Home Басты жазба Қазақстанға құйылған 15 миллиард: Бейжіңнің таңдауы нені аңғартады?

Қазақстанға құйылған 15 миллиард: Бейжіңнің таңдауы нені аңғартады?

7

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz

Тарихқа зер салсақ, алып державалар ешқашан кездейсоқ әрекет етпеген. Әсіресе Қытай сияқты бірнеше мың жылдық мемлекеттік дәстүрі бар ел әрбір қадамын бүгін үшін емес, ертең үшін жасайды. Бейжіңнің сыртқы саясатында асығыстық жоқ. Ол кейде он жыл бұрын бастаған жобасының нәтижесін жиырма жылдан кейін көреді. Сондықтан Қытайдың қай елге инвестиция салғаны ғана емес, қай елге сенім артқаны маңызды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған соңғы сапарына да дәл осындай көзқараспен қараған жөн. Шанхайда жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын жетпістен астам коммерциялық келісім мен меморандумға қол қойылды. Бір қарағанда, бұл – экономикалық жаңалық. Бірақ халықаралық саясатта миллиардтар кейде ақшадан бұрын сенімді білдіреді. Өйткені кез келген инвестор қаржысын тұрақсыз немесе болашағы бұлыңғыр мемлекетке салмайды. Ал Қытай секілді әлемдік экономиканың алып ойыншысы инвестиция салғанда бүгінгі табысты ғана емес, келесі жиырма-отыз жылдық стратегиялық мүддесін де есептейді.

Сондықтан бүгінгі басты сұрақ – Қазақстан 15 миллиард доллар тартты ма, жоқ па деген мәселе емес. Негізгі сұрақ – неге Қытай Орталық Азиядағы өзге мемлекеттерден бұрын Қазақстанға ерекше көңіл бөліп отыр?

Бұл сұрақтың жауабы бір ғана келісімнің немесе бір ғана сапардың аясында жатқан жоқ. Оның тамыры әлдеқайда тереңде.

Қазақта «Жол қадірін жүрген біледі» деген сөз бар. Соңғы жылдары әлем дәл осы жолдың қадірін қайта түсіне бастады. Бұрын мемлекеттердің байлығы табиғи ресурспен өлшенсе, бүгінде логистика, технология және география жаңа байлыққа айналды.

Украинадағы соғыс басталғалы бері халықаралық сауда жүйесі түбегейлі өзгерді. Ресейге қарсы салынған санкциялар ондаған жыл бойы қалыптасқан құрлық бағыттарына әсер етті. Қызыл теңіздегі қауіпсіздік мәселелері теңіз жолдарының да осал екенін көрсетті. АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсеке күшейді. Әлемдік өндіріс орындары жеткізу тізбегін қайта қарап жатыр.

Осындай жағдайда халықаралық саясаттың назары бұрынғыдай мұхиттарға емес, құрлыққа ауа бастады. Сол құрлықтың кіндігінде Қазақстан орналасқан. Бұл кездейсоқ артықшылық емес, тарих сыйлаған мүмкіндік.                                                    ХХ ғасырдың басында британ географы Хэлфорд Маккиндер әйгілі «Heartland» теориясын ұсынғанда Еуразияның орталық кеңістігін бақылаған мемлекет әлемдік саясатқа ықпал етеді деген болатын. Ол кезде бұл пікірге күмәнмен қарағандар көп еді. Бірақ бүгінгі жағдайға қарасақ, оның айтқанының өзегі әлі де өзектілігін жоғалтпағандай. Қазақстан дәл сол Еуразияның кіндік тұсында тұр. Шығысында – Қытай. Солтүстігінде – Ресей. Батысында – Каспий теңізі арқылы Кавказ бен Еуропа. Оңтүстігінде – Орталық Азия. Осындай географиялық орналасу әлемнің ешбір мемлекетіне қайта берілмейді. Кейде біз өзіміз күнде көріп жүрген даланың қадірін өзгенің көзімен қарағанда ғана түсінеміз. Ал, Бейжің дәл солай қарап отыр.Әрі  бізге  таңдау жасап отыр  десек те  болады. Көпшілік Қазақстанның байлығы мұнайда, газда немесе уранда деп ойлайды. Жоқ. Бүгінгі таңда Қазақстанның ең үлкен капиталы – оның географиясы. Географияны ешкім көшіріп әкете алмайды. Мұнай таусылады. Газ азаяды.Металл қоры сарқылады. Ал мемлекеттің орналасқан жері өзгермейді. Сондықтан XXI ғасырда Қазақстанның ең құнды табиғи байлығы – оның Еуропа мен Азияны жалғап тұрған көпірге айналуы. Мұны Қытай жақсы түсінеді. 2013 жылы Қытай төрағасы Си Цзиньпин өзінің кейін әлемге әйгілі болған «Бір белдеу – бір жол» бастамасын дәл Астанада жариялағаны бекер емес еді. Бұл жай дипломатиялық әдеп емес. Бұл – Қазақстанның сол кезде-ақ Қытайдың ұзақ мерзімді стратегиясында ерекше орын алғанын көрсететін символдық әрі саяси шешім болатын. Арада он жылдан астам уақыт өтті. Бүгінде сол бастаманың жаңа кезеңіне куә болып отырмыз.                                                                                                               Бұрын Қытай Қазақстан арқылы негізінен теміржол өткізуді көздесе, қазір өндіріс орындарын, цифрлық технологияларды, жасанды интеллект жобаларын, порт инфрақұрылымын және автомобиль өндірісін қатар дамытуға қызығушылық танытып отыр. Бұл өте маңызды өзгеріс. Өйткені бұрын Қазақстан Қытай үшін дәліз болса, енді серіктеске айналып келеді. Міне, дәл осы айырмашылықты түсіну қажет. Шанхайда қол қойылған келісімдердің құрылымына назар аударсақ, олардың басым бөлігі жаңа экономиканың салаларына қатысты.

Huawei компаниясымен стратегиялық әріптестік.

Жасанды интеллект.

Цифрлық инфрақұрылым.

Машина жасау.

Автомобиль өндірісі.

Көлік логистикасы.

Құрық порты.

Орта дәліз.

Бір қарағанда, бұлардың арасында байланыс жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, бұлардың бәрі бір ғана стратегиялық жоспардың бөліктері. Қытай Еуропаға шығатын жаңа экономикалық кеңістікті қалыптастырып жатыр. Ал сол кеңістіктің ең маңызды буыны – Қазақстан. Сондықтан бұл жерде тағы бір маңызды сұрақ туындайды. Неге Қытай дәл Қазақстанды таңдады? Өйткені Қазақстан – жай ғана көрші мемлекет емес. Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі экономика. Қазақстан – өңірдегі ең ұзын теміржол желісіне ие мемлекет. Қазақстан – Каспий теңізіне шығатын жалғыз орталықазиялық ел. Қазақстан – уран өндіруден әлемдегі көшбасшылардың бірі. Қазақстан – сирек металдарға бай ел. Қазақстан – Еуропаға шығатын Орта дәліздің өзегі. Бұлардың әрқайсысы жеке алғанда маңызды. Ал барлығы бір мемлекеттің бойында тоғысқанда оның стратегиялық құны бірнеше есе артады. Қытай мұны әлдеқашан есептеп қойған.  Ал біз кейде өз мүмкіндігімізді өзіміз бағалай алмай жатамыз. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы»  дейді  қазекем. Осы  орайда, Қазақстан үшін Қытай – жай ғана көрші емес. Әлемдегі екінші ірі экономика. Технологиядағы көшбасшылардың бірі. Әлемдік өндірістің орталығы. Осындай алып көршімен тиімді әрі тең қарым-қатынас орната білу – Қазақстан дипломатиясының ең үлкен сынақтарының бірі. Бірақ дәл осы жерде ең маңызды мәселе басталады. Қытайдың Қазақстанға келуі Қазақстан үшін қаншалықты мүмкіндік болса, соншалықты жауапкершілік те жүктейді…                                                                               Бүгінгі геосаяси жағдайға қарасақ, Қазақстанның алдында бұрын-соңды болмаған мүмкіндік те, бұрын-соңды кездеспеген жауапкершілік те қатар тұр. Кейде көпшілік арасында «Қазақстан Қытаймен жақындасып, Ресейден алыстап бара жатқан  жоқ па?» деген   әңгіме  жиі айтылады.  Әлбетте, мұндай  сұрақтың қойылуы заңды. Бірақ оған эмоциямен емес, салқын ақылмен жауап берген жөн. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап көпвекторлы сыртқы саясатты таңдады. Бұл – жай ғана дипломатиялық ұран емес. Бұл – география мәжбүрлеген өмір сүру тәсілі. Солтүстігіңде – Ресей. Шығысыңда – Қытай. Батысыңда – Каспий арқылы Еуропа. Оңтүстігіңде – Орталық Азия. Осындай ортада орналасқан мемлекет бір ғана бағытқа сүйенсе, өзінің стратегиялық еркіндігін шектейді. Сондықтан Қазақстанның сыртқы саясатының басты мақсаты – біреуге қарсы шығу емес, ешкімге толық тәуелді болып қалмау. Соңғы жылдары бұл саясаттың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Украинадағы соғыс Ресейдің халықаралық беделіне ғана емес, экономикалық мүмкіндіктеріне де әсер етті. Санкциялар ресейлік қаржы жүйесіне, логистикасына және технологиялық секторына қысым түсірді. Мұндай жағдайда Қазақстан да сыртқы экономикалық байланыстарын әртараптандыруға ұмтылды. Бірақ бұл «Ресейден теріс айналу» деген сөз емес. Қазақстан үшін Ресей әлі де маңызды көрші, ірі сауда серіктесі және тарихи байланысы терең мемлекет болып қала береді. Миллиондаған адам, мыңдаған шақырым шекара, өндірістік кооперация мен көлік желілері екі елді байланыстырып тұр. Мұндай қатынасты бір күнде өзгерту мүмкін емес әрі оның қажеті де жоқ. Алайда дәл сондай шындықтың екінші жағы да бар. Әлем өзгеріп жатыр. Экономикалық ауырлық орталығы біртіндеп Азияға ауысуда. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк болжамдары да Азияның жаһандық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналып келе жатқанын көрсетеді. Бұл үрдісте Қытайдың орны ерекше. Бүгінде Қытай көптеген мемлекет үшін тек өндіріс орталығы емес. Ол – капитал, технология және инфрақұрылым экспорттайтын жаһандық ойыншы. Сондықтан Қазақстанның Қытаймен байланысын күшейтуі – бір мемлекеттен екіншісіне бет бұру емес, әлемдік экономиканың өзгерген бағытына бейімделу. Дегенмен бұл жерде тағы бір маңызды мәселе бар. Қытайдың капиталы ешқашан тек коммерциялық мақсатпен жүрмейді. Бейжің инфрақұрылым салса, оның артынан сауда келеді. Сауданың соңынан өндіріс келеді. Өндірістің соңынан технология келеді. Ал технологияның соңынан ықпал жүреді. Бұл – халықаралық саясаттың қалыпты заңдылығы. Сондықтан Қазақстан үшін басты міндет – инвестиция тарту ғана емес, ұлттық мүддені қорғау. Қазақ «Өз үйің – өлең төсегің» дейді. Экономикаға қатысты да осы қағида өзгермеуі тиіс. Қазақстанға келген әрбір зауыт қазақстандық маман даярлауға қызмет етуі керек. Әкелінген технология жергілікті инженерлердің қолына көшуі тиіс. Жаңа өндірістер қазақстандық қосымша құн қалыптастыруы қажет. Егер біз тек құрастыру алаңына айналсақ, онда пайда шектеулі болады. Ал егер өз инженерлерімізді, өз ғылыми мектептерімізді, өз технологиялық компанияларымызды өсірсек, бүгінгі келісімдер ертеңгі ұлттық байлыққа айналады.                                                         Осы тұста тағы бір маңызды мәселеге тоқталған жөн. Кейбір сарапшылар Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалы күшейген сайын Ресейдің ықпалы әлсірейді деген пікір айтады. Меніңше, бұл үдерісті қарапайым бәсеке ретінде түсіндіру жеткіліксіз. Бүгінгі халықаралық қатынастар «біреуі ұтса, екіншісі міндетті түрде ұтылады» деген қарапайым формуламен жүрмейді. Қазақстан үшін ең тиімді жол – ірі державалардың арасындағы текетірестің объектісіне емес, олардың мүдделері түйісетін алаңға айналу. Бұл оңай міндет емес. Бірақ дәл осы саясат Қазақстанға соңғы отыз жылда халықаралық бедел әкелді. Қазақстан ядролық қарудан бас тартты. Қазақстан Сирия келіссөздеріне алаң ұсынды. Қазақстан ЕҚЫҰ саммитін өткізді. Қазақстан Қытаймен де, Ресеймен де, Еуропамен де, Түркиямен де, Парсы шығанағы елдерімен де байланысын сақтап қалды. Бұл – кездейсоқ жетістік емес. Бұл – көпвекторлы саясаттың нәтижесі. Енді сол саясат жаңа кезеңге аяқ басты. Өйткені бүгінгі бәсеке мұнай үшін емес. Логистика үшін. Жасанды интеллект үшін. Сирек металдар үшін. Деректер үшін. Технология үшін.        Осы тұрғыдан қарасақ, Тоқаевтың Шанхайдағы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысуының символдық мәні ерекше. Көпшілік оны хаттамалық іс-шара ретінде қабылдауы мүмкін. Шын мәнінде, бұл Қазақстанның жаңа технологиялық дәуірден сырт қалмайтынын көрсетуге бағытталған саяси белгі.                                                        Бүгін мемлекеттердің қуаты тек армиясымен немесе мұнай қорымен өлшенбейді. Кім жасанды интеллекті дамытады? Кім деректерді өңдейді? Кім жаңа технологияны өндіреді? Ертеңгі экономикалық үстемдік осы сұрақтардың жауабына байланысты болады. Сондықтан Қытайдың Қазақстанға ұсынған әрбір технологиялық жобасы тек инвестиция ретінде емес, болашақтың экономикасына ашылған есік ретінде қарастырылуы тиіс. Бірақ есіктен кімнің қалай кіретіні Қазақстанның өзіне байланысты. Сырттан келген капитал ешқашан мемлекетті өзі дамытпайды. Дамытатын – сол капиталды ұлттық мүддеге қызмет еткізе алатын саяси ерік пен сапалы басқару. Міне, дәл осы жерде бүгінгі 15 миллиард доллардың шынайы құны анықталады                                                                                                              Бүгінгі таңда Қазақстанның алдында екі түрлі жол тұр. Біріншісі – бұрынғыдай шикізат өндіретін, өз аумағы арқылы өзгенің тауарын өткізетін мемлекет болып қала беру. Екіншісі – географиясын ұлттық артықшылыққа айналдырып, өндірісі дамыған, технологиясы бар, логистикалық және индустриялық орталыққа айналу. Президент Тоқаевтың Қытайға сапары осы екі жолдың қайсысына бет алғанымызды аңғартқандай болды. Шанхайда қол қойылған келісімдердің басым бөлігі мұнай өндіруге емес, жаңа технологияларға, цифрландыруға, көлік инфрақұрылымына және өндірісті дамытуға арналуының өзі соны көрсетеді. Бұл – Қазақстан экономикасының жаңа кезеңге қадам басуға талпынып отырғанының белгісі. Бірақ тарих бір нәрсені анық дәлелдеген. Мүмкіндік барлық мемлекетке беріледі. Ал сол мүмкіндікті пайдалану екінің бірінің қолынан келе бермейді. Латын Америкасының көптеген мемлекеті табиғи байлыққа бай болды. Африканың да талай елінде алтын мен алмас жеткілікті. Бірақ байлықтың өзі өркендеуді қамтамасыз еткен жоқ. Өйткені экономиканың тағдырын жер қойнауындағы қазба емес, жер үстіндегі басқару мәдениеті шешеді.                                                                                                          Қазақстан үшін де негізгі мәселе дәл осы. Қытай капиталы келеді. Жаңа өндірістер ашылады. Инвестиция көбейеді. Бірақ одан қазақ қоғамы не ұтады?                                Міне, ең маңызды сұрақ осы. Егер жаңа зауыттарда отандық инженерлер өссе…          Егер университеттер жаңа технологиялық зерттеу орталықтарына айналса…               Егер Қазақстан әлемдік өндіріс тізбегінің маңызды буынына айналса…                         Егер қазақстандық кәсіпкерлер халықаралық нарыққа шығатын мүмкіндік алса…                                                                                                                                     Онда бүгінгі келісімдердің тарихи маңызы болады.                                                        Ал егер Қазақстан тек құрастыру алаңы болып қалса…                                                Егер технология сырттан келіп, сырттан кетсе…                                                          Егер жоғары қосылған құн басқа елде қалып, бізге тек салық пен арзан жұмыс орны ғана бұйырса…                                                                                                                                    Онда бүгінгі миллиардтардың әсері уақытша ғана болады. Сондықтан бүгінгі әңгіменің өзегі ақша емес. Өзек – мемлекет сапасы. Көп жағдайда біз сыртқы саясатты тек Президенттердің кездесуімен өлшейміз. Шын мәнінде, үлкен саясат министрлердің қол алысуынан кейін ғана басталады. Қол қойылған келісімдердің артынан заң өзгеруі керек. Инвестициялық ахуал жақсаруы керек. Сот жүйесіне сенім артуы керек. Кәсіпкердің құқығы қорғалуы керек. Жемқорлық азаюы керек. Білікті маман даярлануы керек.     Сонда ғана меморандум нақты экономикаға айналады. Әйтпесе қағазға түскен келісімнің өмірі қысқа болады. Қытай Қазақстанды не үшін таңдап отыр деген сұраққа қайта оралайық. Бұл жерде жауап бір ғана сөйлемге сыймайды. Қытай Қазақстанды жақсы көргендіктен емес. Қытай Қазақстанды аяғандықтан емес. Қытай Қазақстанға қарыз болғандықтан да емес.                                        Қытай Қазақстанды таңдады, өйткені оның ұлттық мүддесі соны талап етеді. Халықаралық саясаттың ең басты заңы да осы. Мәңгілік дос болмайды. Мәңгілік жау болмайды. Тек мәңгілік мүдде болады. Сол сияқты Қазақстан да кез келген халықаралық келісімге дәл осы өлшеммен қарауы керек. Қытайға да… Ресейге де… Еуропаға да… Америкаға да… Түркияға да…                                                                      Біздің басты өлшеміміз бір ғана нәрсе болуы тиіс. Ол – Қазақстанның ұлттық мүддесі. Соңғы жылдары әлем Қазақстанға басқаша қарай бастады. Бірі – уран үшін келеді. Бірі – мұнай үшін. Бірі – сирек металдар үшін. Бірі – Орта дәліз үшін. Бірі – жаңа нарық үшін. Бұл – біздің әлсіздігіміз емес. Бұл – біздің мүмкіндігіміз. Бірақ мүмкіндікті байлыққа айналдыру үшін мемлекет өте дәл саясат жүргізуі керек. Қазақта «Темірді қызған кезде соқ» деген сөз бар. Бүгін дәл сондай кезең. Әлем жаңа экономикалық тәртіпке көшіп жатыр. Жаңа сауда жолдары қалыптасып жатыр. Жаңа технологиялық революция басталды. Осындай тарихи бетбұрыста Қазақстанның сыртта қалып қоюға қақысы жоқ. Президент Тоқаевтың Қытайға сапары осы мүмкіндікті пайдалануға жасалған маңызды қадамдардың бірі ретінде есте қалуы ықтимал. Алайда бұл сапардың тарихи бағасын бүгін ешкім бере алмайды.                                                                                                                                                         Оны бес жылдан кейін салынып біткен зауыттар береді.                                              Оны жаңа теміржолдар береді.                                                                                    Оны Құрық порты арқылы өткен жүк көлемі береді.                                                   Оны қазақстандық инженерлер жасаған жаңа технология береді.                                 Оны әлемдік нарыққа шыққан қазақстандық өнім береді. Тарихтың таразысы асықпайды. Ол бәрін өз орнына қояды. Бірақ қазірдің өзінде бір ақиқат анық.                                Бүгін Қазақстанға қарап тұрған тек Қытай емес. Қазақстанға Ресей де қарап отыр. Еуропа да қарап отыр. Түркия да қарап отыр. Парсы шығанағындағы мемлекеттер де қарап отыр. Өйткені Еуразияның дәл жүрегінде орналасқан Қазақстан енді тек картаның ортасындағы мемлекет емес. Ол – жаңа әлемдік логистиканың, жаңа геосаяси тепе-теңдіктің және жаңа экономикалық бағыттардың тоғысқан нүктесіне айналып келеді.       Ең бастысы – сол тарихи мүмкіндікті жіберіп алмау. Өйткені тарихта мүмкіндік екінші рет келе бермейді. Ал география – тағдыр емес. География – ақылмен пайдалана алсаң ғана артықшылық. Бүгінгі 15 миллиард доллардың шынайы құны да дәл осында

Алдыңғы жазба19 шілдеден бастап Қазақстанда бірыңғай QR-код ресми түрде іске қосылады
Келесі жазбаРесей ыдырай ма, әлде өзгере ме?