Кеше Президент Қасым-ЖомартТоқаев Қытай қорғаныс министрі Дун Цзюнді қабылдапты. Әлбетте өзара ілтипатқа негізделген диалогтың болғаны жайлы Ақорда таратқан ресми мәлімдемеде айтылған. Ақпараттың соңы әдеттегідей «Әңгімелесу барысында тараптар бітімгерлік, білім және әскери-техника салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін жеткізді» дейтін дипломатияның «сараң» мәтінімен аяқтала салыпты. Дегенмен маған «әскери-техникалық саладағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті» деген сөйлем ұнады.
Қазақстан армиясын қаруландырудың бір бағыты осы қытайлар болады-ау түбі. Теріскей санкцияда. Ол жақтан қару-жарақ алу жақсы емес. Әрі әлемдегі қару-жарақ нарығынан ығысып барады. Ал Қытай керісінше. SIPRI- дің 2023 жылға арналған зерттеуі әлі шыққан жоқ, бірақ 2022 жылдың қорытындысында қорғаныс өнеркәсібі кешенінің әлемдегі үздік 100 компаниясының ішінде Қытайдың 8, ресейдің 2 компаниясы жүр. Қытайлықтар алғашқы ондықтың 7,8,9 орындарында екен. Демек бұлармен әскери-техникалық саладағы ынтымақтастықтан ұтыла қоймаспыз. Мәселен Қытайдың NORINCO компаниясы жасайтын көп өнімнің ішінде бронды көліктердің атыс мұнаралары бар. Сұранысқа қарағанда тәуір өнімге ұқсайды. Түріктердің OTOKAR компаниясы бізге ұсынып жүрген ARMA 8×8 көлігінде сынақтан өткізілген. Әзірге әскерилердің ол мұнараға қатысты пайымдарын білмеймін. Бірақ шетелде тәуір бағаланады. AVIC, CASC сияқты алпауыттармен ынтымақтастық орнаттық па, жоқ па оны да білмеймін, бірақ Қытай өнімдері армияны жарақтандырудың балама жолы болатын шығар. Сондықтан Президенттің Қытай министрін қабылдауынан үміт күтемін.
Негізі адмирал Дун Цзюнь саяси салмағы ауыр тұлға. Бірнеше күн бұрын оның АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остинмен бейнебайланыс режимінде сөйлескен. Біраз медиа жазды. Бейжиңнің қатқыл мәлімдемелері кейде осы кісінің аузынан шығатыны бар. Әрі АҚШ-тың ірі саясаткерлерімен тілдесуін, кездесуін әлемдік медиа жарыса жазып жатады.
Айтпақшы соңғы күндері біздің аймақтағы халықаралық оқиғалар қызық болып тұр. Бірер күн бұрын Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон келді. Астанаға. Ол Орталық Азия елдерінің бәріне барды. Қазір Моңғолияда жүр. Ал кеше АҚШ мемхатшысы Энтони Блинкен Қытайға барды. Әркім өз мүддесін ойлайды. Біз де қолдан келген бар амалды жасап жатырмыз. Сырттан келген әр қонақпен кездесу, пікірлесу ел қауіпсіздігін сақтауға қызмет ететіндей көрінеді де тұрады маған.
Амангелді Құрметұлы (ФБ парақшасынан)