Home Жаңалықтар Тараз қаласындағы орталық алаңға Назарбаев есімі берілді

Тараз қаласындағы орталық алаңға Назарбаев есімі берілді

50

Тараз қаласының орталық алаңына тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді деп хабарлады Жамбыл облыстық әкімдігінің қаулысына сүйенген ҚазТАГ агенттігі. Орталық алаң бұған дейін «Достық» деп аталып келген. Алаңға Назарбаев есімі берілетіні маусым айында хабарланған.

Қазақстанды соңғы отыз жыл бойы үзіліссіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл 19 наурызда президент қызметінен кетті. 2018 жылы Назарбаевқа конституциялық орган мәртебесі берілген Қазақстан қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы берілген. Бұған қоса ол конституциялық кеңестің мүшесі және парламент сенатының құрметті сенатор болып сайланған.

Наурыз айында президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы жарлығымен Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беріп, «Алтын қыран» орденін тапсырған еді. Бұған қоса тұңғыш президенттің құрметіне барлық облыс орталықтарындағы басты көшелерге Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру, Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы ұсыныс айтқан. Осыдан кейін Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан болып өзгерді. Биліктің бұл шешіміне қарсы кейбір қалаларда наразылық акциялары өтті.

Бірқатар қалалардағы орталық көшелерге Назарбаев есімі берілді. Мысалы, Қызылордада Абай көшесі Назарбаев есімімен аталды. Наурыз айында жергілікті мәслихат депутаттары Атырау қаласында – Қаныш Сәтбаев, Ақтөбеде – Әбілқайыр хан, Таразда – Төле би, Қостанайда – Абай көшесін Назарбаев есімімен атау туралы шешім шығарған. Бірақ олардың шешімі әлеуметтік желіде дау тудырғандықтан республикалық ономастикалық комиссия мәселені қайта қарауға жіберген. Кейіннен тұңғыш президент есімі басқа көшелерге берілді.

Дерек  көз: azattyq.org

 

Алдыңғы жазбаТәжікстан парламенті Қытайға күміс кенішін беруді мақұлдады
Келесі жазбаБерік Әбдіғалиұлы Ұлытау ауданына тағы әкім болды