Home Жаңалықтар ҚазҰУ-да ғылым, бизнес және өндіріс байланысын нығайтуға арналған форум өтті

ҚазҰУ-да ғылым, бизнес және өндіріс байланысын нығайтуға арналған форум өтті

126

Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылған «Ғылым, бизнес және өндіріс ықпалдастығы» атты форум өтті.

Іс-шараға қала әкімі Ерболат Досаев, ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, отандық және халықаралық ғылыми ұйымдар, бизнес өкілдері мен инновациялық компаниялар қатысты. Форумға 200-ден астам қатысушы жиналды.

Пленарлық отырыста Ерболат Досаев Алматының инфрақұрылымын, экологиясын және цифрлық жүйелерін дамытуда ғылым мен инновацияның рөліне тоқталды. «Алматы – еліміздің ғылыми және білім беру орталығы. Мұнда Қазақстандағы барлық жоғары оқу орындарының үштен бірі шоғырланған. 280 мыңнан астам студент білім алуда және 130-дан аса ғылыми-зерттеу мекемесі жұмыс істейді. Бұл – еліміздегі ғылыми ұйымдардың үштен бір бөлігі», – деді қала әкімі.

Форум аясында қатысушыларға ҚазҰУ-дың «Farabi Hub» инновациялық орталығы таныстырылды. Хаб құрамында спутниктік зондтау зертханасы, робототехника орталығы, дәрілік өсімдіктер зертханасы, ZTE инновациялық зертханасы сынды бірқатар ғылыми құрылымдар бар.

География факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева Қазақстан-Қытай зертханасының табиғи ресурстарды тиімді басқару мен климаттың өзгеруіне бейімделу бағытында жұмыс істейтінін атап өтті. «Орталық Азияда құрғақшылық, жердің тозуы мен су жетіспеушілігі белең алып отыр. Осыған байланысты зертхана қызметкерлері дрон арқылы спутниктік деректер жинап, далалық зерттеулер жүргізуде. Сонымен қатар, олар “Құрғақ климатты өңірлерде ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту” тақырыбында нақты ұсыныстар әзірлеуде», – деді декан.

Сессия барысында өндіріс, ғылым және технология саласындағы жетекші сарапшылар мен кәсіпкерлер пікір алмасып, серіктестікті дамыту жолдарын талқылады.

 

Ғалия Майкотова

Алдыңғы жазба     Көңілді баурап, жүректі жаулайтын сырлы сөз
Келесі жазбаТоқаев Әлімханұлын WBO және IBF чемпиондық белбеулерін сәтті қорғауымен құттықтады