Home Басты жазба Тарихи киноларда неден ұтылдық?

Тарихи киноларда неден ұтылдық?

75

Елдің есінде қалар, болашақ ұрпақ «мен кіммін, тегім кім, қайдан шықтым?» деп толғанғанда, «мынау менің ата-бабамның жүріп өткен жолы» деп қарайтын һәм содан рух алатын бір дүние бар. Ол – бабалар тарихын көркем фильм етіп сөйлету.

Өзіміз білетін түрік, кәріс, қытай, жапон ата тарихын экран тілімен әспеттеуде. Өйткені бүгінгі ұрпақтың көз сүрінетін тарихи хронологияларға толы том-том кітаптарды оқи қоюы екіталай. Сондықтан болар кәріс пен жапон, түрік пен қытай бабалар тарихын жас ұрпақтың санасында жаңғырып тұру үшін кино жанрын таңдады. Ұтты. Өз елі тұрмақ, жырақта жатқан біз де сол елдердің тарихи киноларын көре отырып, жанкешті жапон самурайы қандай болатынын білдік, үркуді білмейтін жеңімпаз кәріс батырларын таныдық, түріктің Осман империясының өркендеуі мен құлдырауынан хабардар болдық.

Міне, бұл тарих кино тілінде сөйлегенде болатын әсер, жадымызда сақталып қалар жаңғырық. Бізде де сондай батырларымыз болған! Өкінішке орай олар жайлы аттарынан басқа ештеңе білмейміз. Біз бабаларымыз батыр болған деп мақтанғанға, той тойлатқанға мәзбіз!

Егер біз өз тарихымызды, текті хандарымыз бен сайыпқыран батырларымызды, қара қылды қақ жарып, әділін айтқан билерімізді көркем фильм тілімен қайта жаңғырта алсақ, болашақ ұрпақ алдында өте игі тірлік жасағанымыз. Ұрпақ өзінің кім екенін, қайдан шыққанын біледі. Әлбетте, бұған  дейін  «Көшпенділер», «Қазақ хандығы», «Қасым хан» тб  тарихи хикаяттар  түсірілді. Бірақ  көрерменнің  көңілінен шықты  ма? Жұрт  сол  кинолар арқылы  ұлтымыздың  өткен тарихымен кеңірек таныса алды  ма? Жастардың  көңілінде  «мен де  сондай елін-жерін  қорғаған батыр  болсам»  деген қиялды  қалыптастыра алды  ма? Қайдам? Себебі  бұлардың  бәрі бір қайнауы кем,  шикі дүниелер  болып  шыққан.  Біз  түрікпен  кәрістей  тарихи кинолар  түсіре алмадық. Кинодағы  қазақ хандарымен  түріктің  сұлтандары   сөйлеген  сөздерін салыстыршы. Сүлеймен  сұлтан  қандай  мағыналы, өмірлік ұстанымға  арқау ететін философиялық   ойлар айтады. Біздің кинолардағы  хандарымызда  ондай  жоқ. Қасаң,  күнделікті  қолданып  жүрген ауыз екі  тіл. Өкінішті.  Киген   сауыт-сайманда  айбын,  жамылған  тон-шапандарда  сән –салтанат  жоқ. Қыраулы  қыста  да, жаздың шіліңгірінде  де  шұбатылған  шапан  киіп,   арлы-берлі далақтай  шауып жүргені. Мұның  бәрін  өзіміздің түсірген  тарихи киноларға  көңіліміз  толмаған  соң  айтып жатырмыз. Жә,  сынымызды  осымен  тоқтатып,  көкейге  түйген бір  ойды  осы  тұста айта кеткім келіп  тұр. Қазақтың  тарихын  мейлінше  жақсы  білетін, үлкен  жазушымыз  марқұм Қабдеш аға  Жұмаділдің  қазақтың  Ұлы  қолбасшысы,  хан  батыры  Қаракерей  Қабанбайға арнаған  «Дарабоз»  деген   екі томдық  кітабы  бар. Рас, Қабанбай  қазақтың бас батыры.  Тіпті  қытай  жылнамаларында  «Қабанбай Абылай  мен  Әбілпейізден кейінгі  қазақтың  ықпалды  үшінші  адамы» деп жазылған.  Көріпкел  абыз  Мәшһүр  Жүсіп «Қазақта  Қабанбайдан асқан  батыр болмаған» деген  екен. Өз  тұстастары  Бұқар жыраудан бастап  бүкіл  ақын-жыршылардың  Қабанбайды  жырламағаны  кемде кем. Дәл осылай қазақтың еш  батыры  дәріптілмеген.  103 рет жекпе-жекке  шығып бәрінде  мерейі  үстеп  шыққан  сайып қыран. Атақты  Қубас  атына  мініп,  қазақ  даласының төрт  бұрышын  қорғаған.  Абылай  ханның  өзі  «хан  батыры», «дарабоз»  деп атаған. Әрине,  мұны  халық  біледі. Қазіргі күні  батыр бабамыздың  атында  әскери  оқу  орны, елдімекен атаулары,  көшелер,  мектептер  бар.  Ескерткіштерде баршылық.  Дегенмен Астананың  ортасында Қабанбай  батырмен  бірге  қазақтың өзге  батырларын  топтастырып,  Алматыдағы  28  панфиловшылар  паркіндегі «Даңқ» кешені секілді  үлкен  бір   ескерткіш  мемориал  орнатып,   мәңгілік  алау  жағып қойса артық болмас еді. Бұл  өткен  тарихымызға  һәм елін-жерін  қорғаған  батырларымызға  деген  үлкен құрмет  боламақ.  Бұл  жерде  айқым келгені, Қабдеш Жұмаділдің  «Дарабозы» нағыз   киноға  сұранып тұрған  шығарма. Сол  кітаптағы  оқиғаның сұлбасымен керемет  тарихи  фильм түсіріп  тастауға  болар еді. Онда  тек  Қабанбай  батыр емес,    жауға  қатар  шапқан  үзеңгілес батырлар, орақ ауызды  билер,  хандарда  бар. Осылайша, Қазақ өз  жерін  жоңарлардан  азат еткен   сұрапыл ғасыр  бейнесін   кино   арқылы  көрсетуге  болар  еді.

Қазіргі сайқымазақ,  ыржалаңдаған  фильмдер  олар  бір күндік.  Ал,  қазақтың  тарихы  көрініс беретін  хикаят- кинолар  мәңгілік. Бір  жағынан  қатігез заманда  күресіп  жүріп аман  қалған алаш  баласының  өткен  тарихын  киноға айналдыру –ұлттық  идеологияның  бір  саласы.  Ұрпақты отаншылдыққа  тәрбиелеу.   Осыны ұмытпайық.

Азаматхан  Әміртай

 

 

 

 

Алдыңғы жазбаАстрахан облысынан Алтын Орда хандарының қорымы табылды
Келесі жазбаІРІГЕН АУЫЗДАН ШІРІГЕН СӨЗ ШЫҒАДЫ