Өткенде бір белгілі ағамыз: «Бір жерде медаль тағып, қатырма қағаз ұстатса, алғаш кездескен қоқыс жәшігіне қалдырып кетемін» деді. Ол кісі мұны неге күйініп айтты, осынысы бұрыс па, дұрыс па? Бұған қарсылар «Қандай да бір қоғамға еңбегің сіңіп, тегін қызмет немесе көмек берген жағдайда медалін ұсынып жатса неге алмасқа? Оны қоқысқа тастап кетемін деген ұят болмай ма? Ол ризашылығын төсбелгімен білдірген азаматтардың бетіне түкіргенмен бірдей емес пе?» десе, «Мұның бәрі неден шығып отыр? Қоғамдық ұйымдар шығарып жатқан «орден-медальдардан». Кейбіреуінің атауларынан ат үркеді. Белгісіз бір қоғамдық ұйымның ақша табу үшін қолдан жасап алған, қаңылтырдан жасата салған алпыншақ-салпыншағы. Марапатттың мән-маңызын түсіріп, құнын кетіріп бітті. Сондықтан ондай «орден-медальдарға» мораторий жариялау жеткіліксіз. Мүлдем тыйым салу керек» дейді басқа бір кісі.
Қоғамдық ұйымдардың сатулы марапаттарын көбіне мектеп мұғалімдері алатын көрінеді. Әрине, ұстаздардың бәріне кір жағуға болмайды. Бірақ осындай деректі мұғалімдердің өздері айтып жүр.
«Бұл үрдіс дейміз бе, әлде науқан дейміз бе ортамызға енгелі 4-5 жыл боп қалды… таң қалатын ештеңе жоқ! Жай-жапсарын біліп қалғандар біліп отыр… Қазір ақшаға сатылмайтын ешнәрсе жоқ! Бәрі сатылады: олимпиада орындары, байқау жүлдегерлері, небір атақтар, төсбелгі-медальдар т.б. Бұның бәрі айналып келгенде аттестацияға тіреледі! Министрлікте отырғандар «мынау жарамды, мынау жарамсыз» деп нақты тізіммен бекітпесе, осы науқанның арқасында бір жапырақ грамота мен темір-терсек сатып қып-қызыл ақша жасап жатқандардың қалтасын әлі де толтыра бермекпіз… Рас өткен жылы министрліктің арнайы бекіткен аттестацияға жарамды деген олимпиадалар мен байқаулардың тізімі де шықты… бірақ сол тізіидегі олимпиадалар мен түрлі байқаулардың өздері де ең азы 1500 теңгеден бастап 15.000-20.000 теңгеге қатысу жарнасын төлейтін байқаулар. Тегін бірде-бір байқау жоқ!» дейді мектеп мұғалімдері азар да безер болып.
«Расында да қазір кеудесіне жез-темірден салпыншақ тақпаған адам қалмады-ау, сірә. Бай да, жарлы да, қатысы бар да, қатысы жоқ та тағып жатыр, тағып жатыр, тағып жатыр… Жиын-салтанаттарда қол шапалақтаудан шаршайсың, тіпті. Пәлендей елдің құрметті азаматы, пәлен мекеменің пәлен жылдығының мерейтойлық төсбелгісі, пәлен саланың үздігі… «Еңбегім бар ма, жоқ па, лайықпын ба, лайық емеспін бе?» деп жатқан бірі жоқ. Селфилетіп, фотолатып, әлеуметтік желіні жаулап алды. Мемлекеттік награда болса мейлі ғой, түрлі қоғамдық ұйымдардың, мекемелердің арзанқол мадақ-марапаттары. Белгісіз ұйымдардың белгісіз төрағалары қолын қойып, жеке кәсіпкер деп тіркеткен мөрлерін басып, есепсіз үлестіріп жатыр. Мұндай «марапаттар» ақылы. Төле де – ала бер! Бір сәттік алданыш, бір мезеттік қуаныш. Сосын темір-терсегіңіздің ешкімге керегі жоқ, бала-шағаға мазақ, ойыншық болары даусыз…
Сонда мына жұрт жалған атаққа несіне ұмтылып жатыр? Қайтпекші бұл темір-терсекті? Әлде, даңқ-марапатқа етіміз үйреніп қалды ма? Әлгі тіркеусіз төсбелгілерін сарғайтып, тот басып кеткенше кеуделерінен тастамай тағып жүретіндерді қайтерсің?!» дейді белгілі ұстаз Бекжігіт Сердалы замандасымыз.
Рас па, рас! «Дегенмен бұл мәселеге бір жақты көзқараспен қарауға болмайды. Мұның артында қаншама идеология жатыр. Мемлекеттік награданы да марапатталушыны жоғарыға ұсынып жүрген ортадағы әкімшілік қызметкерлері, департамент басшылары саудаға айналдырмасына кім кепіл. Және мемлекеттік наградаларды таныс-тамыры бар адамдар бірінші алатынын білесіз. Ал қарапайым қатардағы нағыз еңбек адамдарының қолы жетпейді. Сол жағынан қоғамдық бірлестіктер халыққа қолдау көрсетуде, марапаттап ынталандырып, мәртебесін өсіруде. Марапатты адам өзі үшін алмайды. Келешек ұрпағы үшін солардың алдында біздің әкеміз біздің бабамыз осындай марапаттар алған елге сыйлы адам еді. Бізде сол кісідей болуға тырысайық дейтіндей тұлғалық обрызының салмақты болуы үшін алады. Қоғамдық ұйымдарды жабуға емес жаңғыртуға билік оргындары бірлесіп жұмыс жасап өздерінің лайықты мамандарын іріктеп жүйелі жұмыс жасаса дұрыс болар еді. Ауған соғысы ардагерлері, Семей ядролық сынақ ардагерлері т.б. көптеген ірі қоғамдық бірлестіктер бар оның барлығын жабатын болса ардагерлерге құрмет мүлдем жойылады. Қоғам санасынан түгелдей өшіреміз. Керісінше қоғамдық бірлестіктер халық үшін мемлекеттен асып түсіп жұмыс жасауда. Көптеген іс шаралардың, мерекелермен мерейтойлардың сәнін кіргізіп жүз деген адамның жүзіне күлкі, жүрегіне жылу сыйлауда… ол жағына мемлекет бас ауыртсын. Қоғамдық бірлестіктерді қолдасын, қаржыландырсын. Әшейін бір ауданның құрметті азаматы деген атақтыда ақшаға айналдырып жүр ғой талайлар. Мемлекеттік наградаға пәлен ақы төлесең ұсынамыз дегендерге не дейсіз? Қоғамдық бірлестіктің медальдары қалта көтеретін арзымайтын ақы тұрады. Ағайын туыстың берген көрімдігімен ақ жиналып қалатын ақша. Ал мемлекеттік награданы коррупционерлер қаншаға бағалауда?» дейді бұған қарсы пікір білдірушілер.
Қазір әлеуметтік желіде қызып тұрған тақырыптың бірі – осы! Құрметті оқырман, енді осы сан түрлі пікірлерден өзіңіз қорытынды жасай беріңіз…