы жаңғырту, өңдеу өнеркәсібін күшейту, шикізаттық емес экспортты ұлғайту – Үкіметтің басым бағыттары. Бұл жұмыстардың нәтижесі де байқалады: отандық өнімнің сыртқы нарықтарға шығу қарқыны артты, жаңа өндіріс орындары ашылып, өңдеу секторындағы қосымша құн көлемі жыл сайын өсіп келеді.                                                                                                                                                             Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  өткен апта соңында өткен «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде кәсіпкерліктің ел экономикасындағы маңызына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, биыл Қазақстан экономикасының өсімі 6 пайыздан асады деп болжануда екен. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Елдің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан асуы мүмкін. «Қазір біз инфрақұрылымды дамытуға, экономиканы әртараптандыруға баса мән беріп жатырмыз. Үкімет дайын өнім экспортын арттыру ісімен белсенді айналысуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.                                                                                                                                           Нақтылап айтар  болсақ, соңғы жылдары Қазақстанның шикізаттық емес экспорты екі есеге жуық ұлғайған. Өңдеу өнеркәсібіндегі қосымша құнның бес жылда 25 пайыздан астам өсуі – өндірістің тұрақты дамуының дәлелі. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 70 пайызға көбейіп, нақты сектордағы еңбек өнімділігі 40 пайызға артқан.               Бүгінгі  күні, Қазақстан өнімдері 140-тан астам мемлекетке экспортталады. Бұл көрсеткішке жетуде шағын және орта бизнестің сіңірген еңбегі зор. Қазір ШОБ-тың ұлттық экономикадағы үлесі 40 пайызға жуықтады. Ал бизнес саласында жұмыс істейтіндер саны 4,5 миллион адамға жеткен. Қасым – Жомарт  Тоқаев кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін жеке бақылауында ұстайтынын атап өтті. «Үкімет кәсіпкерлікті жандандыру үшін ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Кедергілерді азайтып, бизнеске жайлы орта қалыптастыру – басты міндет. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау кәсіпкерлердің жаңа деңгейге көтерілуіне серпін беруге тиіс», – деді ол.                                                                                                                                Шын мәнінде, елдегі экономикалық өсімнің тұрақты болуы – шағын және орта кәсіпкерліктің дамуымен тығыз байланысты. Сондықтан бұл саладағы реформалар, жеңілдіктер мен жаңа тетіктер алдағы уақытта да жалғасары сөзсіз деп  ойлаймын.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ

«Байтақ»  Жасылдар  партиясының  төрағасы

Алдыңғы жазбаОлжас – тыныштықтың үнін жеткізген тұлға!
Келесі жазбаҚасым-Жомарт Тоқаев Бақытжан Сағынтаевты қабылдады