Home Жаңалықтар Ұлттық банк алдағы үш жылда инфляция деңгейі қалай өзгеретінін айтты

Ұлттық банк алдағы үш жылда инфляция деңгейі қалай өзгеретінін айтты

69

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Мәдина Әбілқасымованың сөзіне сенсек, инфляция деңгейін 2020-2021 жылдары – 4-6 пайыз, 2022 жылдан бастап 3-5 пайыз дәлізінде сақтау көзделіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық банктің ақша-несие саясатының негізгі мақсаты – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Инфляция бойынша 2020-2021 жылдарға арналған мақсат 4-6 пайыздық, 2022 жылдан бастап 3-5 пайыздық дәлізде белгіленді. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі ақша-несие саясатының негізгі құралы болып қалады. Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің деңгейін елдегі қалыптасқан және күтілетін инфляцияның мөлшеріне қатысты, сондай-ақ сыртқы факторларды ескере отырып белгілейді. Бұл ретте оның деңгейі нақты көрсетуде 3-3,5 пайыздық деңгейде сақталады», – деді Мәдина Әбілқасымова Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитеті отырысындағы «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымында. Оның айтуынша, биыл қыркүйекте жылдық инфляция 5,3 пайызды құраған. Азық-түлік бағасының жылдық деңгейде 9,1 пайызға ұлғаюуы инфляцияға барынша себеп болып отыр. «Инфляцияның нысаналы дәліз шегінен шығу тәуекелдерін болдырмас үшін 9 қыркүйекте Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,25 пайызға дейін көтерді. Ұлттық банктің бағалауынша, инфляция осы жылдың қорытындысы бойынша 5,7-5,8 пайыздық деңгейде қалыптасады. 2020 жылы 4-6 пайыздық нысаналы дәліз ішінде сақтала отырып, инфляция біршама төмендейді деп күтіледі», – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

inform.kz

 

 

 

Алдыңғы жазбаҚазақстан мен Беларусь өзара сауда көлемін арттыруға мүдделі – ҚР Президенті
Келесі жазбаЖақында латын әліпбиінің жаңа нұсқасы таныстырылмақ