Home Қоғам Қазақстанда ұялы байланыс тарифтері 15–20%-ға қымбаттайды

Қазақстанда ұялы байланыс тарифтері 15–20%-ға қымбаттайды

104
Қазақстанда 2026 жылы ұялы байланыс қызметтерінің тарифтері 15–20%-ға өсуі мүмкін. Бұл туралы байланыс операторларының өкілдері 21 қазан күні Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Ержан Мейрамовтың айтуынша, қолданыстағы ережелерге сәйкес, операторлар өз шығындары артқан жағдайда тарифтерді көтере алады.

«Тариф құрылымына операторлардың бірқатар шығындары кіреді — мысалы, электр энергиясы мен жабдықтарды сатып алу. Егер осы шығындар өссе, ол тарифтердің де қымбаттауына әсер етеді», – деді ол.

Ал Beeline Kazakhstan компаниясының президенті Евгений Настрадиннің сөзінше, келер жылы тарифтердің орташа өсу деңгейі 15–20% шамасында болады.

«Біз бағаларды жылына бір реттен артық өзгертпейміз. 2026 жылы қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуі күтілуде — бұл салаға айтарлықтай әсер етеді. ҚҚС өзгерісі шамамен 35–40 млрд теңгеге қосымша шығын әкеледі. Сол себепті тарифтерді қаңтар айында қайта қарауды жоспарлап отырмыз», – деп түсіндірді Настрадин.

Ұқсас пікірді «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясының басқарма төрағасы Александр Бабичев те білдірді.

«Бағаның өсуіне басты себеп – халық тарапынан өсіп келе жатқан сұраныс және оған ілесе алмай жатқан инфрақұрылым. Операторлар желіні кеңейтуге едәуір қаржы салуға мәжбүр. Экономикалық және салықтық өзгерістерді, инфляциялық күтулерді ескере отырып, тарифтерді 15–20% көлемінде түзету мүмкіндігін қарастырып отырмыз», – деді ол.

 

Алдыңғы жазбаАйдос Сарым: «Коуч» деген – рухани алаяқтар!
Келесі жазбаҚазақстан мен Әзербайжан президенттері екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты