1917 жылы 19-22 сәуір аралығында өткен Орал қазақтарының І құрылтайында Халел Досмұхамедов:
«Біздің мақсатымыз – ел билігін халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта өз тағдырын өз қолына алуы тиіс. Біз тапқа, жікке бөлінбейміз, біртұтас халық ретінде болашақ үшін күресеміз. Жайық өңірін мекендеген басқа ұлттармен достық одақ құрып, олардың өзара араздасуына жол бермеуіміз керек, өйткені бұл – заман тудырған біздің тағдырымыз. Қазір желбіреп тұрған бостандықтың жасыл туы – бәрімізді бірлікке, бауырластыққа шақырады. Қазақтың қара шаңырағы бәріне де пана бола алады. Сондықтан да саяси арандатушылардың жолын бөгейік, қан төгіске жол бермейік. Елдің берекесінің кетуіне түпкілікті себеп – қазақтарды жік-жікке бөліп, оларды бірін-біріне қарсы қойып, қан қақсатқан саясат. Бізге береке-бірлік әперетін тек қана Әділдік. Қалың халықты тонаушылар, момындарды жылатушылар бізге жолдас бола алмайды. Қазақты, басқа халықтарды аяусыз қанаған патша орынынан түсті. Қазақты – елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетін қайраткер ғана басқаратын болады. Сол себептен де біз қалай да Ресейден автономия алуға тиістіміз»,– деп сөйлегенде төрде тұрған «Құран» аяты жазылған жасыл Ту – осы Ту еді.
Деректің алынған жері: Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным Алаш» кітабынан.