1930 жылдары СССР-да болған «Үлкен террор» – саяси қуғын-сүргінді іске асырған НКВД қызметкерлерінің тізімі жарыққа шыққанын осыдан бірер жыл бұрын Азаттық радиосы (Мақаланы қысқартып беріп отырмыз) жазған еді.
Бұл мақаланы қайталап беріп отырғанымыздағы негізгі мақсат «Мемориал» қоғамының тең төрағасы Ян Рачинскийдің тілімен айтқада,
«Қазір бұйрықты ойсыз орындап жүргендер жеке жауапкершілік деген бар екенін, 20, 50 немесе 70 жылдан кейін бәрібір жауапқа тартылатынын білгені дұрыс. Осы тұрғыдан да сталинизм тарихы, большевизм тарихы бізге сабақ болуы тиіс». Демек бүгінгі ұрпақ өткенен сабақ алып, әр жасаған ісін безбенге салып отырғаны жөн. Сонымен мақалаға жол берейік:
« Жобаны «Мемориал» халықаралық құқық қорғау қоғамы іске асырды. Тізімде Қазақстанда репрессия жүргізген жендеттердің де аты-жөндері берілген.
«Мемориал» халықаралық құқық қорғау қоғамы «Үлкен террор» заманындағы НКВД қызметкерлерінің тізімін жариялады. Тізімде СССР бойынша НКВД-ның жеке құрамында 1935-1941 жылдары жұмыс істеген 41 668 адамның аты-жөндері жарияланып, оның 39 950-і туралы қысқаша мағлұмат берілген.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ НКВД-НЫҢ 15 ПАЙЫЗЫ – ҚАЗАҚ
Осы тізімнің ішінде сталиндік репрессияны Қазақ АССР-і (1920 жылы құырлды – ред.) мен Қазақ ССР-і (1936 жылдан бастап – ред.) аумағында жүзеге асырған мыңнан аса НКВД жендеттерінің аты-жөні жарияға шықты. Азаттық тілшісі «Мемориал» сайтында жарияланған бұл қызметкерлерді санап, олардың 1080-дей адам екенін анықтады. Оның ішінде 170-тей қызметкердің аты-жөні қазақ екендерін білдіреді.
Мәселен, Қазақстанға қатысты бөлімде есімі жұртқа белгілі дегендердің ішінде Шәкәрім өлімімен байланысты аталатын Абзал Қарасартов; 1940-50 жылдары Қазақ ССР-і басшысы болған Жұмабай Шаяхметовтің есімдері аталады. «Мемориал» сайтында Абзал Қарасартовқа 1936 жылы сәуір айында СССР НКВД-сы бұйрығымен «кіші лейтенант» шені берілгені, ұлты қазақ екені, 1906 жылы дүниеге келгені, НКВД-дан 1937 жылы қараша айында басқа жұмысқа ауысқан сәтте Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында шұғыл уәкіл болып тұрғаны жазылған. Тізімде Абзал Қарасартовтың өлімі туралы ақпарат жоқ екені де айтылады. Азаттыққа белгілі мәліметтер бойынша, Қарасартов 1979 жылы қайтыс болған.
Ал Жұмабай Шаяхметовтің 1938 жылы мамырдың 9-ы күні ВЧК-ОГПУ-дің (НКВД-ның контрреволюция және саботажбен күрес бөлімі) «Құрметті қызметкері» белгісімен марапатталғаны жазылған. Шаяхметовке 1940 жылы қарашада «мемлекеттік қауіпсіздіктің капитаны» деген шен берілген.
«Мемориал» сайты жариялаған бұл тізімге қарағанда, Қазақстандағы репрессияны іске асырған НКВД қызметкерлерінің 15 пайыздан астамының ұлты қазақ болғаны аңғарылады. Кейбір тарихшылар Қазақстанда 1928-1929 және 1937-1938 жылдары 120 мыңдай адам репрессияға ұшырап, 25 мыңдай адам атылды деген дерек айтады.
Дерек көз. Азаттық радиосы.