Home Руханият Қайдасың, қайран періштем?!

Қайдасың, қайран періштем?!

34

Ол сол түні атылып өлді… Ауылдастары айтты: «Соңғы кезде көп ішіп кетіп еді. Соның кесірі ғой. Обал болды-ау» деп. Достары: «Соңғы кезде салынып ішіп, өз-өзінен әлденелерді айтып, күліп, кейде жылап жүрді. Шамасы, шалық шалған-ау» десті. Иә, ол жаздың жайма-шуақ жұлдыздар жауған бір барқыт түнінде өз-өзін атты да, бақилыққа аттанды. Мен оның көп ұзамай о дүниеге аттанатынын іштей сезетінмін. Бірақ қай кезде, қай күні екенін білмейтін едім. Өйткені… Бәрін басынан бастайыншы…

 

Сөз басы

Ол кешкілік жұмыстан жайырақ оралды. Мына заманда адамның тірлігі таусылған ба, оны-мұны шұқылап біраз жүріп қалған-ды. Өйткені өзінің жекеменшік бірер дүкені, бильярд клубы, сауналары бар еді. Жуынып, шайынып, асқа отырған беті осы еді, телефон шар ете калғаны. Кештеу хабарласқан кім болды екен деп әйеліне қараған. Ол оны қас-қабағынан түсінді-ау деймін, иығын бір қиқаң еткізді де, қонақ бөлмеде тұрған телефонды барып алды.

– Достар, таныстар болса мені үйде жоқ дей сал, шаршадым, – деп күңк етті бұл. Телефон трубкасын көтерген әйелі әлдекіммен амандасып, жарқын-жарқын сөйлесіп жатты. Сәлден кейін:

–Ауылдан ғой. Інің сені шақырады, – деді. Інісімен аман-саулық сұрасып, оны-мұны айтып біраз тұрды.

– Жәке, кеш те болса хабарласып жатқанымның себебі, Жанар қайтыс болды. У ішкен дей ме, әлде дәрінің көп дозасын қабылдаған дей ме, білмедім. Бүгін жерледік. Жалғызбасты туған-туысы жоқ адамның дүниеден өткені қиын екен. Мен екі-үш досымды ертіп барып, бір жағына шығып, көмген болдық. Сол Жанар дүниеден өтерде көрші үйдегі келіншекке саған арнап бір дәптер тастап кетіпті. Қалайда саған тапсыр деп дұғай-дұғай сәлем айтып, аманаттаған екен. Сол сырты, оралып, ешкім ашпасын деп желімдеген дәптерді Алматыға жүріп бара жатқан ауылдың бір студент баласынан беріп жібердім. Соны барып ал, кім білсін, ішінде не жазылғанын. Басқа не айтайын, кейін ауылға келіп жатсаң, басына барып, құран оқытып, белгі қоя жатарсың. Бөтен емес қой, саған… Жақсы, сау бол, тағы хабарласармыз, – деп інісі трубканы қойды.

Ол мең-зең болып креслода отырып қалды. Көз алдына самайы сәл ағарған, тағдырдың тауқыметін көп шеккен, ұяң жүзді Жанар елестеді. Жанында өзінен аумай қалған, кемтар, мүгедек ұлы Талпын. Жан дүниесі езіліп кеткендей болды. Көзінен жас қалай шыққанын да байқамай қалды. Оның залда ұзақ бөгелгенінен әйелі сескенді ме, әзірлеп жатқан шайын тастай салып, залға енді де, тұрып қалды. Сосын:

– Жалғас, не болды? Ауыл-аймақ аман ба? – деп шошына үн қатты. Өйткені ол бетін қос қолымен басып бүгіліп отырып қалған еді. Әйелінің әбіржіп не айтып, не қойып жатқаны есінде жоқ, көз алдында Жанар мен кемтар ұлы Талпын. Құлағында: «Жалғасым, сені сағындық қой, қашан келесің?» деген Жанардың үні.

Біраздан соң барып орнынан тұрды. Беті-қолын суық сумен шайып, дастарханға келіп отырды.

– Туған-туысқандар бәрі аман, – деді әйеліне. – Тек есіңде ме, Жанар деген қыз жайлы айтып едім ғой, сол қайтыс болыпты. У ішкен деді-ау деймін…

– Иманды болсын, – деді әйелі бетін сипап. Іле лып етіп көзіне жас шықты. Онысын жасырған болып, тұғжыңдап шкафтан әлденені іздеді.

– Тоңазытқыштағы коньякты бері әкелші, – деді бұл. Әйелі коньяк пен стаканды алдына қойды. Стаканға екі рет толтырып құйып, тартып жіберіп, шұжықтан бір тістеп, балконға шықты. Көктемнің жайма-шуақ түні. Жер дүние көгеріп, дертіп тұр. Ағаштар да бүршігін жарып үлгерген. Аспан ашық. Жұлдыздар жымыңдайды. Темекі тұтатты. Есіне Жанармен өткізген күндері оралды. Күрсінді. «Тағдырыңды тас-талқан етіп, бақытсыз еткен мен едім, жаным. Сенің өмірден ерте өтуіңе де мен кінәлімін. Қайтейін, кеш мені» деп іштей өкси күбірледі. Ұйқы ұйқы болмады. Ертесінде жұмыста мең-зең болып жүрді де қойды. Жұмыстан қайтарда ауылдан келген студент баладан Жанардың сәлемдемесін алды. Үйге кірмей машинада отырып-ақ карап шыққан. Оқушы дәптеріне толтырып жазған күнделігі екен. Күнделікті оқып отырып, Жанардың өзін қалай сүйгенін, өзінің оған қандай иттік жасағанын білді. Күнделікті оқи отырып еңкілдеп жылады. Өзінен өзі жеріді. Өзіне өзі лағынет айтты. Үйге сүйретіліп енді. Әлем тапырық болып кеткен жүзінен әйелі шошынып қалды. Жуынып-шайынып болған соң:

– Көрші үйдегі жазушы ағайға барайықшы, – деді. Көрші үйде өзінен төрт-бес жас үлкен араласып, сыйласып жүретін жазушы ағай тұратын. Бәлкім, жазушы емес те шығар. Әйтеуір қалам ұстайтыны бар. «Арманым Оралхан Бөкейдей, Дулат Исабектей үлкен жазушы болу еді, не Мұқағалидай, Төлегендей, Жұмекеңдей ақын болсам дегем. Соларға еліктеп, солықтап әңгіме-өлеңдер жаздым. Әлі де жазамын. Бірақ олар жеткен деңгейге жету қайда. Жазғандарымды ешқайда бастырмаймын. Жасындай жарқ етіп көрінбеген соң, тасбақа тірліктің атасын ұрдым» деп күліп, өзі жайында анда-санда айтып қоятын. Рас, күйкі тірліктен шаршаған шақта сол ағайдың үйіне барып, оны-мұны әңгіме айтып шер тарқатып қайтушы еді. Бүгін де сонда барғысы келді.

Серік ағай жылы шыраймен қарсы алды. Жеңгей самбырлай сөйлеп жүріп шәй қойды, әп-сәтте дастархан жайды. Шәйды сораптап, үстелге келген бір жартыны жартылай ішті. Шәй ішілген сон жеңгей мен әйелі өздерінің ұсақ-түйек әңгімелерін айтып ас үйде қалды да бұлар залға өтіп, теледидар қосып, әжік-күжік әңгіме айтып біраз отырды.

– Бауырым-ау, өңің бір түрлі, әбіржіп тұрсың ғой, – деді бір сәт оның жүзіне барлай қараған Серік ағасы.

– Оныңыз рас, – деді Жалғас– Кешелі-бері мазам болмай жүр. Аға, қалай десек те, сіз қолыңызға қалам ұстаған жазушысыз ғой. Мен сізге басымнан өткен біраз жайларды айтайын. Сіз қағазға түсіріп көріңізші. Бәлкім, жап-жақсы әңгіме шығар. Мәселе оны біреулер оқымай-ақ қойсын, өзіме берсеңіз болды. Әлсін-әлсін сол жазғанды оқып, жіберген қателіктерімнен сабақ алып отырайын. Жасым отызға енді толса да өмірде көп сүріндім, көп қателіктер жібердім. Иттік жасап, үстінен аттап кеткен адамдарым да болды, қайтейін. Асып-тастым. Ақыры, сол кейбір жылатып кеткен жандардың көз жасына қалдым ба, назына ұрындым ба, білмеймін. Әйтеуір, бір зауалға ұшырағаным рас. Өйткені, соңғы бір кездері ісім алға баспай шатқаяқтай берді. Қайсыбірін айтайын, аға, дұрысы бәрін рет-ретімен басынан бастайыншы. Мынау бір аяулы жанның күнделігі. Мұның да тағдырын тәлкек етіп, зар жылатып кетіп едім. Менің айтқандарым мен осы күнделікті қосып, бір әңгіме жасап шығыңыз. Сонымен…

 

Көршінің қызы

… Мен бала кезімде еркебұлан болып өстім, – деп бастады Жалғас әңгімесін.

Өйткені, әкем бір колхоздың әкімі еді, шешем мектеп директоры болды. Бақуатты отбасы едік. Колхоз тарап, жекешелендіру кезінде әкем біраз ауылшаруашылық техникаларымен қатар қора-қора қойлар мен ірі қараларды да түрлі жолдармен өзіне қаратып алған. Мал бағатын, трактор, машина айдайтын жалдамалы жұмысшыларымыз болды. Бидай мен шекілдеуік те егіліп, онда да ауылдың бір қора адамдары еңбек етіп, шай-пұлын тауып жүріп жатты. Қысқасы, ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда еді. Байлықтың буы ма, білмедім, әйтеуір біздің үйдің балаларында бір менмендік, өзгені менсінбеушілік бар еді.

Мектепте он бірінші сыныпта оқып жүрмін. Айналысатын көп іс жоқ. Шешем мектеп директоры болған соң мұғалімдер ол кісіге жағу үшін менен көп сабақ сұрамай-ақ жақсы баға қоя беретін. Домбыра тартып, гитарамен қосылып ән айтатын өнерім бар. Туған күн, әртүрлі отырыстарда ән айтып, дастарханның көркі болып отырушы едім. Бұған құдай берген сымбаттылығым мен сұлулығымды қосыңыз… Елдің бәрі «Жалғас, Жалғасжан, Жалғастай» деп алдымда қоғаша жапырылып жататын. Қыздар жағынан да жолым болғыш еді. Өнерлі, сымбатты, әрі бақуатты отбасының ұлынан қай қыз басын ала қашсын. Хат жазып, кездесуге шақырып жүргендері қаншама. Бәрін де қойшы, тек мына бір жағдай. Бірде бізге көрші тұратын бір отбасы өзге жаққа қоныс аударып, сол босап қалған үйге көп ұзамай, мына Мақаншы жақтан біреулер көшіп келді. Келгендер жалғызбасты еркек пен оның бойжеткен қызы екен. Әйелі ертерек дүниеден қайтса керек. Еркектің өзі мүгедек, шойнақ. Кезінде аттан жығылып, жамбасын сындырса керек-ті (Мұның бәрін кейіннен Жанар айтқан). Сонысына қарамай өте ісмер адам екен. Тері илеп, қамшы өріп, пышақ соғып, шалғының жүзін келтіріп, ауласында тыным таппай шойнаңдап жүргені. Бойжеткен қызы менен екі жас үлкендігі бар, есімі Жанар. Ол да өнерден құралақан емес. Домбыра тартып, әуелете ән салады. Қоңырқай тірлігі бар, қарапайым отбасы еді олар. Қолдың қысқалығынан Жанар жоғарғы оқу орнына да бара алмапты. Жалғызбасты әкесінің бір жағына шығысып, күнелтіп жатқап жайы бар. Ауылдағы кішкентай мәдениет үйінде шағып ғана көркеменерпаздар үйірмесі бар екенін естіген соң, маған еріп анда-санда Жанар барып жүрді. Өйткені, мен кішкене кезімнен-ақ сол үйріменің белсенді бір домбырашы, әншісі едім. Мереке күндері әлсін-әлсін ауыл адамдарына концерт беріп тұрамыз. Неге екенін қайдам, әу дегеннен-ақ Жанар екеуміз жақсы жарасып кеттік. Бидай өңді, сұңғақ бойлы, өңді қыз еді. Көздері қандай әдемі. Жанар десе, Жанар еді-ау! Өзі де маған тым үйір еді. Сөйтіп көркемөнерпаздар үйірмесіне барып жүрдік. Жерге қар түсіп, еліміздің тәуелсіздік күні жақындап қалған-ды. Сол мерекеде ауылға концерт қоятын болдық. Дайындық қатты жүрді. Сол кеште Жанар екеуміз бірігіп ән шырқайтын болдық.

Концертке бүкіл ауыл көшіп келгендей еді. Адам ығы-жығы. Кішкентай клуб екі иығынан демалып тұр. Жеке-жеке Жанар екеуміз екі-үш ән орындадық. Концерттің соңына қарай сахнаға бірге шықтық.

«Көзің қандай,

Қарақат көзің қандай…» – ән шырқап тұрып ол маған, мен оған әлдебір қимас ыстық сезіммен жәудірей қарастық. Жанардың тұнғиық көздерінен әлдебір маған деген ыстық шуақ төгіліп тұрғандай болды. Жүрегім дүрсілдеді. «Апыр-ау, осы қыз маған ғашық, мен оған ғашық емеспін бе?» Қас-қағым сәтте онымен алғаш танысып, араласа бастаған сәтті көз алдыма елестетіп өттім. Біздің ара-қатынасымыз жай достықтан гөрі, өзіміз түсіне бермейтін әлдебір жақындыққа, қимастыққа бір-бірімізді күнделікті көрмесек сағынатындай күйге айналып үлгергенін жан дүниеммен сезіндім. Қол ұстасып бір-бірімізге қарап ән айтып тұрып, оның жанарларына тағы да бажайлай қарадым. «Мен сені сүйемін, жақсы көремін, Жалғас» деген сөзді жан дүниеммен сезініп, оқығандай болдым…

Концерттен соң төрт-бес сыныптас балалар бір үйге жиналып, мерекені өзімізше атап өтпек болғанбыз.

– Жанар, бізбен бірге жүр, мерекені бірге атап өтейік, – дедім. Ол келісті. Жер тайғақ болған соң мені қолтықтап алды. Дабырласып басқосу өтетін үйге жеттік. Төрт-бес қыз, төрт-бес ұлмыз баяғы. Әркім өзіне жақын тартып, дос болып жүрген қыздарын ертіп алған. Жанар екеумізге орын төрден тиді. «Екеуің сахнада әнді керемет айттыңдар. Тіпті қос ғашық секілді қол ұстасқандарың, бір-біріңе қарағандарың қатып кетті» деп қыздар мен ұлдар қолпаштап жатыр. Жанар сәл ұялыс тауып, қызараңдап қалды. Достардың айтқаны маған майдай жақты. Жанарды өзімсініп, сүйген қызымдай сезініп, үстел астынан қолынан ұстап, алақанынан қысып-қысып қойдым. Ол қолын тартып алмады, қайта саусақтарымды салалап, аялай сипалады. Дастарханға үйдегі үлкен кісілерден жасырып, ақ арақ пен жеңіл қызыл шарап әкелінді. Ұлдар жағы арақтан, қыздар шараптан сәл-сәл ауыз тиістік. «Ал, ән айтайық» десті қызған топ. Жан-жақтан қолқалап, Жанарға ән салғызды

«Өмірде тағдыр айдап,

Кездестім өзіңменен.

Кезім бұл бал-бұл жайнап,

Қайғы-мұң сезілмеген.

Тұңғиық көзіңдегі

Бөлендім шапағатқа.

Бұл нәзік сезім бе еді,

Бұл әлде махаббат па?»

Ән айтып отырып ол менің қолымды қысты. Енді ешкімнен ұялмай-ақ оның алақандарын аялай сипадым. Денесіне денемді тигізіп, тақала отырдым. Аздап ішкен арақтың қызуы ма, білмедім, көңілім ерекше жадырап, сезімге мас болғандай болдым. Отырыстан кейін бір көшеде тұратындар бірге ән шырқап біраз жүрдік. Ортада – Жанар. Мені тас қылып қолтықтап алған. Кейде басын иығыма қойып, әлденені айтып, сықылықтап күледі. Кейде шырқалған әнге қосылып кетеді. Біз мас едік, махаббатқа мас едік, сезімнің буына мас едік. Керемет бір шырынды кез еді бұл.

Алма ағаштың гүліндей-ау,

Текеметтің түгіндей-ау.

Өтіп дәурен бара жатыр,

Сіз бен бізге білінбей-ау, – ән айтқан топ жол-жөнекей бөлініп қалып жатты. Әркім өзінің жақсы көрген қыздарын шығарып салып кетті.

Жанардың үйінің қақпасының алдына келіп тоқтадық. Ешкім жоқ, екеуміз. Ай сүттей жарық. Кеше ғана тобықтан қар жауып тастаған. Айнала әппақ. Қоштаса алмай ұзақ тұрдық.

– Мен бұл түнді ешуақытта ұмытпаймын, Жалғас. Мен үшін ерекше аяулы сәт бұл, – ол басын кеудеме қойды. Жанардың белінен орай құшақтадым. Бетінен сүйдім.

– Жанар, – дедім даусым дірілдеп. – Жанар, мен сені… – бөгеліп калдым. «Сүйем» деген сөзді айта алмадым. Әлгіндегі батылдығым қайда кеткен. Ауызым икемге келер емес. Денемді ұсақ діріл биледі.

– Жанар, мен сені…

Ол бетіме тік қарады. Ерніме ернін тигізді.

– Мен де сені сүйемін, Жалғас. Жасың кіші болса да сүйемін, жаным, – ол даусы дірілдей сөйледі. Біз қыстың сүттей жарық түнінде ұзақ құшақтасып тұрдық, ұзақ аймаластық. Жанардың еріндерінен бал сорғандай едім.

– Құдай-ау, қандай шырынды шақ, – ол алқына сыбырлады, – Тек ұзағынан болғай.

Айдың жарығымен оның жанарынан жас көрдім. Ол жылап тұр еді. Көздерінен өптім. Құшағыма қыса түстім. Тіпті ішімнен бір адамға айналып кетсек қой деп тіледім. Оны қыса кұшақтап, аялай сүйдім. «Біз мәңгі біргеміз, жаным, мәңгіге».

Сол түннен кейін арамыз тіпті жақындап, ажырамастай болдық.

Ажал айтып келмейді дегендей, араға екі-үш күн салып, аяқ асты Жанардың әкесі қайтыс болды. Жуынып-шайынайын деп ауылдағы орталық моншаға барыпты. Ыстық буға көп отырып қойған ба, қан қысымы тым көтеріліп кеткен бе, сол моншада басы айналып құлап түсіп, сол қалпы жүріп кетсе керек. Жанар аңырап қалды. Аякөз жаққа тұрмысқа шыққан жалғыз әпкесі бар екен, артынан жылап-еңіреп сол келді. Қыстың шыңылтыр аязды бір күні Жанардың әкесін ақырғы сапарға ел болып шығарып салдық. Бұл күндер Жанар тұрмақ маған да жеңіл тимеді. Әйтеуір қолым қалт етсе, басу айтып Жанарды жұбатумен жүрдім.

«Жалғыз қалдым, ендігі сүйенерім де, сенерім де сенсің, Жалғас» деп солқылдап жылайтын. «Өмірде не болмайды, Жанар, бекем бол. Мен әрдайым, әрқашан жаныңдамын, жаным» деп оның жасқа толы қарақат көздерінен сүйіп жүруші едім. Ел болып көмек беріп, Жанардың әкесінің жетісін өткіздік. Одан кейін Жанар үйінде жалғыз қалды. Сабақтан кейін сонда барып, кейде отын шауып, су тасып беріп, кешкілік ол жатқанға дейін жанында болуым, біздің үйдегілерге жақпай қалса керек.

– Жалғызбасты қыздың үйінен шықпайтын болдың. «Әкімнің ұлы ана шойнақ шалдың қызының отымен кіріп, күлімен щығып жүр», – деп жұрт шулап жүр. Сүйегімізге таңба салдың. Бұл жүрісті қысқарт», – деп шешем бірде қатаң ескерту жасады. Бұл ескертеу маған тосқауыл бола алмады. Со баяғы әдетіммен жүре бердім. Жанар да жұмыс істейтін. Көрші болған соң, әрі көмек болсын деп Жанарды шешем мектепке еден жуатын жұмысқа орналастырған. Азын-аулақ болса да табар нәпақасы бар. Жанарға бұл жұмыс жаман болмады.

Жаңа Жыл таяп қалды. Мерекені бір топ достар бірігіп бір үйде қарсы алмақ болдық. Көптен күткен ол күн де келді. Мектептегі той-думаннан кейін жиналып, Жаңа жылды қарсы алатын үйге ағылдық. Жаныма Жанарды ертіп алғанмын. Ол да басына түскен ауыр қайғыдан сәл де болса арылып, күнделікті тіршілігіне көшкен. Өйткені, өлмектің артынан өлмек жоқ. Тірі адам қашанда тірлігін жасайды. «Жаңа Жылыңмен!» деп әдемі шарф пен шетелдік әтір сыйладым. Бұған ол мәз-мейрам. Отырысқа мен сыйлаған шарфты мойнына салып, әтірді себініп барды. Өңі бал-бұл жайнап, аздап аққайнардан да ауыз тиді. Бір-бірімізге тілемеген тілек қалмады. Сол күні жапалақтап қалың қар жауды. Сол түні қыздар, жігіттер әбден қызған соң біруақ далаға шығып, қар лақтырысып, бір-бірімізді қармен жуып әбден ойнадық. Қалай десек те, мектеп қабырғасында өткеріп жатқан соңғы жаңа жылымыз ғой.

«Құрбым, жан құрбым, бала кезімнен,

Бақыт көруші ем қара көзіңнен.

Кеттің ұмытып, мәңгі ұмыттың,

Жібін үздің ғой нәзік үміттің».

Мен тартқан гитараға Жанар қосылып әнді бірінен кейін бірін бебеулетіп жатырмыз. Ән айтып отырып, Жанардың нәркес көздерінен мөлдір жас көргендей болдым. Жалғыз Жанар емес, осы жаңа жыл кешін бірге қарсы алып отырған біраз қыздардың көзінде жас бар. «Кәне, осы Жаңа Жылды қарсы алып отырған барлығымыздың жұбымыз әрқашан жазылмасын, сол үшін осы тосты алып қоялық» дестік бір-бірімізді құшақтап.

Түн ортасы ауа тарастық. Қар кешіп, Жанар екеуміз далада ұзақ жүрдік. Арамызда талай-талай сырлар айтылды. Сол кез қандай шырынды шақтар еді-ау әттең…

Жанардың үйіне ере кірдім. Сыртқы киімімізді шешкен күйі құшақтаса кеттік. Сол құшақтасқан күйі төсекке келіп құладық. Әлгінде ішкен арақтың буы ма, білмеймін, бойымда ерекше бір батылдық бар. Жанардың әлсіз қарсыласқанына қарамай түгел шешіндірдім, өзім де шешіндім. «Қойшы, жаным, әлі ерте ғой, ұят-тағы» деген Жанардың сөзіне қарамадым. Ернінен тұншықтыра сорып, үстіне шықтым. Одан ары… Өмірі басымнан кешпеген дүниені басымнан өткердім. Түсініксіз былдыр, тәтті сүйіс, қараңғыдағы қыздың тыржалаңаш ағараңдаған, тулаған ып-ыстық денесі, жаныңды ләззатқа батыра берер сиқырлы ыңкыл-ыңырсу… Ыстық қауышу таң атқанша жалғасты. Нағыз еркек болуым сол түні еді…

 

Қимаймын сені…

Сол түннен кейін-ақ Жанармен оңаша қалған сәттерде жанталаса шешіне сап, айқаса кететін болдық. Маған тән тоятынан, тән ләззатынан артық нәрсе жоқ секілді болып көрінді. Күндер өтіп жатты.

Бірде жанымда отыратын парталас қыз бір жапырақ қағаз берді. Онымен қоймай: «Ешкімге көрсетпе» деп ескертіп қойды. Қағаздың бүктеуін ашып жіберіп, көз жүгірттім. «Жалғас, алты сабақтан кейін сегізінші кабинетке келші. Мен сені сонда күтемін» деген жазу бар екен. Бұндай хаттарды талай алғанмын. Бірақ бәрі аттарын жазып қоюшы еді. Мына жұмбақ қыз кім болды екен? Алты сабақ біткенше дегбірім қалмады. Сабақ бітісімен жанымдағы бірге қайтатын балалардан сытылып шығып сегізінші кабинетке қарай аяңдадым. Есік жабық екен. «Кірсем бе, кірмесем бе» деп біраз тұрдым. Сосын «Шешінген судан тайынбас» деген. Баяғы маған хат жазып, жаксы көрем дейтін табақ бет, қалқан құлақ көп қыздың бірі боларсың деп кіріп бардым. Кіріп бардым да, таң қалып тұрып қалдым. Кабинеттегі ең соңғы партада жалғыз бір қыз кітап оқып отыр екен. Жақсы білемін. Өзіммен қатар, бірақ өзге класта оқитын қыз. Есімі Сәуле. Өте сымбатты, өте әдемі қыз еді. Әрі мектептің бетке ұстар жұлдызы, әрі мақтанышы еді. Спорттан да, сабақтан да оған жетер үздік жоқ-ты. Сонысын сезіне ме, өзін өте паң, кербездеу ұстайтын. Көп ешкіммен араласпайтын да. Өздерінің үлкен дүкені бар, бақуатты отбасының қызы еді. «Бұл қыз маған хат жазбай қалсын, біреу әдейі қалжыңдады-ау» деп іштей қынжылып, Сәулеге бас изеп амандасып, бұрыла бергенім сол еді:

– Жалғас, тоқташы, – деді қысыла тіл қатып.– Мен едім шақырған… – осыны айтып өзі қып-қызыл болып кетті.

Сол күннен бастап Сәуле екеуміздің ортамызда махаббат оты тұтанып жүре берді. Көзге тез шалындық. Өйткені ешкімді менсінбейтін паң қыздың менің жанымнан шықпай коюы бірден көзге ұрған.

Сабақтан кейін оңаша қалып жиі кездесе бастадық. Осы бір кезде Жанармен екі ортаға сәл жарқыншақ түсіп кеткендей болған. Өйткені бұған шешемнің тағы бір ескерту жасап, қатты ұрысқаны себепші болды.

– Бүкіл жұртқа өсекке калдык. «Анау шойнақ шалдың қызының қойнына барады, ол сенен екіқабат екен» деп ел дүрлігіп жатыр. Мұндай масқара болмаспыз. Ол салдақыны кажет етсе, жұмыстан шығарамын. Ол қаншық сенің теңің емес, жасы да үлкен. Қайдағы бір қаңғып келген қайыршы, туған-туысы жоқ жетім. Сен – жассың. Болашағың алда. Қызсыз тұра алмаймын десең, өзіңе тең қыз қара. Бізге терезесі тең болсын. Мына қаншық саған тең емес, апа қыласың ба оны? – деп шешем тепсіне ұрысты. – Әкең естімесін, жаныңды шығарады, – деп тағы косып қойды.

Шешемнің ұрысқаны маған қатты әсер етті. Жатып алып ойландым. «Рас-ау болашағым бәрі алда, маған үйленуге ерте, оқуға баруым керек, қызмет керек. Мен секілді өнерлі, сымбатты, жағдайы жақсы жігітке қыз қайдан да болса табылады-ау», – деп ойладым. «Жанармен ара-қатынасым шынында балалық болар, ертең-ақ ұмытылып кетер. Шешемнің терезесі тең емес деуі де дұрыс-ау. Оның кімі бар? Жетім қыз. Ал оның жанында Сәуле менің теңім. Соның етегінен қаттырақ ұстайын». Мен осындай шешімге келдім. Алайда Жанардан ат құйрығын шорт кесудің оңай еместігін де білдім. Сондықтан сирегірек кездесуге тырыстық. Мұнымды Жанар да сезген сияқты. Бірде кешкілік далаға шықпай теледидар көріп жатқанмын, үйге кірген інім шешемнің көзін ала бере сыбырлап:

– Жанар шақырады, – деді. Селсоқ киініп, сыртқа шықтым. Жанар үйінің сыртында мені күтіп тұр екен. Көрінгеннің көзіне түсе бермейік деп үйге ендік.

– Көңілсізсің ғой, Жалғас, бір нәрсеге ренжіп жүрсің бе? – деді ол мені құшақтап.

– Жәй, еш нәрсе, – дедім не дерімді білмей. Ол еріндерімнен сүйді. Екеуміз де үнсіз құшақтасып біраз отырдық.

– Жалғас, мен де естіп жатырмын, саңырау емеспін. Сәуле деген қызбен жүріп жүр екенсің. Қолыңа қонған құсың құтты болсын, құттықтаймын, – деп ащы мырс етті. Кекеткені ме, әлде күйініп айтты ма, білмеймін.

– Бәрін біліп отырсаң, оны несіне айтасың? – бетіне тіке қарадым.

– Мәңгілік жанымыз бірге дегенің қайда? – Ол жылады. Басын менің төсіме қойып солқылдап жылады. – Мен сені ешкімге қимаймын, Жалғас, мен сені сүйемін…

Жан дүнием езілгендей болды. «Апыр-ау, жақсы көріп, осы уақытқа дейін сүйіп келіп, теріс айналғаным қалай? Опасыздық қой мұным». Ішім алай-дүлей. Жанарды қыса құшақтадым. Көздерінен сүйдім. Жастың кермек дәмі сезілді.

– Мені сүйем деші, сүйем деп айтшы, Жалғас, – ол маған жалына тіл қатты, жалбарына қарады.

– Иә, сүйемін, жаным, ешкімге айырбастамаймын. – Ұзақ аймаластық. Соңғы бір күндері ортамызда орнаған салқындықтың дал-далын шығардық. Аймаласып отырып шешіндік, аймаласа жатып тән тоятына ерік бердік.

Ыстығымыз сәл басылғандай болғанда:

– Жалғас, бір нәрсе айтайын ба? – деді Жанар.

– Айта ғой, – дедім оны еркелете шашынап сипап.

– Бір түрлі, бірақ, бәрібір білуің керек қой. Білмеймін, осы екі-үш күн болды, тұздалған қияр жегім келіп аузымның суы құрып жүр. Әйелдер айтып отырушы еді, ішке бір нәрсе біткенде жерік боласың деп. Мендегі сол-ау, сенен жүкті болып қалған секілдімін…

Төбемнен біреу суық су құйып жібергендей болды.

– Қойшы кайдағыны айтпай, – деп орнымнан атып тұрдым.

– Неге сонша шошындың, Жалғас, шын айтам, ойнап жүріп от басқан секілдіміз. Мен екіқабатпын сенен. – Жанар мені өзіне тартты. Мен илікпедім. Үнсіз біраз отырдық. Осы бір қысқа уақыттың ішінде ойыма не келіп, не кетпеді. «Шешемнің айтқаны дәл келді-ау. Жетім қыздың босағасына тұсалып қалдым деген осы». Ішім қыз-қыз қайнады. Орнымнан тұрып киіне бастадым.

– Жалғас, қайда кеттің? Бекер айттым-ау саған. Мен сені қуантам ба деп едім, шошытып алдым-ау, – Жанар жаси сөйледі.

– Қияр алып келмеймін бе? – дедім көңілсіздеу. Сосын оның еріндерінен селсоқтау сүйдім. Осының өзі оны жадыратып тастағандай болды.

– Асылым, – деді ол мойныма асылып. – Жалғызым менің…

Жертөледен банкіге тұздалған қиярды ұрлап алып шығып, Жанарға әкеліп бердім. Бірақ оған деген көңілім мұздап бара жатқан еді…

 

 

Опасыздық

Түнімен үйде дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Неге екенін, Жанарды кәдімгідей жек көріп кеттім. Одан қалай құтылсам деп ойладым. Басыма небір сұмдық ойлар келді. Таң ата көзім ілініп кетті. Бірақ Жанардан құтылудың жолын тапқандай едім. Оған бірер күн жоламай жүрдім. Тіпті мектепте еден жуатын әйелдермен бірге әңгімелесіп тұрғанын көрсем де көрмеген болып орағытып өтіп кететін болдым. «Қыз құрып қалғандай, осы кызға несіне жоладым? Басыма дау, пәле тілеп алдым. Екіқабатпын дейді. Қызық екен. Енді оның босағасын күзетіп, баласын бағып отыруым керек пе? Жоқ, олай болмайды!»

Өз-өзімнен күйіп-пістім. Не керек, жоспарлаған арам пиғылымды жүзеге асыратын кез келді. Өзімнен екі-үш жас үлкен екі жігітті жаныма шақырып алдым. Оларға қойныма тыға шыққа бірер жартымды оңашада құйып бердім. Олар, яғни Жарас пен Мыңбай, істерге жұмысы жоқ, кім бір жарты құяды деп дәметіп жүретін көшенің алқаштары еді. Біраз кызған соң әңгіме бастадым.

– Енді бір қыз тауып демалмаймыз ба? – дедім.

– Е-е, оның дұрыс, кім бар, ей осы? – деп екеуі бір-біріне қарады. Қырлы стаканға толтыра құйып екеуіне тағы тарттырып жібердім. Тіске басар ештеңе жоқ, аш қарынға ішкен арақ бірден басқа ойнап шыға келетіні белгілі.

– Жүріңдер, мына шойнақ шалдың қызына барайық. Қалғанын сонда ішіп, ол қызды кезек-кезек нетіп… демалмаймыз ба?

– Қой, ей, ол сенің жүріп жүрген қызың ғой, қалжыңдайтын шығарсың, – екеуі де дүрдие қарады.

– Кезінде жүргенмін, қазір жоқ. Мен үшін қыз деген не, қажет етсем, қолжаулықша ауыстырамын. Жанарды нетіп, нетіп лақтырып кеткенмін. Қазір мен үшін мияулаған салдақы да. Жүріңдер, мен сендерді сонда апарып, сауаптарыңды алайын, – деп орнымнан тұрдым. Араққа сылқия тойған екеуі: «Жөн, жөн» деп маған ере берді. Ондағы ойым, мына екі жігітке Жанарды күштеп зорлаттырып, онымен ат құйрығын мүлдем кесісу еді. Бірдеңе десе, «Менің мас болып отырғанымды пайдаланып, ана екі жігітпен әдейі болдың, етегіңді көтердің, енді сені қалай аламын, қалай сүйемін» деу еді. Есік қағып кіріп келген мені көргенде Жанар кітап оқып жатқан жерінен ұшып тұрып, құшағын жая ұмтылды. Құшақтап бетімнен сүйіп жатып:

– Ішіп алыпсың ғой, – деді. Үндемедім, сосын сыртқы есікті ашып, сырттағы екеуге кіріңдер дедім. Қызара бөртіп, ауыздарынан боқтық пен арақ иісі бұркыраған екеуді Жанар жақтырмай қалды.

– Ішіп жүрміз, тойлап жүрміз, мына Мыңбайдың бүгін туған күні, бәрі соның құрметі үшін, – деп үстелге қарай оздым. – Кәне, келіңдер-ей, ішеміз.

Жанар селсоқ, жақтырмаған қалпында үстелге тіске басар оны-мұны әкеліп қойды. Жанарды жаныма отырғызып, әлсін-әлсін сүйіп қоямын. Ол тартыншақтап қояды. Қолдарым қайта-қайта оның денесін кезіп кетеді. Ұялғаны ма, әлде жақтырмағаны ма, бір-екі рет қолымды қаттырақ қайырып тастады. Алдымдағы арақты тартып жіберіп, аузымды басып, орнымнан атып тұрдым.

– Жүрегім көтеріліп кетті. Мен қазір құсып келемін, сендер жалғастыра беріңдер, – деп далаға жүгірдім. Орнымнан тұрған бойда Жарастың аяғын теуіп қалғанмын. Оным: «Қапы қалмаңдар, менің далаға шыққанымды пайдаланып, Жанарды төсекке алып ұрыңдар. Алғашында қарсыласар, артынан өзі-ақ бәрін реттейді. Төсекте сұмдық, сен емес, ол сені нетеді. Қара да тұр, қызықтың көкесін көресіңдер» деп екеуін қоздырып қойғанмын. Сыртқы есікті жапқаным сол еді, үйдің іші айқай-шу болып кетті. Жүгіріп үйдің артындағы терезеге келіп сығаладым. Біреуі екі аяқтан, екіншісі екі қолын кайырып Жанарды төсекке жыға алмай әуре болып жатыр екен. Жанар дес берер емес. Өйткені екі мас адамда қандай күш болсын.

– Жалғас, – деп шыңғырды Жанар. – Жалғас, қайдасың, көмектес. Неге тастап кеттің мені, Жалғас-с…

Жүрегім дүрсілдеді. Екі құлағымды басып үйге қарай жүгірдім. «Опасызбын, өзімді сүйген қызға иттік жасадым, адам емеспін». Жүгіріп келемін, еңкілдеп жылап келем…

Әлемтапырық болып кеткен түрімді көріп үйдегілер шошып қалды. Түнімен түсіме Жанар кірді. Бірде құшақтасып, баяғыдай тәтті бір кездерді бастан өткеріп жатырмыз. Бірде ол мені тамағымнан қылқындырып, «опасыз» деп бетіме түкіріп жатады. «Жанар, Жанар» деп айқайлап, бірнеше рет шошынып ояндым. Үй-іші дүрлікті.

– Мына салдақы сені әбден оқытып қойған екен. Мектеп тұрмақ, ауылдан бездіріп жіберейін. Таң атсыншы, бәлем, – деп шешем долданып шықты. Әкем көп сөйлемейтін. Бірақ мінезі қатал еді.

– Қысқарт, – деді шешеме жекіп. – Ондай былапытты қой, одан да мынау бұзауыңды тый, өзгеде шаруаң болмасын.

Үйде бір аптадай ауырып жаттым. Әрине ауырдым деген жәй сөз, Жанардың үйінде болған жайдың артын бағу еді.

– Ол қаншық соңғы екі-үш күн болды, жұмысқа да келмеді. Бұйрық шығарып, жұмыстан шығарып тастадым, – деп қойды бір шәй үстінде шешем. Мен тырс етіп үндемедім. Оңаша қалғанда інімнен сұрап қоямын: «Жанар көріне ме, жүр ме?» деп. Ол: «Жоқ, көрінбейді» дейді. Тағы сұраймын тызақтап. «Өліп қалған ба, тыпыр еткен жан жоқ» дейді інім. Қорқайын дедім. Әлгі Жарас пен Мыңбай жабылып зорлаймын деп жүріп өлтіріп кеткен жоқ па екен? Осы ой көңіліме оралып еді, денем мұздап сала берді.

– Барып көріп қайтсаңшы, жалғызбасты қыз ғой, бір нәрсеге ұрынып қалған жоқ па екен? – дедім ініме. Өзім баруға қуыстанып-ақ жатырмын.

– Бар пәлені өзің бастап алып, қашып отырсың, ә?! – деді інім маған жақтырмай қарап. – Байқа, ертең ол қыздың обалына қалып, назына ұшырап жүрме. Мыңбайдың басынан шөмішпен ұрып жарыпты. Ауруханада жатыр. Ана алқаш Жарасты да оңдырмапты. Бүкіл көрші-қолаң гу-гу өсек айтып жүр. Сен-ақ бізге күйе жағып болдың.

Інім ренжіген кейіпте қолын бір сілтеп сыртқа шығып кетті.

Бір аптадан кейін сабағыма бардым. Алғашқы үзілісте-ақ жаныма алқынып Сәуле жетті. Амандық-саулықтан соң ол:

– Сені ана бір Жанар деген көршілерің арақ беріп, мас қылып, қойнына жатқызыпты, – деп ел айтып жүр ғой, рас па? – деді.

– Қойшы, ел не демейді, – деп қолымды сілтедім. – Әйтеуір ауыздарына келгенін көки береді де.

Кешкісін белді бекем буып, Жанардың үйіне бардым. Ондағы ойым, хал-жайын білу, әрі опасыздығыма кешірім сұрау. Үйінде шам жанып тұр. Терезеден сығаладым. Өзінің араласып жүретін маңайдағы көрші келіншектері бар. Шәй ішіп, гулетіп әңгіме айтып отыр. Жанар желпіне сөйлеп, әлдебір күлдіргі әңгіме айтуда. Тіпті еш нәрсе болмағандай. Көңілді. Жүрегім орнына түсті. Есік қағып, ақырын кіріп бардым.

– Ә, Жалғас, кел, кел, төрге шық, – Жанар жымия карсы алды. Дастарханға шақырып, шәй құйды. Құйылған шәйды сыздықтата жұтып, үнсіз отырмын.

Көп ұзамай көрші келіншектер қоштасып шығып кетті. Сол-ақ екен, үйді көңілсіздік жайлады. Әлгіндегі күліп отырған Жанардың өңі тым суық, тым салқын көрінді. Шәй іш деп те айтпады. Үйді өлі тыныштық жайлады.

– Түк болмағандай жайраңдап қалыпсың ғой, – алғашқы болып мен тіл қаттым.

– Енді өлем бе? – Жанар салқын жауап берді. Онымен араласып, дос болғалы бері менің бетіме келіп тіке айтқаны еді. Жүрегім шым ете түсті.

– Ана екі сүмелектен кейін тілің шығыпты ғой, олармен әуейі болу өзіне ұнаған-ау шамасы, – деп кекете мырс еттім.

– Иә, ұнады, – ол да кекете күлді. – Сол қызықты көре алмай масқара болып қашып кеттің ғой.

– Көшенің көп қаншығы болып шықтым десеңші, – дедім күйіп кетіп.

– Сүмелектеріңді ертіп келіп, қаншық еткен өзіңсің ғой. Ең құрымағанда сол опасыздығың үшін кешірім сұрасаң етті. Мені солардың қармағына тастап, өз басыңды арашалаудын қамы ғой. Мен түсінбеді дейсің бе? Ондай арамдыққа бармасаң да болар еді. Мен ал деп жолыңа көлденең жатып алған жоқпын. Жүктімін. Ол рас. Ертең дүниеге келіп жатса, бір құдай куә, ол сенің балаң болады. Бірақ, мені ал, үйлен деп тұрған жоқпын. Онсыз да туғаннан тұл жетім қалып, жалғыздықты көріп келе жатырмын. Басым аман болса, бір шикі өкпені бағу қолымнан келеді, – ол осыны айтып еңкілдеп жылады. Жанарды өзіме тартып, құшақтап, жұбатудың орнына тізерлей отырып, оның омырауына бетімді басып, солқылдап қоя бердім. Арада қанша уақыт өткенін кім білсін, ол мені тұрғызып, жанына отырғызды. Көздерімнен аялай сүйді. Демдері қандай ыстық еді.

– Ақымағым, – деді бір уақ шашымнан сипап. – Мен бәрін де кешіремін, бәрін де түсінемін. Екеуміздің жолымыз ешқашан түйіспейді, амал қанша. Бір соқпақпен қол ұстасып, бірге жүріп, өмірден бірге өтсек деп қиялдаушы едім. Әттең. Жолымыздың екі айырылған жері осы болды. Кешір, Жалғас, осы уақытқа дейін мен секілді жетімге сүйеу, демеу болдың. Сәл қиналсам да, сәл қуансам да Жалғасым бар ғой деп саған айтушы едім, сенімен бөлісуші едім бәрін. Қалған өмірде де өзіңе деген сезіміме кір шалдырмай өтемін. Өзің айтқандай, сенің болашағың алда, жүрер жолың да даңғыл, ал менікі тұйықталып келе жатқан жол. Мен сенің теңің емеспін. Қазір көшеге шығудан да қалдым. Өйткені, сенің туғандарың мені көрсе ата жауын көргендей алая қарайды. Осының бәріне шыдау маған оңай емес, жаным. Сондықтан өз сезімімді, махаббатымды құрбан еттім. Сенін жүзің ашық жүрсінші, мен-ақ көне көйлекті, көне етекті қатын болып қала берейін. Ертеңнен бастап басқаша өмір сүр, мені ұмыт. Маған келуді доғар, жаным. Тек сырттай тілегіңді тілеуші тілсіз періштең болып қала берейін, – Жанар мені құшақтап тағы жылады. Мен де көз жасыма ие бола алмай тұрмын.

– Бүгінгі түніңді маған қи, жанымда бол. Бұл біздің ең ақырғы кездескен түніміз болсын. Мәңгілік жадымызда қалсын. Кейін, кейін еске ала жүретіндей…

Ол төсек салды. Екеумізде тіл жоқ. Тек құшақтасып, таң атқанша аймаласумен болдық.

Таң біліне ол орнынан тұрды.

– Бара ғой, – деді кішкентай баладай шашымнан сипап, мойнымнан қытықтап еркелетті.

– Қимаймын, – дедім оны тас қылып құшақтап.

– Мен де, – деді ол. – Бірақ түнде айтқаным айтқан. Мені көңіліңнен өшіруге тырыс. Қай жерде, қай маңда жүрсең де бақытты бол, жаным.

 

Қайғы

Уақыт дегенде тоқтам бар ма. Зымырап жаз келді. Біз мектеп бітірдік. Өткендегі әңгімеден кейін Жанарға көп жоламадым. Мектептегі жүмыстан шығып қалған соң ол осы ауылдағы бір коммерсант әйелдің тауарын сатып орталық көшелердің бірінде тұратын. Ол сауда жасайтын көшелермен жүрмей, орағытып өзге көшелермен жүретін болдым. Оған деген көңілім тым салқын тартқан. Өйткені оның«сүмелектеріңді ертіп келіп қаншық еткен өзіңсің ғой» деген сөзі ызыңдап құлағымнан кетпейді. «Расымен ана екеуімен төсекте болды ма екен, соны екі алқаштан сұрамаппын ғой». Ішім қызғаныштан кыз-қыз қайнайды. «Сондай иттікке бармай-ақ, онымен қала алмайтынымды, әке-шешемнің рұқсат бермейтінін айтсам, ол түсінетін еді-ау». Іштей өкінумен болдым. Қайта барғым да келді. Бірақ көз алдыма Жарас пен Мынбайдың Жанарды күштеп төсекке жыққалы жатқаны елестейді. Сол-ақ екен, көңілім суып сала береді.

Ал, Сәуле екеуміз тым жарасып кеттік. «Нағыз бір-бірін тапқан жұпсыңдар» деген сөздер де естіліп қалды. Ол да, мен де мектепті «өте жақсы» деген бағаға бітірдік. Әке-шешелеріміз де Сәуле екеуміздің соңғы кезде жұбымыз жазылмай қалғанын байқап, олардың да қарым-қатынастары жақындай түскен-ді.

Жанарға тоң-торыс қалпы Алматыға оқуға аттанып кеттім. Сәуленің де, менің де жолым болды. Студент атандық. Сол студент болып жүріп естідім, Жанар босанып алыпты. Ұлды болыпты, атын Талпын деп қойыпты. Оны да бірде телефонмен сыбырлап інім айтқан. «Сенен аумайды, тіпті аузыңнан түсіп қалғандай» деп. Оны естігенде денем бір ысып, бір суыды. «Қолыңнан келсе, үйдегілерге білдірмей көмек беріп тұр» дедім ініме. Бірінші курсты бітірген жылы Сәуле екеуміз үйлендік. Мен сырттай оқуға ауыстым. Жүгіріп жүріп базарлардан орын алдым. Сауда дүңгіршіктерін, кішігірім дүкендер аштым. Кәсіпкерлікпен айналыстым. Осының бәріне әкемнің колхоз тараған кезде басып қалған дәулеті жетіп-артылған еді. Саудам жақсы жүрді. Көп ұзамай жақсы үй мен шетелдік жеңіл машина сатып алдық. Өмірге Құралай атты қызымыз келді.

Арада уақыт сырғып өте берді. Біз жарасқан отбасы едік. Сөйтіп жүріп оқуды бітірдік. Сәуле дәрігер еді. Оны осы Алматыдағы бір ауруханаға жұмысқа турғыздым. Тұрмысымыз жақсы, шалқып жүріп жаттық. Тірлік жасап жүрген соң ауыл жаққа да көп жол түсе бермеді. Тек анда-санда Жанардың жағдайын сырттай біліп қойған боламын. Талпын кемтар бала болып өсіпті. Құлағы қалқиған, көзі ақилау көрінеді. Бес жасқа келгенге дейін шешесінің арқасынан түспепті, әлі күнге еңбектейді екен. Тілі шықпай қалған көрінеді. Мұның бәрін ауылдағылардан естігенмін. Бұдан кейін Жанарға деген көңілім тіпті суыды. Соңғы кезде оларды тіпті еске алмайтын болдым. Өйткені адамның дәулеті шалқыған сайын бәрін ұмытады екенсің.

Құралай төрт жасқа толған жылы жазда Сәуле екеуміз ауылға демалысқа аттандық. Соңғы үш-төрт жылдағы тірлік біраз діңкелетіп шаршатқан.

Сондықтан оншақты күн үйде аунап-қунап демалып, Алакөлге суға түсіп, күнге күйдірініп қайтсақ деген ой еді. Ауылда екі-үш күн болдық. Күнде қонақ. Біресе ана таныс, біресе мына құда қонаққа шақырады дегендей. Бақшадан жеміс-жидек теріп жүріп, Жанарды сыртынан көрдім. Ауласында кір жуып жүр екен. Жанында алты-жеті жаста деуге келмейтін, құрттай бала біресе еңбектеп, біресе түрегеліп құлдыраңдап жүр. «Талпын болды-ау» деп ойладым. Ішім жылып сала берді. Жанар да кір жуып жатып біз жаққа жиі қарағыштайды. Алыстан бас изеп амандастым. Жанымдағыларға білдірмей қолымды көтердім. Қасына баруға батпадым, өйткені туғандарым маңайымда еді. Ертесінде Алакөлге аттандық. Алакөл Үржардан алыс емес, жеңіл машинаға бір сағаттық жол. Көл жағасы бұрынғыдай емес, қатты өзгеріпті. Қонақ үйлер, кафелер салынып, адамның демалысына жақсы жағдай жасалған екен. Машинаны арнайы орынға қойып, қонақ үйден орын алдық.

Жарықтық Алакөл шалқып жатыр. Ортасынан мұнартып Қостөбе көрінеді. Демалатындар көп екен. Алғашқы күні жақсы демалдық. Түс ауа тері ауруларына таптырмас ем деген соң жақын маңдағы қара балшыққа барып жағындық. Ауа-райы да өте қолайлы болды. Бар қырсық ертеңіне басталды. Түс ауа жағажайда жатқанмын. Күн ыстық болған соң Сәуле Құралайды жетектеп қонақ үйдегі бөлмеге кеткен. Суға бір сүңгіп келіп, ыссы құмды қаба құшақтап кыздырынып жатырмын. Ту сыртымнан әлдебір адамның тесіле қарағанын сезгендей болдым. Басымды көтеріп, жан-жағыма қарағанмын. Әудем жерде, күннен қорғайтын шатырдың астында қара көзілдірік таққан, төсі мен абыройын жапқан қылдай ғана лыпасы бар әппақ сазандай өте келісті, сұлу қыз мен жаққа қарап тұр екен. Жүрегім шым ете түскендей болды. Ол да мен қарайды деп ойламаса керек, теріс бұрылып кетті. Сол-ақ екен, бір-бірімізді көзбен шешіндіріп, арбасу басталып кетті. Ақ сазандай тулатып құшып жатар ма еді, шіркін! Санамды белгісіз бір құмарту сезімі шабақтады. Көзбен арбасу біразға созылды. Сәлден соң кыз «Жүр» деп маған белгі бергендей болып, майыса барып суға күмп берді. Шіркіннің мүсіні қандай керемет еді. Жата беруге шыдамадым, қызға таяу барып суға сүңгіп барып, оның жанынан шықтым. Қыз өте әдемі екен. Танадай жарқыраған көздері қандай әдемі.

– Қарындас, тым ары бармаңыз, толқын тартып әкетеді, – дедім қарап тұрмай.

– Неден қорқам, жанымда сіз барсыз ғой, – ол ойнақы жауап қатты.

– Сұлу қыздың аты кім екен?

– Сұлу қыздың аты Маржан екен, – деп ол бетіме су шашып жіберіп ары малти жөнелді. Қарап тұрам ба, мен де су шашып, демде қуып жетіп, құшақтап алдым. Судағы адам денесі қандай жеңіл. Оның денесіне денем тиді. Бір қолыммен белінен орай құшақтап, екінші қолыммен суға батып кетпес үшін қарекет жасадым. Көлдің жағасы болса да бойымыздан асып кететіндей терең еді. Ол бірден тайсалмай екі қолымен мойнымнан құшақтады. Белінен қыса өзіме тарттым. Бойымды жай соққандай бір сезім осып өтті. Әлдебір құмарту сезіміне ерік беріп, балқып бара жатқандаймын.

– Байқаңыз, әйеліңіз көріп қойып, пәлелі болып жүрмейік.

– Оны қайдан білесің?

– Мен сізді кеше көргенмін. Жаныңызда әйеліңіз бен кішкене қызыңыз бар екен. Дәл менің жаныма келіп суға түстіңіз, күнге қыздырындыңыз. Бірақ, мені байқамадыңыз.

– Көрсем көзім шықсын. Әйтпесе, қарамауға тұрмайтын қыз емессің ғой. Кез-келген еркектің армандап кұшағына қысар арусың. – Мақтауын асыра сөйледім. Ол сықылықтай күлді, көпшік қоя сөйлегенім жақты білем.

– Армандап қайтесіз, құшағында тұрмын ғой.

– Бұлай емес, оңаша құшқанға не жетсін.

– Еркексіз ғой, іс-қимыл сізден болу керек, – ол сиқырлана карады. Денесімен менің денемді үйкелегендей болды. Онсызда қоза бастаған құмарлығымды бұл жандырып жібергендей еді.

– Кездесейік те оңаша, – үздіге тіл қаттым, ол сәл жымиған күйі жағаға қарай жүзе жөнелді. Таныстығымыз жағажайда жалғасты. Маржан Алакөлдің жағасында коныс тепкен Жарбұлақ ауылынан екен. Алматыда оқиды, студент. Ауылға жазғы каникулға келіпті. Көлге келіп, күнде шомылып қайтады екен. Жұмыс телефондарыма дейін жазып алды. Менің біраз дүкен, сауналарым бар екенін білген ол бар ынтасымен маған құлап түскендей болды.

– Шалқып өмір сүріп жүрген нағыз бай екенсіз, – деді Маржан сиқырлана қарап. – Сізге жақын жүру керек екен.

Суға бір сүңугіп, тоқтаған бөлмемізге беттедім. Сәуле, көңілсіздеу қарсы алды.

– Ана біреуді қайдан тауып алдың? – Ол : терезеден сыртты меңзеді. Ол меңзеген жаққа қарағанмын, аққудай сыланып сүртініп жатқан Маржанды көрдім.

– Е, кім болсын, демалып жүрген біреу де. Сөйлесуге болмаушы ма еді? – елемеген болып қолымды сілтей салдым. Сәуле өте жайлы әйел еді. Қайда бардың, қайдан келдің деп тықаштап сұрай бермейтін. Әйтпесе қалада жүргенде де талай реті келіп қалған қыз-қырқынды оңай жібермей қарпып қалатынмын. Талай қызойнақ жасағаным да рас. Өйткені көп ақша не істетпейді дейсің. Бұл жолы да көп ешнәрсеге мән бермеді. «Терің тым күйіп кетсе, сылынып түсіп ашиды» деп төсекке жатқызып, арқама крем жақты.

Ертесіне ауа-райы сәл бұзылғаңдай болды. Көкжиектен бұлт шығып, жел тұрды. Алакөл толқынданып, көпіршектеніп жатыр. Сонда да адам көп, ығы-жығы. Кейбіреуі үрмелі резина қайықты жалға алып, жағаға таяу жерде серуендеп жүр. Түс әлетінде жағажайға келген Маржанды көріп қалдым. Ол да алыстан басын изеді. Сосын мені көр дегендей суға бір шомылып келді де, әлдебір кремдерді алып, керіліп тұрып үсті-басын майлады-ай дерсің. Онымен оңаша кездесудің сәтін күттім. Бүгін қалайда ретін тауып кездесуім керек, әйтпесе ертең ауылға қайтамыз.

– Жүріңдер, мен сендерге қайық алып берейін, біраз серуендеңдер. Ауа-райы өзгере бастады ма, күн өтті ме, басым ауырғаны. Ішке барып демалайын, – дедім Сәулеге. Ол келісті. Құралайды қасына отырғызып, ескегін жайлай есіп, өзге жұрт серуендеп жүрген жаққа жылжыды. Қызым еңкейіп, суды шалпылдатып мәз.

– Алысқа ұзамаңдар, – деп айғайладым. – Жел күшейіп, толқын тұрса жағаға жете алмай қаласыңдар. Сәуле басын изеп, қызым мәз болып қолын көтерді. Неге екенін қайдам, оларды қайтып көрмейтіндей ұзақ қарадым. Қайыққа мініп жағадан ұзай берген әйелім мен қызым жадымда мәңгілікке сақталып қалды.

Бөлмеге кетіп бара жатып манадан бері бізді сырттай бағып тұрған Маржанға «жүр, мына жаққа» дегендей иек қақтым. Әккі кыз осыны күтті ме, орнынан лезде көтеріліп, соңымнан ере жөнелді. Ішке енісімен көлге көз салдым. Қайық мініп, серуендеп жүрген Сәуле мен қызымды көріп көңілім жайланған соң есіктен ене берген Маржанды бас салып құшақтап, есіктің ілгегін салып, төсекке әкеліп жықтым. Ернінен қадала сүйіп, лыпасын лезде сыпырдым. Ол қарсыласпады. Қайта мені қыса құшактап тәтті сүйіске көме демімен өртей, адамды коздырар ыңқылға басып ыңғайыма көне берді… Бұл тән тояты қысқа уақыт ішінде бірнеше мәрте қайталанды. Денесі борықтай әппақ, тырдай жалаңаш қыз мені бірде үстіне шығарып, бірде үстіме өзі шығып, өлп-өшті. Дүниенің бәрін ұмытқандай едім. Кенет терезенің сол ашық тұрған көзі сарт ете қалды. Шамасы жел қатайса керек.

– Жел күшейіп кетті, тұрайық. Әйелім мен қызым қайықта еді, – деп қозғалақтап едім, ол:

– Сәл шыдашы, әйеліңе қашанда үлгересің, – деп демімен өртей сүйіп, үстіме атша мініп изеңдей бастады. Тәтті ыңқыл қайта жалғасты. Мен үшін қас-қағымдай сәт өткендей болған. Кенет сырттан елдің қатты дабырласқан шуы естілді. Әлдебір абыр-сабыр жүгіріс басталып кеткендей.

– Құтқарушыны шақырыңдар, құтқарушыны!

– Қайық ана жақта аударылды, көмекке ұмтылыңдар!

Дауыстар ышкына шықты. Жүрегім бір жамандықты сезгендей дүрсілдеп қоя берді.

Орнымыздан атып тұрып, жеңіл лыпаларымызды кие салып, терезеге ұмтылдық. Әп-сәтте ғана қою қара бұлт аспанды жартылай бүркеп алыпты. Жоңғар қакпасы жағынан соққан жел күшейгеннің үстіне күшейе түскен. Алакөлдің жал-жал толқындары жағаны ұрып құтырынып кеткендей. Көл бетінде бірер қайық болмаса, қалғаны жағаға шығып үлгеріпті. Әйелім мен қызым мінген кайық көрінбейді. Бір топ адам жағада қол сермеп, шу-шу етіп жүгіріп жүр. Бір жамандықтың болғанын жүрегім сезді. Бөлмеден атыла шығып, топтасқан адамдарға қарай ұмтылдым. Көзіме алдымен бізбен көрші бөлмеге тоқтаған жуан қарын еркек түсті. Ол да мені көріп, ұмтыла келіп құшақтады: – Бауырым-ау, келін мен баладан айырылдық қой. Қайықты толқын аударып кетті, таппай жатырмыз. Уа, әлгі құтқарушылар қайда, шақырсаңдаршы, түге! – бар даусымен қарлыға айғайлады. Көз алдым тұманданып, жағаны ұрғылап жатқан жал-жал толқындарға карай атылдым. «Құралай, қызым қайдасың?..» Құтқарушылар Сәуленің денесін кешке қарай тапты. Суды жұта-жұта көгеріп, ісініп кетіпті. Құралайдын денесін таппады. Жел күшейіп, арты нөсер жаңбырға айналды. Іздеуге көп киындық тигізді. Сәуленің денесін құшактай талықсып кетіппін. Сөйтіп нәпсінін құлы боламын, соны тояттатамын деп жүріп, айдың, күннің аманында әйелім мен қызымнан айырылып қалдым. Бұдан ауыр соқкы болар ма енді. Құтқарушылар бір апта ау салып іздеді. Бірақ, кызымның денесі табылмады. Тек «бәріне өзің кінәлісің» дегендей Алакөл маған мұңая қарап, сазарып жатты…

Ауылға аз ғана күнге демалуға барған мен ұзақ бөгелдім. Әйелім мен қызымның қырқын өткізіп, Алматыға әрең оралдым. Жанарды да, мүгедек болып дүниеге келген ұлым Талпынды да сонда көрдім. Жанар аңырап келіп бас салды, дауыс салып жылады. Құлақтары қалқиып, бір көзі қыли болып біткен ұлым Талпын әлі күнге сөйлей де алмайды екен. Тек «па, па, пап» дегенді ғана айтты. Оны көрген сайын Құралай есіме түсіп, езіле жыладым. Өз-өзімді тоқтата алмадым.

Жезөкше

Өлгеннің артынан өлмек жоқ, Алматыға оралған соң баяғы тірлігіме кайта кірістім. Күндер өтіп жатты. Сәл де болса серпілгендей болдым. Бірде жұмыстағылар: «Сізді бір қыз бала іздеп телефон шалды, мына бір нөмірді берді, хабарлассын деп» деді. Телефон шалдым. Трубканың ар жағынан өте бір таныс дауыс естілді.

– Жалғас, мен Маржанмын ғой, – деді ол.

«Бәріне сен кінәлісің» деп трубканы тастай салғым келді. өз-өзімді тоқтаттым. «Оның қандай кінәсі бар деп ойладым. – Бәріне кінәлі өзіммін. Нәпсімді тұсаулай алмаған».

– Хабарласып жатқаным ғой, – деді Маржан.

– Кешке карай хабарлас, сол кезде қолым босайды, кездесеміз.

Ол сиқырлы қыз еді. Бірден-ақ мені арбап алды. Алғашында алыстан аралассақ, жүре келе тым жақын тарттым. Басында бір қонып, бір қонбай жүрсе де, артынан мүлде менің үйімде тұрып қалды. Аз да болса, жан жарамды жазғандай болдым. Ол төсекке тым тойымсыздау еді. Кейде таң атқанша тән тоятына беріліп, аһылеп, уһілеп жататын. «Студент едім, ақылы оқу орнының уақытында ақшасын төлей алмай шығып қалдым. Казір боспын» деген. «Түк етпес, келесі жылы қайта тапсырарсың» дегем де қойғанмын. Маржан екеуміз ЗАГС-ке барып, заңды түрде тіркеуге тұрмасақ та, ерлі-зайыпты адамдардай бірге түрып жаттык. Ол менің бір жағыма шығысып, жұмысымды жүргізе бастады.

Әу дегенде бір-бірімізді түсінісіп, тәп-тәуір ғұмыр кешкендей едік. Арада сырғып бір жылдай уақыт өтті. Маржан екеуміздің тірлігімізді ауылдағыларға айтпадым. Кейде іссапармен шапкылап, жан-жакқа шығып кететіммін. Ондайда жұмысымды алаңсыз Маржанға тапсырушы едім. Онын да көңілі жай. Бірде сейфтің кілтін іздедім. Көбіне Маржанда жүруші еді. Боянып отырған ол алып беруге ерінді ме:

– Мә, сумкадан өзін ала салшы, – деп кішкентай қол сумкасын маған итере салды. Лак еткізіп ішіндегісін үстелге төге салдым. Кілтгі алып жатып көзіме маған беймәлім дәрілер шалынды.

– Мынау не? – дедім Маржанға көрсетіп. Ол аяқ асты сасып қалды, тіпті қып-қызыл болып абдырап:

– Екікабат болып қалудан сақтайтын дәрілер ғой, – деді дауысы дірілдеп.

– Е, бәсе, бірге тұрғанымызға бір жылдай болды, неге бала көтермейді десем…

– Әлі жаспыз гой, үлгереміз оған да, – деп Маржап қолдары дірілдеп сөмкесім жинастырып жатты. Осы күннен бастап көңіліме күдік кірді. Маржанды білдірмей аңди бастадым. Қарап тұрсам, алғашкы кезде жанымнан шықпайтын ол соңғы кездерде «анда болдым, мында болдым» деп үйге кешігіп келетінді де шығарған. Мен іссапармен Астана жақта жүргенде не істегенін құдай білсін. Бірде тағы кешікті. Жеңіл киініп, үйдің жанындағы талдың ішіне келіп отырдым. Бірқыдыру уакыт өтті. Темекіні бірінен кейін бірін шектім. Бір уақытта жылтыраған бір шетелдік машина келіп тоқтай қалды. Биік үйлердің терезелерінен түскен шамның жарығымен көріп тұрмын, артқы есіктен Маржан шықты. Етегі тізесіне жетпейтін шолақ көйлек киген. Тіп-тік болып керіліп түр. Артынан ұзын бойлы, қапсағай денелі еркек түсті. Маржанды өзіне тартып, кұшақтап, ернінен кадала сүйді. Маржан да одан қалысар емес, бауырына кіріп барады. «Неде болса ақырына дейін шыдап бағайын» деп талдың түбінен баспалап қарап түрдым. Екеуі жаңа табысқан ғашықтарша өліп-өшіп сүйісті. Еркек машинаға ене бергенде Маржан:

– Ертен ол (мені айтып түр) Астанаға кетеді. Кешке осы уақытта кел, өткендегідей, тағы да таңды төсекте карсы алайықшы, – деді етіне сөйлеп. Еркек басын изеді. Машина сырғи жөнелді. Маржан жанымнан керіле басып ете бергенде:

– Кездесу енді болмайды, – дедім дауыстап. Маржан селк ете түсті де, жалт қарады.

– Аңдып жүр екенсің ғой, – дауысы қатқыл шыкты.

– Қателескен екенмін,-дедім. – Ару деп өпкенім опасыз жезөкше болып шықгы.

Қаным басыма кетерілді. Өз-өзімді тоқтата алмадым. Құлаштай ұрдым. Ұзынынан түсті. Былшылдатып тепкілеп, боқтап жүрмін. «Әйелім мен баламды жұткан да сенсің, қаншык, енді ақ төсегімді былғап жүрсің, салдақы!» деп айызым қана тепкіледім. Ол басың корғаштап ауырсына ыңырсып жатыр. Өз кінәсін түсінген тәрізді. «Қазір киімдеріңді алып, тайып түр, әйтпесе, өлтіремін, із-түзсіз кетесің. Іздеусіз ылығып жүрген қаншықсың» деп тепкілеп, үйге сүйреп әкеліп, төмпештеп жүріп заттарын жинастырып үйден куып шықтым. Көгала қойдай болып таяқ жеген Маржан ләм-мим деп ауыз ашпастан тайып тұрды.

Есікті тарс жауып, тоңазытқышта тұрған аракты қомағайлана аузынан жұттым. Ішімді күйдіріп бара жатқан ашуды сонымен бастым.

Төсекке өкіре құлап жыладым. Көңіліме бірде-бір қаяу түсірмей, өмірден өткен жан жарым Сәулені, пәк күйінде кеткен қызым Құралайды ойлап жыладым. Айғайлап кешірім сұрадым. Жанарды есіме алдым, кемтар ұлым Талпынды ойладым. «Сендердің алдарыңда кінәлімін» деп басымды ұрдым. «Сендердің алдарындағы опасыздығым өз алдымнан шықты» деп еңіредім.

Міне, аға, менің басымнан кешкен жайлар осы. Біреуге жасаған опасыздығың бәрібір өз алдыңнан шығады екен. Аз ғана өмірімде көп сүріндім, көп қателік жібердім. Жеңгеймен сөйлесіп отырған келін балаңызға үйленгелі де бір жарым жылдай уакыт болды. Кінә кімнен екенін білмеймін, әйтеуір бала көтермеді. Бұл да бір кұдайдың маған жіберген зауалы шығар. Аға, сізге келіп шер тартқым келгені, кеше інімнен естідім, Жанар қайтыс болыпты. Мына дәптер соның күнделігі екен. Тек маған арнапты. Өзімді Жанар қалай сүйгенін енді білдім. Оның сезімін аяқ асты етіппін, таптаппын. Өзімді қалтқысыз сүйіп өткен қызды қорлаппын. Ұлым Талпын да бірер жыл бұрын дүниеден қайтқан. Қазасын ести тұра бір уыс топырақ салуға бармадым. Дұрысы, жезөкше Маржанның құшағын қимадым.

Аға, осы күнделік те сізде қалсын. Кейін қайтарарсыз. Біреудің сырын бөтен оқуға болмайды дейді ғой. Алайда сіз жазушысыз, осы айтқандарымнан, мына күнделіктен бір әңгіме жасап шығыңыз. Әжетіңізге жарар. Уақытыңызды алып, өзімнің мүң-шерімді айтып кетсем, айыпқа бүйырмаңыз. Жә, уақыт түннің бір уағы болыпты, біз қайтайық, – деп әңгімесін бітірген Жалғас орнынан тұрды.

Тілектес, тілсіз  періште…

(Жанардың  күнделігінен)

  • жыл. Шілде.

Тағдырдың  жазғаны  сол  болды  ма, қайдам, туған  жерімізден  көшіп, қоныс аудардық. Көшкен адам екеуміз  ғана, әкем  және  мен. Шешем  мен  он  бес  жасқа  толғанда  құрт ауруынан  қайтыс  болды. Үйде  екі  бала едік. Үлкеніміз  Райгүл  ертерек  тұрмысқа  шықты. Күйеуі  аякөз  жақтыкі  болған  соң, сонда  тұрады. Үйде  әкем екеуміз ғана  қалдық. Дәрігер  болуы  арманым  еді,  бірақ  қолдың қысқалығы  ғой, жоғарғы  оқу  орнына  баруға  жағдай  болмады. Әрі  жарымжан (шойнақ  еді,  аттан  құлап жамбасын  сындыған)  әкемді  жалғыз тастап кете алмадым. Әкемнің  алыс  ағайындарын паналап көшіп  келдік. Келген  жеріміз  ұнады…

  • жыл. Тамыз.

Айналадағы көршілермен  танысып,  араласа  бастадым.  Әсіресе Жалғас  деген  бала  ұнады. Ұзын бойлы, сидаң, келісті келген  ақсары  жігіт. Өзі  тым сал-серілеу  көрінді. Рас,  алғаш көргеннен-ақ  оны  ұнаттым. Өте  сыпайы  биязы бала екен.   Менен  екі  жас кіші. Көңіліме  алғаш  сезімнің  ақ  гүлін еккен  бала  сол Жалғас  болды. Бірақ  әке-шешесі тым  қаталдау  ма, қалай?  Әрине,  әкесі  осы  ауылдың  әкімі  болса, шешесі  мектеп  директоры  болса,  оңай  ма?

  • жыл. Қыркүйек.

Жалғаспен арамыз  тым  жақындап кетті. Екеуміз  бірге  көркемөнерпаздар   үйрімесіне   барамыз. Бірге домбыра  тартып, ән  салып  жүрдік.   Олда  мені   өзіне тартатын  сияқты. Жылұшырап  тұрады, үнемі. Кейде оңаша  қалған  сәттерде қолымнан  ұстап,  жымия  қарайды. Осының  өзін  әбестік  көре  ме,   көзіміз  түйісе  қалса,  сәл қызараңдап  қалады.

  • жыл. Желтоқсан.

Кешкілік   концерттен   соң  ол достарымен  бірге  отырысқа   шақырды. Бардым. Ең   алғаш сол түні  екеуіміз сүйістік.  «мен  сені  сүйемін»  деді  ол. «Мен де» дедім.  «Мәңгілік біргеміз»  деді Жалғас.  Қандай аяулы  сәттер еді. Құшақтасқан  екеуміз  бір денеге  айналып кеткендей  едік. Айлы  түн  еді. Құшақтасып  ұзақ  тұрдық. Бақытты  едім. Осы  сәт  ұзақ болсыншы,  таң атпасыншы  деп тіледім.

1995 жыл.  Желтоқсан.

Әкем аяқ  асты  қайтыс  болды. Бұл  мен  үшін  өте ауыр  соққы  едім. Нағыз  тұл  жетім атандым. Аякөзден  келген  әпкем  «алып  кетемін.  Мұнда қарайлайтын кімің бар?»  дегенде  көнбедім. өйткені  мұнда  Жалғас  бар, жүрегімді  жаулап алған сүйгенім  бар еді. Оны  қалай  қиып  кетемін.   Келер  күннің  жалғыз басты  жетім  қызға  қиын  боларын  біле  тұра, Жалғас  үшін  осында  қалуға  бет  бұрдым.

  • жыл. Қаңтар.

Сол  Жаңа  жыл  түны ерлі-зайыптылардай  бірге  жаттық. Ең  бақтытты түнім  еді. Сол  түні  қыздық белгімнен  айрылдым.   Оған  өкінбеймін. өйткені Жалғас бұл  өмірде  қолымнан  жетектеп  өтетін  болашақ  жарым  ғой…Оны  қалай  сүйетінімді  өзімнен басқа  жан  сезбейді-ау…

  • жыл. Сәуір.

Мен  үшін    қиын бір күндер еді. Жалғас  екеуміздің тым  жақындасып  кеткеніміз   оынң   әке-шешесіне, туғандарына  ұнамады-ау  деймін. «сен  қыз  менің  ұлымды әбден  бұзып, басын айналдырып  алдың, оған  енді жолаушы  болма. Жұмыстьан  шықтың,  қайда  барсаң  онда  бар» деп   жұмыстан шығарып жіберді.   Соның  салқыны  ма,  Жалғас та,  бұрынғыдай  маған  келуді  доғарды. Арамызда  өте  бір  салқындық  пайда  болды. Жалғастың  өзге  бір қызбен  дос болып  жүргенін  де естігенмін. Мектепте жүргенде  ол қызбен  оңаша сөйлесіп  тұрғанын   бірнеше  мәрте  көріп  қалғанмын.

Жалғасты  ойлап қызғаныштан талай  түн  жастығымды  сулап  таң  атырғанм… Мен жүкті едім. Бірде оңғаша да  соны Жалғасқа   жеткізіп едім,  шроршып  түсті. Осыдан-ақ ол менен   мүлде кете бастағанын  сезіндім. Ол  мені ұмыта  бастаса  да, мен оны  ұмыта алмадым… Өйткені  алғашқы  да,  әрі соңғы сүйгенім Жалғас  деп  ойлаушы едім. Тек үйде   жастығымды құшақтап өксуден арыға  бара алмадым. .. Жалғас  әсіресе   көшенің   екі алқашын  алып  келіп,   мені зорлатпақ  болғаны жаныма  қатты батты.

Өтірік  мас болып,  далаға қашып  сен  кеттің. Басқаға  күшім жетпеседе,  екі  масқа  әлім  жетті. Екеуі  тап  бергенде   алғашында шошынып жылап, сені  көмекке  шақырдым,  Жалғас. Менің құлындаған  дауысымды  естісең  де көмекке келмейтініңді  білдім. Мұның  бәрін  сен меннен  құтылу  үшін  жасағаныңды  түсіндім.  «Ана  көшенің  екі алқашымен   төсекте болған  қызды  қалай  алам»  деп  сылтау  айту  үшін   осының  бірін  өзің  ұйымдастырғаныңды   лезде   сезіндім. Сондықтан  арымды  арашалап  қалу  үшін, екі  маспен жанталаса айқастым. Аяғымды  серпе ьеуіп жібергенде бір алқашың  шалқасынан түсті.  Екіншісін   қолыма  ілінген бос  шөлмекпен  маңдайдан  қонжиттым. Қатты тиді. Шөлмек күлпарша  болды. Маңдайынан  қан  сауғалап,  далаға  өкіре  қашты. Атылып барып  үстелдегі   нан турайтын пышақты  жұлып алып,  шалқасынан құлап, тұқра  бергенге  ұмтылдым. «Өлтіремін,  бауыздаймын»  деп жылап  жүрмін. «Бізді  саған ай        тақтаған  Жалғас,    кінәлі  емеспіз»  деп  далаға еңбектей  қашты. Май  құйрығынан  оқсата  бір  тептім. Жүгіріп  далаға  шықтым. Сен  жоқ екенсің,  жалғас. Мені  өзгелерге  жемтік ретінде  тастап,  қашып  кеткеніңді  білдім. Үйге кіріп,  есікті бекітіп, төсекке  құлай  кеттім. «соншалықты  сормаңдай  болатындай құдайға  не  жаздым» деп  өкіре жыладым. «Жүр» дегенде  әпкемнің  соыңнан  неге  кетпедім деп  өзіме өзім лағынет айттым.  «сен  үшін, сені  сүйгесін  қалып едім ғой, Жалғас. Неге  бүйттің  деп жылап  жатып  көзім ілініп  кеттіпті.  Әйтеуір өзгенің  арам  қолын   денеме  тигізбедім,  тәнімді ластатпадым.  Соған  іштей  шүкіршілік  жасаймын.   Бірақ кім білсін,   сенің  ішіңде  не  кеткенін.   Ана екеуімен   төсекте болды  деп  ойларсын.   Онда  қателескенің,  жаным. Бұл  өмірде   тірі  тұрғанда   саған джеген   сезіміме   қылау  түсірмей-ақ  өтермін.   Тек  соны  білсең ғой,  Жалғас.

  • жыл. Қыркүйек.

Мен  босандым. Ұлды  болдым.  Атын  Талпын  қойдым.  Өмірден  өгейлік  көріп, көп  басылып  қалып  едім.  Осы  ұлым  дұрыс  болсыншы, өмірден талпынып   өтісінші  деп  Талпын  деп  атадым. Дәрігер  іште  жатқанда  қатты шошынған, зақым келген,  жөндеп емдетпесе мүгедек  болып қалуы  мүмкін деген. Талпынды  емдетуге  біраз  қаржы  керек  болды.  Ол  менде  қайдан  болсын.   Бір қайыры  болар дедімде  қойдым.  Көшенің  екі алқашын   алып  келіп, мені қорлатпақ  болғанда   қатты шошынып  едім,  содан  нәрестеге  зақым  келген  болды-ау  деп ойладым.

2001 жыл. Шілде.

Қоңыртөбел  үйде   қоңырқай  тірлік   кешіп баламыз   екеуміз  жүріп  жаттық.   Осынау  жылдар  ішінде сені  небәрі  бірнеше  рет  қана   көрдім. Онда  да алыстан.   Ауылға  сирек   қатынайтынсың.   Келгенде  де   бірер  күнен   артық  болмайтынсың. Ұлыңның бар екенін  білсең  е  арнайы  келіп   көріп, маңдаынан сүймедің,  қайтейін.  Әйтеуір, бір келгеніңде  ініңнен «  тәтті  алып  берсін»  деп азын-аулақ ақша  беріп  жіберіпсің. Оған  да  рахмет. Әсіресе  Алакөлге жарың  мен қызың  батып кеткенде   мен  сен  үшін  қатты  қиналдым. Сені  қарғамап  едім  ғой. Неге  бұлай  болды. Білмедім. Өзімнің  шеккен  қасіретімді  ұмыттым. Сенің алдағы  тағдырынды  ойладым. Ақыры  мүгедек  болып  қалаған ұлымды  жетелеп барып,  сені  бас  салып  аңырадым. Алты  жасқа  келіп  қалсада   әлі  тілі  шықпаған  Талпын   менің  жылағанымды  көріп,  ол  да  шыр-шыр етті.   Тілі  «ма-ма, ма, па,  пап»  дегенге  ғана  келуші еді.   Соны  айтып  сорасы  аға  жылаған   Талпынды  көтеріп,  бауырыңа  басып, егілгеніңді  көргенде   бүкіл  жандүнием босады. Ең алғаш,  әрі ең  соңғы рет Талпынды  әкесі  болып  құшақтадың. Шын  ниетіңмен  емірендің,  егілдің. Ұлыңда   сені әкесі екенін сезгендей  мойныңнан   құшақтап  жібермеп  еді…

2002 жыл. Қазан.

Талпын ұйқысынан оянбады, мәңгілікке  оянбады.   Аңырап тағы  мен  қалдым.  Кемтар,  жарымжан  болсада  құлдыраңдап  жанымда  жүргеніне не  жетсін. Морт  кеттім.  Мені  қатты  бүгілтіп  кеткені  де  осы  Талпынның   аяқ асты қайтыс  болуы  еді.   Жеті  жыл  өмір  сүріпті.  Бірақ  өмірден  не қызық  көрді  құлыным. Бала  болып  өз  қатарымен   дұрыстап ойнайда  алмады.  Дұрыс  тойынып  тәтті де  жемеді.   Кигені  де   елден сұрап әкелген  жамау-жасқау,  ескі-құсқы  еді.  Ұлыңның  дүниеден   өткенін естісеңде, елеп-ескеріп келіп  бір уыс  топырақ  салуға   жарамадың жаным. Кезінде жақсы  едің,  жалынды  едің,  жаным.  Бірақ  есейе  келе  қатты  өзгеріпсің,  қатал болып  кетіпсің.   Әлде  шалқыған байлық  көзіңнің  етін  өсірді  ме?  Әйтеуір    ауылда  баяғы , алғаш сүйген  қызым бар, одан ұлым бар  деп  осынау  жылдарда бір елеп-ескермедің.   Бәлкім жетім,  жесір қатын    мен жарымжан   баланы  көзіңе   ілгің  келмеді  ме?  Сен  солай  болсаң  да,  мен  сені   бір  сәтте  естен шығармадым.   Құлай  сүйген  әйел  махаббатының   құдіретті  дүниеде  еш  нәрсе    жоқ шығар, сірә…

2003 жыл. Сәуір.

Талпын  дүниеден  өткелі  бері ішетін  болдым,Бар  қайғымды  ащы  сумен  жудым. Өйткені  жаныма  бұдан  артық  ем жоқтай  көрінді. Көшеде  тұрып  оны  -мұны  сататын екі-үш  келіншек  кейде   сылқия  тойп алатын болдық. Ішуді  де  үйреткен  солар. «Іш,  ойна-күл, әлі  жассың, сұлусың»  дейтін  олар.  Рас,  күйкі тірлік  діңкелеткен  кезде  ащы  судан  тартып-тартып жіберіп жүрдім. Рас, ойнап-күле алмадым.   Ерек  еткісі  келгенде  де,  шынымен  қол  соозып  тұрмысқа  шығуымды   өтінген еркектерде  болды. Бірақ,  жалғас  сені  сүйген  көңілім  өзгені  қаламады. Осы  күнге  дейін, бәлкім  сен  маған  оралар  деп  ойладым.   Сол үмітке  сеніп,  таңды  атырдым,  сол  үмітке  сеніп кешті батырдым. Неге  сені  сонша  құлай  сүйгеніме  өзімде қайранмын.  Сенің  елесіңмен  өмір  сүрдім. Бұл өмірде  екеу  болса,  бірі  мен   едім, қай  жерде,  қай маңда   жүрсеңде шын  тілектес, тілсіз  періштең  болған. Бұл  өмірден өзіңе  деген  пәк  махаббатымды   жоғалтпай,  өзіңе  деген сезіміме  қылау  түсірмей   өтермін. Есіңде  ме,  сол  бір айлы  түн. «Мәігілік біргеміз  деп жас жуған көздерімнен  өбіп едің.   Иә,  онда  мен   тек қуаныштан, бақыттан   басым айналғаннан   жылаушы  едім. Қазір  ше…

Бұл  өмірде  қиянат көріп,   жолы болмағандар  о  дүниеде  рахат  көреді,  тілегі орындалады деуші еді. Қазір  соол  дүниеге тезірек  жетуге  асығамын. Бәлкім  сол  жақта  қосылып, Талпынды жетелеп, бақытты  ғұмыр кешерміз.  Өмірде  көрген жетімдік,  жалғыздық, қиянат –теперіштер маған  оңай  тимеді,  жаным. Қазір ауырмайтын  жерім  жоқ. әйтеуір өлмеген  соң  далбасалап жүрген жай  бар.   Бірақ  бұл  өмір  ме? Қазір  жер басып  жүргім келмейді. Мүмкін бұл саған  арнап жазып отырған  соңғы жолдарым болар. Бәлкім  осы  күнделік қолыңа  тигенде   мен  бұл өмірде болмауым  да  мүмкін. Ұлымның  соңынан кеткім келеді. Ол жақта  да жалғызсырап  жүрген  болар-ау,  құлыным.   Сені  сол  жақта   күтеміз. Тек  мынаны  есіңе  сақта  жаным.  Мен сені  сүйдім. Өмірден  сүйіп  өттім. Алдыңда  ақ, адал  болдым. Бірақ сен  менің  өзіңе деген   сезімімді  қадірлей алмадың. Қолыңа  қонар  бақыт құсы  едім, амал  қанша,  ұшырып алдың.   Екі  өмір де  де   сені  сүйіп  өтемін, Жалғас. Бақытты  болғайсын,  жаным…

Жанардың күнделігі  осы  жолдармен аяқталып.

Сөз соңы

Жоғарыдағы әңгімені  айтып,  Жанардың  күнделігін  берген Жалғас   жаз шыға ауылына  көшіп кеткен.  Содан  жаз  ортасы ауа  маған  телефон  шалды.

– Серік  аға (оның  басында жазушы  аға  дегені  мен едім) Жанар  мен  Талпынның  басын  қарайттым.   Екеуіде бір-біріне  тым жақын  жерленген екен.   Үлкен  темір  шарбақ  орнаттым…. Тағы  бір адам сиятын  жер  қалдырдым… деген. Ол  осыны  айтқанда  ішім  қылп ете түскен-ді. –  Аға,  адамдар о  дүниеде   қайғы-қасыретсіз  өмір  сүреді  дейді  ғой,  рас   болса. Неге екені  қайдам,  түсіме, Жанар мен Талпын,  Сәуле  мен  Құралай  жиі енеді. Үнемі мені  қол  бұлғап шақырып  жүреді.   Сағынған  ғой  шамасы… Мен де  сол жаққа тезірек  кетсем деймін, аға…  Кейін,  кейін біз  жайлы жазуды  ұмытып кетпеңіз. Қаламыңызға  құдай  қуат берсін  аға-деп  қоштасқан.

Одан  кейінгісі  осы…

Ол  атылып  өлді. Өлетін күні  қатты  ішіпті. Содан « Бұ  тірліктің   атасын  ұрдым,  мені ана  жақтағылар  күтіп  қалды»   деп  өкіріп жылапты. Сонан соң атылып қалған…

Иә,  олардың  өмірі  жайлы  қолымнан келгенше  осы  жолдарды  қағазға  түсірдім.   Бұл  әңгіме сол  бір  дүниеден  өткен Жанар  мен Талпынға, Сәуле  мен  Құралайға  және Жалғасқа  салған  бір  уыс  топырағым.

Неге екенін  қайдам, кейде  түсіме, Талпынды  жетелеп,  Жанарды  құшақтап  бел асып  бара жатқан Жалғас  енеді… Кейде  түсіме  Алакөлді  кешіп,  Құралайын жетелеп, Сәулені ертіп мәз-мәйрам  болып кетіп  бара  жатқан Жалғас  енеді… Неге екен?..

 

 

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

 Қараша. 2003  жыл.  Алматы.

 

Алдыңғы жазбаӘзірбайжан манаты, қазақтың теңгесі: кім мықты?
Келесі жазбаЖелтоқсан боздақтары  үлкен  құрметке  лайық!