Home Басты жазба Желтоқсан боздақтары  үлкен  құрметке  лайық!

Желтоқсан боздақтары  үлкен  құрметке  лайық!

44

«Тоңдырды мені,
Тоңдырды сені
Желтоқсан желі ызғарлы.
Солдырды гүлді,
Оңдырды нұрды,
Көңілде мұңды із қалды». Иә,  сол  желтоқсанның  ызғары  көңілде  мәңгі  қалғаны  айқын.  Оны  ұмытуға болмайды.  КСРО-ның  отаршыл,  әміршіл-әкімшіл   жүйесіне  қарсы  тұрған,  КСРО кеңістігінде ең  алғашқы  болып  Мәскеудің  кіші  ұлттарға  жүргізіп  отырған   саясатына қарсы  наразылық шеруін  ұймдастырған  біз – АЛАШ БАЛАСЫ  болатынбыз.

Сол  1986  жылдың  17 – 18 желтоқсанында  қазақ  халқы  дүрк көтерілді.  Өз  қалауын айтты.  Бостан ел  болсақ,   ол  елді  өз  азаматымыз  басқарса  деді. Алайда,  астамшыл  Мәскеулік  биілік  алаш  баласының  айтқанын  құлағына ілмеді.  Қазақстанның   ондаған  қаласымен  елдімекендерін  қамтыған  толқуды  күшпен  басып  жаншыды.   Аласүргін  кезінде   жүргізілген   жазалау  мен  қудалауда  Жоғарғы  оқу  орындарының  12  ректоры,  2600  тақау   әр  түрлі  деңгейдегі партия  хатшысы, Ішкі  Істер министрлігінде  істейтін  1200  қазақ   жұмыстан  кетірілді.  8 мыңнан астам  қазақ  жастары  камалды, соталды,  шейіт  болды.  Қудалау  барлық  саланы  қамтыды.  Алайда  мұның  бәрі  қазақ халқының сағын  сындыра алған  жоқ.  Керісінше  КСРО-ның  отаршыл  саясатына  қарсы  тұруға болатынын  өзге  жұртқа  көрсетті.  Жол  салды.  Мәскеудің  әміршіл  жүйесінің     көбесін  сөкті.  Тәуелсіздікке  түрен  тартты.   Арада   5  жыл   өтпей-ақ,   мызғымас   Кеңес елі ыдырап,   тәуелсіз  мемлекеттер    пайда  болды.   Міне,  биыл  сол  тарих  қойнауына кеткен 1986  жылдың  желтоқсан  оқиғасына  38 жыл  толып  отыр. Осы  уақыт  ішінде  сол  желтоқсан  көтерілісін  болашақ  ұрпақтың   есінде  қалдыру  үшін  не  істедік?  Әлбетте,  жыл  сайын   осы күн  тақаған  уақытта  түрі  іс –шаралар  ұйымдастырылып жататыны әмбеге аян. Рас,   көркем  және  деректер   фильмдер  түсірілді,    көркем және   естелік  дүниелер  тасқа  басылды.  Кітап  болып  жарыққа  шықты.  Алматыда желтоқсан  оқиғасы  болған   алаңда Желтоқсаншыларға  арналған  ескерткіш кешен  ашылды.  Дәл  сол  жердегі   бір көше  Желтоқсан атымен аталды. Бәрі  дұрыс,  құптарлық  іс.  Десек те,  сол  желтоқсанның  құрбандары Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова  және  біз  біле  бермейтін  алайда   сол  сүргіннің  кесірінен  артынан   әр  түрлі жағдайда   шейіт  болған  боздақтарға   неге   жеке-жеке  ескерткіш  орнатбасқа?  Қызыл  империяның  қаһарынан  қаймықпай  қарсы  тұрған  боздақтар  соған  лайық  емес  пе?  Сондай-ақ   қазақ   жастарының  бодандықтың  қамытын  талқандауға  ұмтылыс  жасалған  бұл  17-18  желтоқсан  күндерін мемлекеттік  деңгейде  атап  өтіп  отыруды  дағдыға   айналдырған  дұрыс-ау.

Алдыңғы жазбаҚайдасың, қайран періштем?!
Келесі жазбаСәкен аялаған арулар