Home Жаңалықтар Қос «К» арасындағы қақтығыс…

Қос «К» арасындағы қақтығыс…

28

Ертең ел кубогы сарапқа салынады. Футбол біріншілігі екі апта бұрын аяқталса да, елде аяқдоп маусымы әлі мәреге жеткен жоқ. «Атырау» мен «Қайраттың»  біріне кубок ұстатқан соң біздің мемлекетте теңбіл доп сәл тыныстайды. Көктемге дейін.

Теңбіл доптың өз жөні бар. Бізді қызықтыратыны қос «К» арасындағы қақтығыс. Андрей Карпович пен Виктор Кумыков арасындағы бәсеке. Бірі – «Қайратты» баптап жүр. Екіншісінің мұнайлы өлкеге барғанына бірнеше ай өтті. Әрине, бапкер ретінде Кумыковтың шоқтығы биік. Ел чемпионы атанды, кубок та алды. Қарағандының «Шахтерін» Еуропаға танытқан да осы Виктор. Андрейдің футболдағы қарымы ешкімнен кем емес. Ойыншы ретінде талай шыңға шықты. Бірақ, жаттықтырушылық қабылеті енді ұшталып келеді. Былайғы кезде «Қайрат» бет қаратпаушы еді, Қайрат Боранбаев қазір негізінен қазақстандық футболшыларға сенім артуды жөн көреді. Азуын айға білеген Андрей Аршавин секілді легионерлер кубоктық сыннан сырт қалды. Исаэль Барбозаның да алаңға шықпайтыны анық. Демек, ел біріншілігінің күміс жүлдегерлері Бауыржан Исламхан мен Исламбек Қуатқа сенім артады. Қайрат көрсететін екеуі ғана. Сосын қорғаныста Елдос Ахметов бар. Соңғы турларда да алматылықтар шетелдік футболшыларды көбіне қосалқы құрамда ұстады. Ұтқаны – шамалы. Шеберлік шыңдады демесеңіз.

«Қайрат» пен «Атырау» былтыр да финалда ойнады. Алматылықтардың жеңіске жеткенін ел біледі. «Астана-аренадағы» ертеңгі матч қалай аяқталарын болжау қиын. «Біздер тәжірибе мен жас мөлшері жағынан осал шығармыз, дегенмен ынта-жігер тұрғысында «Атырауға» беріспейміз», – дейді Андрей Карпович. «Егер олар шынында да легионерлерді сынға қоспаса бізге майдай жағады. Қанша айтқанмен жас ойыншылар әсіресе қорғанысты әлсіретіп алады», – дейді Виктор Кумыков. Алаңда футболшылар жүгіреді. Олар Кумыков пен Карповичтің тапсырмасына сай ойнайды. Қос «К» арасында тартыс жүретіні анық қой…

Аман  Сейітхан

Алдыңғы жазбаДимаш Би-Би-Сиге қазақша сұқбат берді
Келесі жазбаҰлы даланың ұлы есімдеріне Шыңғыс хан кіре ме?