Тәж тажалдан дәріханалардың құлқыны арандай ашылып кетті. Аты өшкір COVD кеткелі жұқпалы індет күшіне мықтап енгендей. Жұрт дәрінің қажеттілігі бұрынғыдан қатты сезіне бастады. Дәрісіз күнімізді елестету қиынға түсті. Осыны сезінген фармацевтер асап қалуға асыққандай. Өкінішке қарай, бұғаусыз кеткен дәрі бағасын үйлестіруге тексеруші органдар тізе батырмай отыр.
Ел не дейді?
-Ішіп- жемнің өзі жеткізбей жүргенде, дәрі-дәрмектің бағасы шарықтап барады. Өткен айда балам суық тиіп ауырып қалды. Бір жарым аптадан кейін ол тағы науқастанды. Сол дәріханаға барсам алдындағы дәрі -дәрмектердің бағасы 50-60 теңгеге қымбаттапты. Бұлай бола берсе, жалақыны тек дәріге салуға тура келеді,-дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Зара Смайлова.
-Дәріханалар қалта қағатын қарақшыға айналды. Бұрын қан қысымына арналған және жүрек ауруын емдейтін препараттармен шектелуші едім. Жұқпалы індетке жиі шалдыққанан бері шығыным екі есе көбейді. Тамыз айында дәрі алуға 60 мың теңге жұмсаппын. Бұл сома менің зейнетақымның тең жартысы. Бағыма қарай, қарайласатын балаларым бар. Жалақысы төмен жандар мен дәрменсіз қарттардың жағдайы не болады? Отбасында 2-3, одан көп балалы жанұялар мен жұмыссыз адамдар басы ауырып, балтыры сыздаса қайтіп емделмек? Халық бар тапқан таянғанын дәріханалардың көсегесін көгерту үшін төгу керек пе? -деп алаңдайды зейнеткер Қариполла Мұқанов.
Түбі терең құпия
Қарағандылықтар кеңінен жүгінетін «I-teka» анықтамалық қызметі желісінің дерегінше, кеншілер шаhарында 276 дәріхана бар. Осынау жеке меншіктің иелігіндегі дәріханалардағы препараттардың бағасы біркелкі емес. Бұл халықтың ашуын ұлғайту үстінде. Заңдық тұрғыдан дәрінің құны мемлекет белгілеген шекті бағадан аспауы керек. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі оларға бөлшек сауда бағаларының икемді регрессивті жүйесін әзірлеген. Задында аталған министрлік бағаны реттеу ережелерін бұзған дәріханаларға айыппұл салынып, фармацевтикалық қызметке берілген лицензия тоқтатылуы тиіс. Талап қайтайғанмен, іс жүзінде нәтиже жоқтың қасы. Соған қарағанда, денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жекенің иелігіне кеткен дәріханаларды ұзын арқан, кең тұсауға жібергендей.
Шекті баға өспесе, баға неге құбылады?
Мұның жауабын ешкім дөп басып айта алмайды. Дәрілік заттардың бағасын реттейтін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті халық көптеп тұтынатын препараттардың нарқы негізсіз өскен деген уәжге екіұдай жауап айтады.
– Тоқсан сайын 200 атаулы дәрілік заттардың бағасына мониторинг жүргіземіз. Олардың қатарында антибиотиктер, қызуды басатын, тыныштандыратын, қабынуды және жұқпалы індеттерді емдейтін фармакологиялық топтағы дәрілер бар. Биылғы 3- тоқсанда дәрі-дәрмектерге шекті бағалардың өсуі болған жоқ. Дегенмен, өндірушілер мен бөлшек саудадағы, сондай-ақ әлемдік қаржы жағдайындағы тұрақсыздық дәрі бағасының құбылуына әсер ететінін тағы жоққа шығаруға болмайды. Бұл орайда, көтерме фармацевтикалық компаниялар мен ұйымдар дәріні өз қаражаттарына сатып алатынын халықтың қаперіне салған жөн. Әлеуметтік дәріханаларды қоспағанда, жекеменшік дәріханаларда дәрі бағасының әртүрлі болуының негізгі себебі осыдан. Бірақ қайталап айтам, талап бойынша дәрінің құны шекті бағадан аспау керек. Біздің департамент заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жоспардан тыс бақылау жүргізетінін және алдын ала тексеріс ұйымдастыратынын қаперлеріңізге салғымыз келеді. Жазбаша өтініштер мен шағымдар жұмыс аптасының кез келген күні қабылданады,- дейді өңірлік департаменттің басшысы Ольга Смирнова.
«Төленген ақша қайтпайды, айырбас жүрмейді»
Дәріханада тұтынушылар құқы жиі бұзылады. Бұл мәселе халықтың қытығына тигелі қашан? Мәселен, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 30-бабының 1-тармағына сәйкес айырбастауға және қайтаруға жатпайтын алты тауардың қатарында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар бар. Заңның осы тармағына қатысты халық арасында дау көп. Түнеугүні, Майқұдықтағы аялдамалардың бірінен түсіп, жол бойындағы дәріханалардың біріне кірдік. Қандасымыз бірер сағат бұрын баласына алған дәрінің атынан жаңылғанын айтып, фармацевке ақшасын қайтарып беруді сұрап келген. Әлгі жігіт сатушысының аяғына жығылардай жалынды. Фармацевт: «дәрілік заттардың ақшасы қайтарылмайды әрі айырбасқа жатпайды!» деп адуынды тіл қатып, тұтынуышыға есікті нұсқады. Әділдігіне келгенде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?
«-Қызмет көрсетуші тарапты тізеге басатын болса, қаптамасы ашылмаған, кірлемеген, қайтару мерзімі өтпеген, чегі сақталған тауарды қабылдауға міндетті. Жағдай олай болмаса, дәріханалар халықты ашықтан ашық тонауға көшкен деген сөз. Әсіресе, қарт кісілер мен балалар қателікке көп бой алдырады. Ол заңды. Қазір аты ұқсас дәрілер көп. Екіншіден, «I-teka» сайтын ашып қарасаңыз, бір дәрінің бағасы әр дәріханада әрқилы. Кейбір дәріханалар бір дәріні мың теңгеге дейін қымбаттатып үстемелеп пайда тауып жатыр. Осыдан кейін бақылаушы органдар қайда қарап отыр деген заңды сауал туады. Әлде, тұрғындардың өмірі мен денсаулығы дәріханалардың мүддесінен жоғары болғаны ма? Елдегі баға тепе- теңдігін қадағалайтын монополияға қарсы агенттіктен халық үмітін үзді? Менің ойымша, проблеманы шешудің тетігі- біреу. Үкімет халық жағына шығып, ең болмағанда жұқпалы індетке қарсы дәрілерді әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне енгізген жөн, -дейді тәуелсіз сарапшы Айдын Әлім.
Қарағанды облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Еркін Салауатұлы дәрілік заттарға тиісті заңға өзгерістер енгізу Парламент Мәжілісі депутаттарының еншісіндегі мәселе екенін айтады. Спикердің пікірінше, егер ұсыныс Мәжілісте қош алынса, аталған заңның тұтынушыларға пайдасы мол. Сайып келгенде, жоғары заң шығарушы органның келешекте фармнарыққа қандай пәрмен беретінін алдағы уақыт көрсетеді.
Айтбала Сүлейменқызы Қарағанды облысы