Түмен облысында осымен үшінші қазақ тілі сыныбы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының президенті Есенғали Ибраевқа сілтеме жасап. Бұл жайында ол өзінің Facebook парақшасында жазды.
«Бүгін Голышманово ауылындағы №4 орта мектеп базасында облыстағы кезекті үшінші қазақ тілі сыныбы ашылды. Сыныптың ашылуына орай концерт ұйымдастырылып, шашу шашылды, мерекелік дастархан жайылды. Түмен облысы қазақтары ұлттық-мәдени автономиясының бұл бастамасына Голышманово қалалық округінің басшысы Александр Ледаков қолдады. Қазақ тілінің алғашқы сабағына 40 оқушы, сондай-ақ ата-аналар, аталар мен әжелер келіп қатысты. Сыныпқа адам жинау әлі жалғасып жатыр. Ауылдарда қазақ тілін үйренгісі келетіндер баршылық» деп жазды Есенғали Ибраев. Голышманово қазақтары ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті қадір тұтады, ұстанады. Көп жылдар бұрын дәл осы жерде Түмен облысы қазақтарының алғашқы құрылтайы өткен. «Бүгінде біздің автономияның жергілікті бөлімшесін Дүйсенбай аға Бекқожинов басқарады. Олар ұлттық-мәдени жобаларды белсене жүзеге асырып жүр. Жергілікті оқушыларға қазақ тілін үйренуде сәттілік тілеймін», – дейді Түмен облысы қазақтары ұлттық-мәдени автономиясының басшысы. Ендігі жоспар – дәл осындай қазақ тілі сыныбын Ишим қаласынан ашу.