Биыл 32 жыл толатын, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің ақиқаты әлі толық ашыла қойған жоқ. Бірақ түбі бір шындық белгілі болар хақ. Мәселен осы желтоқсан көтерілісіне байланысты «Алматы 1986 Желтоқсан» деп осы бір сұрапыл күндердегі оқиғаларды қамтитын 7-8 кітап құрастырған белгілі журналист-жазушы Талғат Айтбайұлы:
«Бұл ешқандай қоспасыз, ащы оқиғалардан құралған жинақтар. Тіпті оның ішінде мәйітханада өлді деп тастай салған қыз баланың тірі болып шыққаны жөнінде де мақала бар.
Желтоқсанның жұмбақтары көп қой. Мәселен, жетінші томында Жамбыл облысындағы Жуалы аудандық ауруханасында дәрігер болып қызмет істейтін Сағынбекова Ләззаттың материалы басылған. 1986 жылы мединституттың төртінші курсында оқыпты. Студенттер мәйітханаға барып, кім неден өлді, қандай жарақаттан қайтты деген қағаз толтырады екен. Желтоқсанның 19-ы, я болмаса 20-ма екен, «Ләззат Асанованың қағазын мен толтырдым, – деп жазады ол. – Оның есімде қалғаны: менің де атым Ләззат, оның да аты Ләззат еді. Бойы орташа, шашы көмірдей қара, әппақ, сұлуша келген қыз екен. Шүйдесі жарылған, денесінде таяқтың дақтары болды…» Міне, Желтоқсанның біз білмейтін ақтаңдақтарының бір әңгімесі. Әлі де талай шындықтардың беті ашылатын шығар. Автомобиль жолдары министрлігінде Мағнұр Мақанов деген ағамыз министрдің орынбасары болған. Ол да қамалған. Осы жетінші томда ол кісінің де естеліктерін бердім. Ол кісі «Менімен қамалғандардың үшеуі бір түнде асылып өлді» дегенді айтады.
Біз әлі күнге дейін санаулы адамдарды ғана Желтоқсан құрбандары деп жүрміз. Демек, қазақ үшін қасіретті болған Желтоқсанның құрбандары біз ойлағаннан әлдеқайда көп.
Ашылмай жатқаны қаншама? Мен келер ұрпаққа осы кітаптар арқылы Желтоқсан оқиғасының бүкіл ащы шындығын ашып бере берсем деймін. Сол үшін қасіретті Желтоқсан оқиғасына байланысты естелік әңгімелерді ерінбей-жалықпай жинастырып, кітаптар шығарып жүрмін», дейді.
Шындығы сол, әлі күнге Желтоқсан көтерілісінің барлық құпиясы ашылған жоқ. Белгілі саясаткер Әміржан Қосанов: «Желтоқсанның архивтері әлі Ресейде сақталуда» дегенді айтады. Мүмкін.
Қалай десек те, түбі шындық салтанат құрып, осы бір кездің барлық ақиқаты ашылып, оған кінәлілер әшкере болатын кез әлі алда секілді.