Home Басты жазба ҮШ ӨЛІП, ҮШ ТІРІЛГЕН ИРАН…

ҮШ ӨЛІП, ҮШ ТІРІЛГЕН ИРАН…

60
Дүнияда тамыр-тарихы 5 мың жылға кететін ежелгі өркениеттер саусақпен санарлық қана. Олар – Үндістан, Қытай сосын Иран. Мемлекет құрғанына, өркениет құрғанына 5 мың жыл. Алапат дәргей-дәреже.
Бірақ, Иран сол 5 мың жыл бойы мызғымастан тұрған жоқ. Құлады. Өлді. Бірақ, үнемі тірі қалатын, тірілетін. Өз тарихында 3 тіріліпті. Сол жайлы айтайық:
БІРІНШІ ӨЛІМ: ҚОСМҮЙІЗДІ КЕЛГЕНДЕ… (ЕСКЕНДІР ЗҰЛҚАРНАЙЫН)
Иранды алғаш рет күйреткен — Александр Македонский. Грек патшасы – Үндістаннан Эгей теңізіне дейінгі аралықты қамтып-қымтап жатқан Парсы-Ахеменидтер империясын жойып жіберді. Ғажап шаһарлары қирады. Бүкіл мемлекеттік құрылымы күлге айналды. Ақсүйектер мен оқымыстыларды қырып салды, көнгені грек мәдениетін мойындап, соның өрлеуіне жұмысқа жегілді.
Алайда, бәрібір парсы рух өлмеді. Ал Ескендірдің державасы, өзі өлген соң, көп ұзамай құлап тынды. Осы сәтте, шығыстағы түрік-қаңлы тайпалары бас құрап, Парфия патшалығын дүниеге әкелді. Көп кейін, шөкімдей ғана шығыстық элемент алып парсы қойнында жұтылып, Сасанид империясы пайда болды. Баяғы Ахменидтер әулетінің әлеуетіне жетті, бұлар да…
ЕКІНШІ ӨЛІМ: ХАЛИФАТТЫҢ ҚАЙҚЫ ҚЫЛЫШЫ…
Сасанид сияқты гүрілдеген алып империяны – сахарадан арып-ашып келген, бірақ Дін Исламды күллі әлемге жайсам,- деген ынтасы мен амбициясы орасан бәдәуи арабтар талқандап тастады. Зорастризмнің мәңгілік оты сөнді. Парсының мемлекеті жойылды. Жаппай арабтық ассимляция басталды…
Парсы тілі, рухы – биліктен тайдырылғанымен, қарапайым жұрттың таңдайынан пана тауып еді. Иә. Парсының ұлы тарихы, мәдениеті халықтың аузына эвакуацияланып еді. Бұқара өз тілінде сөйлей берді. Өз ішінде небір хикая-дастандар туып жатты. Ғасыр аунап түсті.
Фирдауси, Омар Хайям, Саади, Хафиздер шығып – парсы тілі – сәнге айналды. Парсының баяғы мемлекет басқару жүйесі, терминдері тірілді. Келімсек, жаулап алушы арабты Парсы нәсілі жұтып алды. Соғыссыз жәй ғана құшағында ерітіп, арабты өзіне айналдырып жіберді.
ҮШІНШІ ӨЛІМ: МОҢҒОЛ ШАПҚЫНШЫЛЫҒЫ…
Моңғол деп отырғанымыз өзіміздің найман, керей, дулат, қоңыраттар ғой. Иран арабтан құтылғанымен, 10-шы ғасырдан бастап түркілердің қармағына түсті. Бірақ, әне-міне шағын ғана Тұран элитасын Иран жұтып жібергелі тұрғанда, шығыстан Шыңғыс ханның әскері жетті. Қалалар өртенді, кітапханалар күл болды, халқы қырылды, суару жүйесі күйреді.
Бірақ, Иран тағы да қайта тірілді. Бұл жолы да қылышпен емес — рухпен, мәдениетпен. Моңғолдар исламды қабылдады, ирандық салт-дәстүрлерді бойларына сіңірді. Олар енді жау емес, ирандық мәдениетті тұтынушылар еді. Өнер, ғылым, поэзия — қайта гүлденді.
СҮНИТТІК ИРАН ҚАЛАЙША ШИИТТІК ИРАНҒА АЙНАЛДЫ? Түркілердің қатысы қанша?
Шыңғыс ханның немересі Құлағу орнатқан патшалық көп өтпей құлады. Енді билікті түріктің ұсақ-майда тайпалары қолға алды. Ақ қойлы, Қара қойлы боп қырқысып, Иран екіге бөлінді. Осы кезде, «Алладан аян алған бала» сахнаға шықты. Есім-сойы – Исмаил Хатаи. 12 жасында, фанатизмге бойұрған «қызылбас» аталатын сопы мүридтерден әскер жинайды. Тебризді алып, он төрт жасында Иранның патшасы — падишахы атанды. Осылайша, Иранда түбі түркі Сефевидтер империясы құрылады. Мемлекеттік тіл – түрік тілі. Бірақ, пірлердің пәрменімен Исмаил шах – сүнниттік Исламнан бас тартып, шиизмге (шиға) ағымына мәртебе береді. Суннизмді қудалап, тіпті Абу Ханифаның моласын талқандайды. Осыған қатты ашуланған Қасым хан — өзбектерге әскер қосып, Иранмен соғысқанын білесіз бе?
Иә… Әуелде парсылар сүннит ұлт еді. Талай ғалым тудырған ұлт еді. Түркілердің бір бөлігі бұзық ағымға еріп, шиғалықты көтерді. Осыдан кейін Иран мүлдем өзгерді.
ИРАН АТАУЫ ХАҚЫНДА:
Айтпақшы: Бұл ел 1935 жылға дейін Персия аталған. Мемлекет қайта бой түзеп жатқанда, сондағы түрік халқы үндеумен падишахқа шығады. Персия десек — тек парсылар елі деген мағынаға саяды. Ал мемлекет халқының тең жартысы түркілер. Олай болса, ежелгі атау — “Арийлер елі” яғни Иран есімін таңдайық,-дейді. Содан бері ИРАН!
ҚОРЫТЫНДЫ:
Иран үш рет күйреді. Үш рет күлге айналды. Бірақ әр жолы — дұшпанына қарсы соғыспай-ақ, оны бойына сіңіріп, жаңа бейнеде қайта туды. Иран жауларын өзгертті, өзін де өзгертті, әлемді де өзгертті. Қайта-қайта өзгеріп, өзін жоғалтпай, тіпті өзіне келген дінді де ирандандырған өркениет.
Қазіргі таңда Иранды тағы бір жаңа ұлы сынақ-дағдарыс күтіп тұрған сияқты?! Қирап, құлауы да кәдік. Бірақ бір нәрсе анық:
Өркениеттік тұрғыда — Иран ажалсыз…

Нұрбек Бекбау 

Алдыңғы жазбаПрезидент құқық қорғау органдарын өзгерістерге дайын болуға шақырды
Келесі жазбаҚазақстанның  қауіпсіздігі  қай  деңгейде?