Астана қаласынан өнер көрсеткен 15 боксшы ұл-қыздардың сегізі топ жарды. Оның 3-еуі – алтын, 3-еуі – күміс және 2-еуі – қола медаль, делінген елорда әкімдігінің ресми сайтында.
Атап айтқанда ұлдар арасындағы бәсекеде әлем чемпионы Нұрбек Оралбай осы турнирде жаңа 86 келіде чемпион атанды.
- Сондай-ақ, осы турнирде ерекше өнерімен есте қалған Тимур Нұрсейітов финалда (75 келі) алтыннан алқа тақты. Ол финалда 5:0 есебімен Армат Арманұлын ұтты.
- +92 келі салмақтың финалында Париж Олимпиадасының жолдама иегерлері елордалық Айбек Оралбай мен Қамшыбек Қоңқабаев жұдырықтасу керек болатын. Алайда Айбек Оралбай жекпе-жектен бас тартып, ағасына жол берді. Нәтижесінде Қамшыбек Қоңқабаев финалда автоматты түрде чемпион атанса, Айбек Оралбай күміс жүлде еншіледі.
Тағы бір елордалық былғары қолғап шебері Асхат Жүсіпов айтулы турнирде күміс жүлдегер атанды. Асхат (48 келі) финалда жапон боксшысына 0:5 есебімен ұтылды.
Екінші жартылай финалда 48 келі салмақтағы елордалық Әли Тоқтаров жапон спортшысына 0:5 есебімен ұтылып, айтулы турнирдің қола жүлдегері атанды.
Қыздар арасында Аида Әбікеева (63 келі) Elorda Cup халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды. Ол финалда 5:0 есебімен өзбек боксшысын ұтты.
Сондай-ақ, Ләззат Күнгейбаева (+81 келі) күміс жүлдегер атанды. Финалда жерлесіміз 4:1 есебімен Елдана Талиповадан ұтылды.