Home Басты жазба «Қазақстанды қазақ басқара алмайды»

«Қазақстанды қазақ басқара алмайды»

485

«Мұрағатта отырмаған тарихшылар ашаршылық жайында нақты деректер жоқ деп жатады. Ол – жалған. Мал басы 1930 жылы 1 маусымда 39 миллионнан астам болды.

Есеп дәлме-дәл жүргізіліп отырды, себебі әр жылдың 1 маусымында мал саны есебі өткізілетін. Осы ретте халық санағы да жүргізілген. 40 миллионға жуық малдан ашаршылық біткенше 4 миллионға жуық бас қалды. Бұл Орал Исаевтың ресми баяндамасында да айтылған. 1931-1937 жылдар аралығындағы халық саны қанша болғандығы жөніндегі деректер бар қолымда. Мәскеудің Орталық экономика мұрағатынан алып келдім. 1930 жылы 1 маусымда Қазақстанда ауылдың халқы 5 миллион 873 мың болса, оның 4 миллион 800 мыңы – қазақтар. Мұны отырықшыландыруға байланысты қазақтардың есебін жүргізген деректерден алып отырмыз. 726 мың шаруашылықты отырықшыландырған. 5 миллион 873 мың адамнан 1933 жылы 2 миллион 493500 ғана қалған. 3 миллион 379500 адам жоқ. Мұның 1 миллионға жуығы – босқындар. «Бесеудің хатында» 726 мың шаруашылықтан 350 мың ғана шаруашылық қалғаны айтылады. Осы деректерде қазақтардың 1 миллионға жуығы босып кеткенін көрсетілген. Ресейдің Поляков, Жиромская деген тарихшылары ашаршылық кезінде қазақтар көп қырылған жоқ, 2 миллионнан астам қазақ Қытайға өтіп кеткен дейді. Бұл жайында Мәскеуден шығатын «Социс» журналының 1991 жылғы 7 нөмірінде жазады. Олардың айтуынша 1 миллионнан астам ғана халық қырылған. Бұл – өтірік. Білместік. Қолымда Қытай шпиондарының Ресейге жіберіп отырған хаттары бар. Әрбір 10 күн сайын қытайлықтар Қазақстаннан келген адам санын тіркеп отырған. Қаншама қандасымыз шекарадан өту кезінде қаза тапты. Оның нақты есебін ешкім білмейді. 1930 жылы 15 302, 1931 жылы 36 965 қазақ арғы бетке өткен. Әрине Қытайға қазақтар арзан жұмыс күші ретінде керек болған. Екіншіден, 1930 жылдан бастап Қытайда паспорт беру басталған. Кімге беріп, кімге бермеу керектігін шешу үшін де олар қазақтардың санын анықтап отырған. Нақты дерек келтірер болсақ, 87 мың қазақ өткен, оның 60 мыңы Батыс Қытайда тұрған. Голощекиннің Сталинге арнап 1932 жылдың 9 қыркүйегінде жазған 9 беттік хаты бар. Қазақстандағы мал санының азаю себептері Мәскеуде қаралатынан хабардар болған Голощекин қатты қорыққан. 2 миллион пұт астық елімізге тұқымдық қор ретінде берілген. Шын мәнісінде бұл 2 миллион пұт астық аштарға берілген болатын. Қазақстанның аштан қырылуының басты себебі – ет дайындау науқаны. Негізгі қор – мал еті ғана болатын. Бұл жағдайды Мирзоян Сталиннің тікелей рұқсатымен Қытайдан сауын сиыр сатып алу арқылы түзеді. Мирзоянды қазақтардың Мырзажан атап кеткені де сондықтан. 9 наурызда Сталинге жазған хатында Мырзажан көмекке 2 миллион пұт астық сұрай отырып, оның 1 миллион пұтын тары түрімен беруін талап етті. Бұл оның алындағы 2 миллон пұт астықтан өзге. Осылайша қазақтарды аштықтан аман алып қалуға тырысты.

– Кей тарихшылар Мырзажанның келуімен елде репрессия басталды дегенді айтады.

– Репрессия Мирзоянға тіреліп тұрған жоқ. Кейбіреулер осы мәселеге Алашорданы тықпалайды. Алашордашылар 1928 жылдың басы 1929 жылдың аяғына дейін ұсталып бітті. Алашордашыларға «Батпаққара көтерілісін ұйымдастырды» деген айып тағылды ғой. Ал қызыл қырандар – Т. Рысқұлов, О. Жандосовқа тағылған айыптың сыйқын қараңыз. Оларды «Қытай елінен брюцеллезбен ауырған сиырларды әкеліп, халыққа ауру таратты» деп қинаған. Мирзоянның халықты құтқару жолында жасаған әрекеті осылайша біреулерге қасірет болып жабысты. Ұзақбай Құлымбетовтың, Ораз Жандосовтың осы іске байланысты жауап алған кездегі айтқандарымен таныстым. «Қытайдан ауру сиырларды елге ауру тарату мақсатында әдейі сатып алып келдік», – деп айтады олар. Жандары қысылған болар. Әлде солай айтсаңдар кешірім болады деді ме екен? Себебі оларды қатты азаптаған. Ал Алаш қайраткерлері 1930, 1932 жылдардағы екі соттан кейін бас көтеруге, халықпен байланысуға еш шамасы болған жоқ. Мұны ұмытпаған жөн.

– Алаш тарихын зерттеп жүрген ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай «Ұраным Алаш» кітабында 1924-25 жылдары Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин Сталинге «Қазақстанды қазақ басқара алмайды» деп хат жазды дейді. Содан екі айдан кейін билікке Голощекин келеді…

– Шынын айту керек, ағаларымыздың саяси білімінің таяздығынан осы хат жазылды. Оны жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, Ә. Жангелдин өзін өзгелерден артық санады. С. Сейфуллин де өзін А. Байтұрсыновтан кем санамады. Оның үстіне Мәскеу біздің кедей отбасыларынан шыққан азаматтарымызға уақытша қызметтер беріп, Алаш қозғалысына қатысқандарға айдап салды. Ағаларымыз Кеңес өкіметінің саясатына сеніп, «маған большевиктер сенім көрсетіп отыр» деп, біріне-бірі салқын қабақ танытып отырды. Бұл – қазақтардың мансапқа құмарлығын байқатты. Бұрын болыстыққа құмар еді, енді Кеңес билігіне құмартты. Қызмет мүддесі ел мүддесінен әлдеқайда төмен тұруы керек екенін Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов сияқты қайраткерлер кезінде дәлелдеді.

 

Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор

 (Қазақ тарихының қасіреті көп.  Сұхбат. 21.05 2012 жыл Айқын  газеті) 

Алдыңғы жазбаҚаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сотталды
Келесі жазбаЖаңаөзенде ереуілге шыққан мұнайшылар талаптары орындалмаса, Астанаға баратынын ескертті