19 шілдеден бастап Қазақстанда бірыңғай QR-код ресми түрде жұмыс істей бастайды. Енді қазақстандықтар тауарлар мен қызметтер үшін жүйеге қосылған кез келген сауда нүктесінде кез келген банктің қосымшасы арқылы төлем жасай алады. Толығырақ Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтып берді.
«Бұл тұтынушы ретінде әрқайсымызға тікелей қатысты дүние: біз күн сайын төлем жасаймыз. Ресми түрде бірыңғай QR 19 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл күн жексенбіге сәйкес келгендіктен, біз оның функционалын бүгіннен бастап көрсетуді жөн көрдік», — деді Сүлейменов брифингте.
Ол жоба іске қосылғаннан кейін қазақстандықтар кәсіпкердің қай банктің қызметін пайдаланатынына қарамастан, өз банкінің мобильді қосымшасы арқылы тауарлар мен қызметтер үшін кедергісіз төлей алатынын атап өтті:
«Клиенттер кез келген сауда нүктесіндегі кез келген кәсіпкерден тауарлар мен қызметтерді өз банкінің қосымшасы арқылы дербес әрі кедергісіз сатып ала алады».
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жобаны дайындау ұзақ уақытты алып, екінші деңгейлі банктер тарапынан ауқымды техникалық жұмыстарды талап еткен.
«Әр банк өз сервистерін дамытты, содан кейін біз оларды біріктіруді ұсындық. Жүйелердің үйлесімділігін, олардың бір-бірін тануын және, әрине, деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болды», — деп түсіндірді ол.
Ұлттық банк басшысы жобаны іске асыруға атсалысқаны үшін екінші деңгейлі банктерге, Ұлттық төлем корпорациясына және Ұлттық банктің цифрлық блогына алғыс білдірді.
Оның пікірінше, ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымның құрылуы заманауи цифрлық мемлекетті дамытуға қосылған маңызды үлес болмақ.
«Ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылым — Президент айтып жүрген заманауи цифрлық мемлекет құру жолындағы маңызды іргетас әрі қомақты үлес деп санаймын», — деп түйіндеді Сүлейменов.
Бірыңғай QR-кодты іске қосу
18 маусымда Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі 2026 жылдың 19 шілдесінен бастап жұмыс істейтінін хабарлады. Ол кезде төраға бұл іске қосу қажетті заңнамалық база жасалып, банктердің техникалық дайындығы аяқталғаннан кейін мүмкін болғанын атап өткен еді.
Сондай-ақ бұған дейін Ұлттық банк бірыңғай QR клиенттерге кез келген банк қосымшасы арқылы сауда жасауға, ал кәсіпкерлерге бірнеше түрлі шешімді пайдаланбай-ақ, бірыңғай инфрақұрылым арқылы мұндай төлемдерді қабылдауға мүмкіндік беретінін түсіндірді.

































